
Вагон іші құқықтық тәртіп әскері атқаратын жауынгерлік қызмет жайындағы ақпараттар мен естеліктерге толы. Сондай-ақ осы қызметке қатысты жәдігерлер мен макеттер қойылған.
– Әскери бөлімнің құрылған күніне орай концерттік бағдарлама ұйымдастырдық. Оған әскери бөлімнің жеке құрамы және құрметті қонақтар мен ардагерлер арнайы шақырылды. Біз сарбаздар мен сардарларға әскери бөлімнің терең тарихынан сыр шертіп, мерекелік көңіл күй сыйлаймыз. Сондай-ақ іс-шараға айдауылдау вагон мұражайының ашылуын да қостық, – деді 6636 әскери бөлімнің командирі, полковник Ерлан Боранбаев.
Дәстүрлі қызыл таспаны әскери бөлімнің командирі Ерлан Боранбаев пен 13 жыл бойы аудауылдау батальонында қызмет атқарған запастағы полковник Аманжол Елеуқұлов кесті. Осыдан кейін Әскери бөлім күніне арнайы келген қонақтар мен ардагерлер музей ішін аралап көрді.
– Мен 22 жыл ғұмырымды осы әскери бөлімде өткізіппін. Бүгін музейге айналған вагонға кіргенде өзім қызмет атқарған шақтар еріксіз ойыма оралды. Мәселен, қабырғада ілінген көне суреттер айдауылдау қызметінің қалыптасу кезеңдері жайында құнды ақпарат беріп тұр, – деп еске алды А.Елеуқұлов.
Вагон-музейдің 6636 әскери бөлімінде ашылуының өзіңдік бір мәні бар. Cебебі 1961 жылы 20 қаңтарда Тың өлкесінің құрылуына байланысты Қазақ КСР Ішкі істер министрінің №016 бұйрығымен Қазақ КСР ІІМ ішкі күзетінің 246 жасағы құрылып, оған №6636 атауы берілген еді. Оның құрамына Петропавл, Қостанай, Павлодар, Атбасар қалаларында, Жолымбет, Вишневка, Құсмұрын, Алексеевка кенттерінде орналасқан 10 команда және 2 жеке топ енді. Жасақ штабы Целиноград қаласында орналасты. Бөлімнің жеке құрамы құрылған сәттен бастап еңбекпен түзеу колонияларын күзету жөніндегі маңызды міндеттерді орындады. Сотталғандарды және сот процестері барысында қамауға алынған адамдарды, сондай-ақ автокөлік және теміржол бағыттары бойынша Ақмола гарнизонының әскери сотында айдауылдауды жүзеге асырды.
Іс-шара барысында Ұлттық ұлан Ән-би ансамблінің солистері мен бишілері әскери бөлімнің сахнасында өнер көрсетіп, Қараөткел ауылдық округінің оқушыларынан құралған «Серпер» тобы әскери қызметшілерге күйден шашу шашты. Сондай-ақ Отан алдындағы қызметін абыроймен атқарып жүрген бір топ әскери қызметші мен сарбаздар марапатталды.
Айта кетсек, қазіргі уақытта бөлімнің жеке құрамы Ақмола гарнизоны соттарының қарауылдарын қамтамасыз ету бойынша қызмет атқарады, сондай-ақ ІІМ Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығын материалдық және қызметтік қамтамасыз етумен айналысады. Мұнда әр жарты жыл сайын азаматтар еліміздің түкпір-түкпірінен әскерге шақырылып, ант қабылдап, сапқа қосылады.