Өндіріс • 28 Қаңтар, 2025

«Қара алтын» өндіретін көшбасшы кәсіпорын

934 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Еліміздегі мол мұнайды игеріп жатқан отандық өндірушілердің көш басында «Ембімұнайгаз» АҚ тұр. Компания тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен басталады. Негізгі бағыты – геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау.

«Қара алтын» өндіретін көшбасшы кәсіпорын

«Ембімұнайгаз» АҚ бас директоры Ринат Ізмұханбеттің мәліметінше, мұнайшылар былтыр 2,79 млн тонна көмірсутекті шикізат өндіріп, жоспар 17 мың тоннаға асыра орындалыпты. Енді Батыс Прорва кен орнындағы газ шоғырын игеру үшін инфрақұрылымды кеңейту жұмыстары қолға алынып отыр. Аталған жобаны үш кезеңмен іске асыру көзделеді.

«Биылғы маусымда бірінші кезеңі іске қосылады. Бұл компанияның мұнай өндіру көлемін жылына 45 мың тоннаға, газ өндіруді 160 млн текше метрге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. 2026–2027 жылдары жобаның екінші және үшінші кезеңін іске асыру жоспарланды. Екінші кезеңде газ дайындаудың өндірістік қуаты 350 млн текше метрге жеткізіледі. Үшінші кезеңде бұл көрсеткіш 600 млн текше метрге ұлғаяды», дейді Р.Ізмұханбет.

Бас директордың айтуынша, биыл Прорва кен орнындағы мұнай дайындау және айдау цехын реконструкциялау және жаңғырту жобасын әзірлеу жұмыстары бас­талады. Аталған жоба ескірген жаб­дықты кезең-кезеңімен ауыс­тыруға, технологиялық схеманы жаңартуға бағытталып отыр. Бұл жабдықтың сенімділігін арттыруға және өнім беруді жылы­на 3 млн тоннаға дейін ұлғай­туға жол ашады. Жаңғырту жаңа кен орындарында «қара ал­тын» өндіру көлемінің жоспар­лы ұлғаюына байланысты жүргізіледі.

«Жыл соңына дейін Батыс Қарасор кен орнында мұнай өндіруді бастау міндеті қойылды. Кен орнын игерудің ең жоғары деңгейінде қосымша 60-65 мың тонна мұнай өндіру болады. Тағы бір инвестициялық жоба – Оңтүстік-Шығыс Новобогат кен орнында газ дайындау қондырғысын салу. Кен орындарында игеру жұмыстарын бастау 100 мың тонна мұнай алуға мүмкіндік береді», дейді Р.Ізмұханбет.

пр

Мұндай жобаларды іске асы­рудың тиімділігі неде? Бас директор Ринат Ізмұхамбеттің пікірінше, бұл алдымен мұнай мен газ өндіру көлемін ұлғайтуға серпін береді. Екіншіден, ком­панияның тұрақты дамуын қам­тамасыз етеді. Үшіншіден, өңір­дегі әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға оң әсерін тигізеді.

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ бас­қар­ма төрағасы Асхат Хасенов­тің мәлімдеуінше, отандық мұ­найшыларға ескі кен орындарын тиімді пайдалану деңгейіне шығару міндеті қойылып отыр.

Қазір Атыраудағы еншілес компанияның бас кеңсесінде­гі визуализация орталығының функционалды мүмкіндігі кеңейген. Өндірістік қызметті тиімді басқару және деректерге сараптама жүргізу үшін технологиялар ұдайы жетілдіріледі. Орталықтағы монитордан кен орындарындағы мұнай өнді­ру үдерісін, көлік қозғалы­сын бақылауға болады. Мәселен, Қызылқоға ауданындағы «Уаз» кен орнында 2016 жылы «Ин­теллектуалды кен орны» жобасы іске қосылған. Бұл – жаңа инновациялық технология трансформациялау бағдарламасы ая­сындағы қанатқақты жобаның бірінші кезегі. Ал интеллектуалды кен орны – мұнай қорын оңтайлы игеру үшін басқару пультіне ұңғымалардан ақпаратты беруге жол ашатын инновациялық технология. Мамандардың тү­сіндіруінше, біріншіден, интеллектуалды ұңғымалардың дерегі үздіксіз өңделеді. Екінші­ден, жедел бақылау жүргізіледі. Үшіншіден, шұғыл шешімдер қабылдау үшін ақпараттарға мониторинг жасалады.

Компанияда тиімділігі дә­лелденіп отырған тағы бір цифр­лық бастама – жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған «Сапарларды басқару» жобасы. «Ембімұнайгаз» АҚ-да көліктер мен арнайы техни­ка­лардың жылдамдығы, қозға­лысы, тіпті бағытынан ауытқу мен жүргізушінің, не өзге ма­ман­ның қауіпсіздік белдігін таққа­ны не тақпағаны арнайы мониторда көрініп тұрады. Көлік құралдарының бірыңғай мони­торингі қызметінің нәтижесінде жол-көлік оқиғаларының саны күрт азайып, жанармайды үнем­деу үлесі артқан.

Қазір «Ембімұнайгаз» АҚ мұнайшылары төрт ауданнан мұнай өндіреді. Соның бірі – қазақ мұнайының алғашқы тамшысы алынған Жылыой ауданы. Мұнда екі кәсіпорынның бірігуімен қайта құрылған «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы бар. Компанияның бұл ауданда кен орны да, мұнайшысы да көп. Прорва кен алаңындағы ілеспе газды кешенді дайындау қондырғысы 2017 жылы іске қосылған. Оған 90 адам жұмысқа тартылған. Қондырғы 150 млн текше метр газ өңдейді. Ілеспе газды өңдеу технологиясы экологиялық қауіпсіз әрі күкіртсутекті жоюда жоғары тиімділікті қамтамасыз етеді. Газды кешенді дайындау жұмысы толығымен автоматтандырылып, төтенше жағдайдан бірнеше деңгейлі қорғаныспен қамтылған. Өңделген газдың 90 млн текше метрі құбырмен жөнелтіледі. 35 млн текше метр газ кен алаңдарындағы өндірістік қажеттілік үшін пайдаланылады. Ілеспе газдың өзге бөлігінен күкірт түйіршіктеледі. Мұнда жылына 2 700 тонна түйіршіктелген күкірт шығарылады.

 

Атырау облысы