
Жиында сөз алған Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Гүлжан Жарасова инженерлік мамандықтарды заманға сай сапалы даярлауда біраз түйінді түйткіл барын айтты. Сол мәселелерді шешу үшін бірқатар жұмыс қолға алынғанын жеткізді. Бұл 100 мыңнан аса болашақ инженер кадрларына қатысты болып отыр. Өйткені қазір 54 жоғары оқу орнында 100 мыңнан аса студент инженерлік бағыттар (бакалавриат, магистратура, докторантурада) даярланып жатыр.
«Қазақстанда инженерлік білім беруде ЖОО-ның материалдық-техникалық базасының ескіруі, ЖОО мен экономиканың нақты секторы арасындағы байланыстың жеткіліксіздігі, жастар арасында инженерлік мамандықтардың тартымдылығының төмендігі секілді бірқатар мәселенің бар екенін мойындаймыз, мұны шешу үшін қазірдің өзінде біршама бастама жүзеге асырылып жатыр. Жаңа модель мектептерде инженерлік сыныптардың ашылуынан бастап ерте кәсіптік бағдарлауды, сондай-ақ техникалық жоғары оқу орындарының өндіріспен толық интеграциясын көздейді. Екіншіден, Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап, 8 ЖОО базасында ірі өндірістік компаниялармен («Үлбі металлургия зауыты» АҚ, «Қазмырыш» ЖШС, «ҚТЖ Жүк тасымалы» ЖШС (Павлодар бөлімшесі), «Ақсу ферроқорытпа зауыты» Қазхром ТҰК АҚ, ЖШС, «Кастинг» және т.б.) бірлесіп «индустриялық РhD» (өндірістік РhD) бойынша дайындық басталды. Бүгінде 94 докторант қабылданды. Докторанттар кәсіпорындардың нақты міндеттерін шешуге бағытталған зерттеулер жүргізеді және кәсіпорындар үшін қажетті ұсыныстар әзірлейді. Осы бағдарлама бойынша докторанттар санын біртіндеп ұлғайту қарастырылған», деді Г.Жарасова.
Министрлік өкілінің баяндауына қарағанда, инженерлік білімдегі түйткілдердің түйінін тарқату жұмыстарының үшінші бағыты – шетелдік әріптестік арқылы сапалы кадр даярлау. Елімзде ашылған шетелдік жоғары оқу орындары филиалдарының бағдарламалары мен мамандықтарының басым бөлігі техникалық бейіндегі кадрларды даярлауға бағытталған. Жалпы, шетелдік серіктес университеттерді іріктеуде жекелеген салалардағы экономикалық қажеттілікке, сондай-ақ өңірлердің сұраныстары мен ұсыныстары ескерілді. Мысалы, Heriot Watt University Британдық жоғары оқу орнының филиалы Ақтөбе университетінің базасында «Электртехника және энергетика», «Тау-кен ісі және пайдалы қазбаларды өндіру» бойынша кадрлар даярлау үшін құрылды. Тараз университетінің базасындағы РХТУ филиалы Химия және химиялық технологиялар саласында кадрлар даярлайды. Бұл тәсіл түлектерге жергілікті кәсіпорындардың сұранысына ие болуға, сондай-ақ халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік береді.
«Төртіншіден, инженерлерді даярлаудың жаңа моделі білім бағдарламаларын әзірлеуден бастап өндірістік тәжірибеден өтуге және кейін жұмысқа тұруға дейінгі жұмыс берушілермен тығыз байланысқа негізделген. Өткен жылы ғана білім бағдарламаларының 71%-ы қазіргі еңбек нарығының талаптарына сай жаңартылды. Еліміздің маңызды салаларының екеуіне тоқталып өтейін. Бұл – атом энергетикасы және су саласы. Атом энергетикасы үшін кадрлар даярлау «Қазатомөнеркәсіп» және басқа да осы саладағы кәсіби ұйымдармен, бейінді министрлікпен ынтымақтастықта жүзеге асырылды. Су саласына келсек, Мемлекет басшысының 2024 жылғы 12 сәуірдегі тапсырмасына сәйкес Тараз гидромелиоративтік-құрылыс институтын қалпына келтіру мақсатында «Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті» жаңа ЖОО құрылды. Қазіргі уақытта бұл университет бас лицензия алды. Аталған университет Финляндия университетімен, Өзбекстанның су саласындағы ұлттық зерттеу университетімен ынтымақтастықты және бірлескен білім бағдарламаларын іске асыру жөніндегі жұмысты жалғастырады. Бүгінгі таңда су саласы үшін кадрлар даярлау еліміздің 9 жоғары оқу орнында жүргізіліп жатыр», деді Г.Жарасова.
Оның айтуынша, бесіншіден, жаһандық контексте мамандықтар мен құзыреттер үнемі жаңарып отырады, мүлдем жаңа мамандықтар пайда болады. Сондықтан қазір инженерлерді даярлаудың бағдарламаларына кәсіби қызметте жасанды интеллектіні (ЖИ) қолдануды оқытатын пәндер енгізілді, сонымен қатар университеттегі барлық мамандықта білім алатын студенттерге ЖИ қолдану дағдылары арнайы пән ретінде оқытылады. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін шетелдік жетекші университеттермен бірлесіп 3 ЖОО базасында ЖИ саласында кадрлар даярлау қамтамасыз етілді. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Сеул Ұлттық ғылым және технологиялар университетімен (SeoulTech), Сәтбаев университеті City University of Hong Kong (CityU) бірлесіп, Д. Серікбаева ШҚТУ-мен Лу Бань шеберханасының базасында ЖИ саласының мамандарын даярлаудың жаңа бағдарламалары енгізілді. Осыған ұқсас жұмыс басқа жоғары оқу орындарында да (Astana IT University, ХАТУ және басқалар) жүргізіліп жатыр.
Баспасөз жиынында баяндама жасаған Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің академиялық басқару жөніндегі вице-провосы Нұрлан Қызылбаев өзі еңбек ететін ЖОО-да инженерлік кадрлар даярлау жаңа моделі туралы тарқатып айтты. Оның пікірінше, қазіргі ғылым, технологиялар және өнеркәсіп салаларындағы заманауи сын-қатерлер инженерлерден жоғары біліктілікті, инновацияларға дайындықты және жедел өзгерістерге бейімделу қабілетін талап етеді. Осы талаптарға сай болу үшін университеттер білім бағдарламаларын жаңартуы қажет.
«2024 жылдың қыркүйек айынан бастап Satbayev University және ШҚТУ жаңа инженерлік білім беру моделін енгізді. Алдағы уақытта бұл модельге тағы үш университет қосылады, содан кейін тәжірибе бүкіл ел бойынша таратылады. Осы модель аясында Satbayev University білім бағдарламаларын еңбек нарығының талаптарына сәйкес бейімдеп жатыр. Роботтехника, жасанды интеллект, тұрақты даму және цифрлық технологиялар бойынша жаңа курстар, заманауи зертханалар мен ғылыми орталықтар ашылып, инновациялық білім беру технологиялары (онлайн-курстар, симуляторлар, виртуалды шындық) енгізілді. Satbayev University АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Корея елдерінің оқу орындарымен келісімдер жасасты, оның ішінде The Pennsylvania State University, City University Of Hong Kong бар. Өнеркәсіппен серіктестік те маңызды рөл атқарады. «Astana Motors», «Alageum Electric», «KAZ Minerals», «Самрұқ-Энерго» сияқты ірі компаниялармен бірлескен жобалар, өндірістік практика және тағылымдамалар жүргізілді. Дуалды оқытуды енгізу маңызды аспект саналады, студенттер нақты кәсіпорындарда тәжірибе жинақтайды. Қазіргі уақытта серіктес компаниялардың базасында 29 кафедра филиалы құрылды», деді Н.Қызылбаев.
Спикердің айтуынша, аталған университетте кәсіпкерлікке бағытталған 25 инженерлік жоба жүзеге асырылып жатыр. Ал Satbayev University ұсынған «Өндірістік PhD» бағдарламасы «Kaz Minerals», «Самрук-Энерго» және басқа да серіктес компаниялардың мамандарына арналған. Университет энергетика, металлургия, тау-кен инженериясы және мұнай-газ саласында мамандар даярлау үшін «Қазмыс», «Қазатомпром», «ҚазМұнайГаз» сияқты өнеркәсіптік компаниялармен белсенді ынтымақтастық орнатып отыр.