
Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Дәрілік препараттардың бағасын қалыптастыру үдерісі толығымен цифрландырылған. Өтініш берушіге баға белгілеумен айналысатын сарапшылармен тікелей байланысудың қажеті жоқ. Қазірде бизнес үдерістерді қайта құруға ерекше назар аударылып отыр. Себебі алдыңғы жүйе 5 жылға дейін созылуы мүмкін үдерістің көлемі мен ұзақтығы үшін сынға ұшыраған еді. Денсаулық сақтау министрлігі жұмысты үйлестіру барысында цифрлық технологияларды, «бір терезе» қағидатын пайдалана отырып, фармацевтикалық нарыққа қатысуға өтініш берушілерге барынша жағдай жасауға ұмтылып отыр. Мұның жай-жапсарын Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев баспасөз мәслихатында айтып берді.
«Бір терезе» қағидаты бойынша қайта құру (реинжиниринг) жүргізілді. Нәтижесінде, өтініш беруші түпкілікті тіркеу куәлігін алады. Дәрілік препараттың шекті құнын анықтаудан, өтініш берушінің өтінішіне сәйкес берілген өтінімді ескере отырып, барлық қолда бар тізімдерге, яғни ұлттық формуляр, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тізімі, СҚ-Фармацияның бірыңғай дистрибьюторы номенклатурасының тізбесі енгізуден бірден өтеді. Осылайша, баға белгілеу тетігі биыл іске асады, оны қыркүйекте таныстырамыз», дейді Е.Нұрлыбаев.
Дәрі-дәрмек бағасын қалыптастыру үдерісінің үлгісін жаңғырту қазірдің өзінде кезең-кезеңімен іске асып жатыр. Нәтижесінде, барлық рәсімді оңтайландыру мен автоматтандыруды қоса алғанда, дәрілік заттарды тіркеу үдерістерін қайта құру – препараттардың нарыққа шығу уақытын 5 жылдан 2 жылға дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
«СҚ-Фармация» өтінім беруші компанияның алдын ала қорытындысына сәйкес 1727 дәрілік препарат атауын сатып алу қажет болса, оның 1581-і бойынша жеткізу шарттары жасалған. Сәйкесінше, 4 қаңтардан тауарлар беріле бастаған. Бірыңғай дистрибьютор дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді мүмкіндігінше ерте бастауы қажет барлық іс-шараларды қабылдаған. Басқа препараттарға қатысты сатып алу үдерістері жалғасып жатыр. Бөлінген қаражаттан 57 млрд теңге үнемделген, алда бұл сома ұлғаяды. Үнемделген қаражат халықты дәрілік препараттардың қажетті көлемімен қамтамасыз етуге жұмсалады.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен дәрілік препараттардың азайтылмайтын қорын анықтауға қаржы бөлінді. Қажетті дәрі-дәрмек сатып алынады. Жыл соңында, өтпелі кезеңде, осы қор есебінен ел азаматтарын дәрілік препараттармен үздіксіз қамтамасыз ететін боламыз», деді Е.Нұрлыбаев.
Дәрілік препараттарға өтінімдерді қалыптастыру үдерістерін оларды дербестендірілген есепке алу қажеттігіне қарай цифрландыруға ерекше назар аударылған. Яғни өтінімді учаскелік терапевтер жасай бастайды. Осылайша, тағайындалған емге сәйкес жекелеген пациентке жылдық өтінім қалыптасады. Одан әрі каскадтық әдіспен қалыптастыру емханалар, қала, облыс бөлінісінде дәрілік қамтамасыз етудің ақпараттық жүйесінде жүргізіледі. Препаратты пациентке беру кезінде сәйкестендіру әдістері, оның ішінде биометриялық технологиялардың көмегі пайдаланылады. Азаматтардың мүмкіндіктері мен жас ерекшелігін ескере отырып, бірнеше әдіс-тәсіл қолданылады. Бұл бірінші кезекте емханадан дәрі-дәрмек алып жүрген созылмалы сырқаты бар пациенттердің уақытын үнемдейді. Олар енді сарылып кезек күтпейді.