Қоғам • 04 Ақпан, 2025

«Алтын жас»: зейнеткер әлеуеті

48 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Алтын жас» жобасы Қара­ғандыда да қанат қақ­ты. Бағдарламаны жүзеге асы­руға облыстық бюд­жет­­тен арнайы қаржы бөлінді. Қазіргі уақытта жеке­­меншік білім беру орта­­лықтары көп. Зейнеткерлердің көбі­сі сол жерде сабақ беріп жүр.

«Алтын жас»: зейнеткер әлеуеті

Облыс әкімдігімен аймақтағы 146 білім беру орталығы осы жоба ая­сында келісімшартқа қол қойған. Орталық­тарға 96 зейнеткер жұмыс­­қа қабыл­данған. Жоба аясында жұмысқа орна­лас­қан зейнеткерлер «2025–2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңмен бекітілген ең төменгі жалақы мөлшерін, 85 мың теңге алады. Зейнеткер жалақысының жартысы субсидияланса, қалған жартысы жеке кәсіпкердің есебінен төленеді.

Қарағанды облысы бойынша еңбек мобиль­ді­лігі орталығының директоры Нұржан Сыздықов ортақ келісімге келген білім беру ұйым­­дарына 641 зейнеткерді жұмысқа орна­лас­­­тыруды ойластырып отырмыз дейді. Осы мақсатта жұмыс беруші тарап алдын ала Мансап орталықтарына өтініш береді. Жоба аясын­­да жұмысқа қабылдануға ерлер – 63 жас­­­тан, әйелдер – 61 жастан асып барып қана өтініш жолдай алады.

– «Денсаулығым жақсы, жұмыс істеуге шамам келеді, ниетім бар» деген зейнеткерлер болса, біздің тараптан қолдау бар. Егер ол кісі басқа салада қызмет істеп зейнетке шықса, онда күзет қызметіне орналастыра аламыз. Хабар­ласқан әр зейнеткерге жұмыс ұсынамыз. Жыл соңына дейін 500-ге жуық зейнеткерді жұмыс­пен қамтысақ деп отырмыз, – дейді Н.Сыздықов.

«Алтын жас» жобасы аясында жұмыс істеп жатқан зейнеткердің бірі – Ләззат Асылбекова. Педагог Қарқаралы ауданы, Томар ауылының мектебінде 42 жыл бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етіп зейнеткерлікке шыққан. Қолы босап, қалаға қоныс аударған соң үйге сыймадым дейді. Жобаның шарапатын сезінген ұстаз «Қазсарапсервис» ЖШС-на тиесілі орталықта жұмысқа қабылданады. Мектепке дейінгі даяр­лық бөлімінде сабақ береді. Әзірге түске дейін балаға, түстен кейін 2-4 сынып аралығындағы 8 балаға қосымша саба­ғын өткізеді.

Бұл орталықта жоба аясында жұмыс істеп жат­қан әзірге Ләззат Кәрібайқызы ғана. Орта­­­­лық басшысы екі ағылшын тілі мен екі бас­тауыш сынып мұғалімін жұмысқа алуға өтініш беріп қойыпты. Олардың да жұмысқа орналасатын күні алыс емес.

Дария Нурекина да осы жобамен жұмысқа орналасқан зейнеткердің бірі. Ол Қараған­ды­дағы «Aisha» ЖШС тиесілі «Happy kids» орталығында мектепке даярлық курсын өткізе­ді. Ғұмыр бойы ұстаздық қызмет атқар­ған. Шет ауда­ны, Ақжал кентіндегі мек­тепте 44 жыл бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек еткен. Зейнет демалысына 2016 жылы шығып, қалаға қоныс аударады. Он жылға жуық уақыт өткен соң сүйікті жұмысымен қайта қауышады. Жоба жайлы әлеуметтік желіден көріп қалған зейнеткер бұл мүмкіндікті қалт жібермейді.

– Зейнетке шыққаннан кейін біраз уақыт дем алдым. Қырық жыл ғұмырымда тақта алдында тұрғаннан болар, үйде көп отыра алмадым. Балаларым күні бойы жұмыста. Немерелерім де сабақта. Үйде өзім ғана қаламын. Жұмыс іздеп көріп едім, әлеуметтік желіден «Алтын жас» жобасы туралы білдім. Толық ақпарат алып, өтініш қалдырдым. Жұмыс орным үй­дің ірге­­сінде. Жаяу қатынаймын. Жобаның жетек­ші­леріне алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – дейді Д.Нурекина.

Қазір Дария Жаманқұлқызының 10 оқушысы бар. Таңертеңгі 9-дан 12-ге дейін мектепке даярлық курсын өткізсе, түстен кейін 7-13 жас аралығындағыларға қосымша сабақ береді. Оқу үлгерімі жақсарған балалардың ата-аналары білікті педагогке алғыс білдіреді.

«Happy kids» орталығы екі ауысыммен жұмыс істейді. Мұнда бастауыш сынып оқу­шы­лары мен мектепке даярлық жасындағы, яғни бестен жеті жасқа дейінгі балалар дәріс алады.

– Бүгінде балалар бес жаста балабақшаны тәмамдайды. Көп ата-ана баласын мектепке ерте бермейді. Осы мәселе жөнінде ата-аналар ұсыныс білдірген соң курсты қолға алдық. Мұнымен қоса бастауыш сынып оқушыларына арналған «Ұзартылған күн тобы» бағдарламасы сәтті жұмыс істеп тұр. Ата-аналардың өтініші­мен бағдарламаға баланы тасымалдау қызметін де қостық. Мектептен баланы өзіміз алып келіп, үй тапсырмасын бірге орындаймыз. Тамағын да осы жерде ішеді, – дейді қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Әсия Рышкен.

 

Қарағанды облысы