
Облыстық жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау басқармасының бөлім басшысы Бектұрған Масатовтың мәліметінше, су тасқынының алдын алу жұмыстарына 1 511 адам, 244 техника, 187 мотопомпа, 20 жүзу құралы, 3 тікұшақ тартылады. Болуы ықтимал су тасқынына 48,5 тонна жанар-жағармай, 235 тонна инертті материал, 300 мыңнан астам қапшық, 69 дана шатыр, 5 мыңнан астам төсек жабдығы дайын тұр.
«Атырау қаласының маңындағы Соколок каналының жанынан 24 шақырым қосымша арна қазылып, түбі тереңдетілді. Гогольский каналының 30 шақырымында дәл осындай жұмысты атқару қолға алынды. Ені – 18, тереңдігі – 2 метр. Осы кезге дейін 14 шақырымын-дағы жұмыс аяқталды», деді Б.Масатов.
Облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиевтің мәліметінше, Индер ауданында орналасқан 80 шақырымдық Ақсай каналында жөндеу жұмысы аяқталды. Канал 1984 жылы пайдалануға берілген.
«Бұл – каналға кейінгі 40 жылда жүргізілген ауқымды жұмыс. Енді оның нәтижесі қандай болады? Алдымен күрделі жөндеуден соң шаруаларды сумен қамту үздіксіз жүргізіледі. Екіншіден, мал суаруға су беру сапасы жақсарады. Каналдың бастау бөлігінде 2 агрегаты бар НАПЭ-1,1 маркалы жүзбелі насос стансасы қойылды. Су арнасын жаңғырту жобасы жасақталып, оның құрылысына Су ресурстары және ирригация министрлігі арқылы республикалық бюджеттен 2022–2024 жылдары 1058,9 млн теңге қаржы бөлінді», дейді М.Мурзиев.
Бөлінген қаржыға канал арнасы аршылып, 8 су қоймасы тазаланған. Оның ішінде төртеуі жаңадан қазылса, төртеуі бұрыннан бар.
«Бұрыннан тұрған жүзбелі насос күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңа трансформатор орнатылды. Су есептейтін 1 гидробекет тұрғызылып, насос стансасының аумағы қоршалды. Су реттегіш 1 гидротехникалық құрылғы, 9 өткел жаңадан тұрғызылды. Осындай ауқымды жұмыстың нәтижесінде, Ақсай каналынан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің сұранысына сәйкес 1 мың 400 гектар суармалы егістікке, 60 мың гектар жайылымдық алқапқа суды үздіксіз жеткізуге болады», деп мәлімдеді М.Мурзиев.
Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрберген Құсайыновтың айтуынша, Құрсай каналы мен Жем өзенінің арнасын тереңдету жобасы іске асырылып жатыр. Су арнасының екеуі де Жылыой ауданында орналасқан.
«Жалпы ұзындығы 95 шақырымды құрайтын жоба аясында Құрсай каналының 46,1, Жем өзенінің 48,9 шақырымын тереңдету жоспарланды. Жоба жоспарына су арналарының жағалауына 61 шақырым бөгет салу енгізілді. Осы кезге дейін Құрсай каналының 35 шақырымының ені 28 метрге кеңейтіліп, түбі 4 метрге тереңдетілді. Жағалауы бекітілді. Жем өзенінің 25 шақырымында осындай жұмыс атқарылды. Су арналарының 61 шақырымына бөгет соғу жоспарланған еді. Қазір оның 10 шақырымында жұмыс аяқталды», деді Н.Құсайынов.
Жылыой ауданындағы былтырғы тамызда басталған жұмысқа 450 адам, 204 техника тартылған.
«Жем өзенінің жағалауында бөгет салудағы мақсат – Құлсары қаласын тасқын судан қорғау. Бөгет қаланы айнала салынып жатыр. Тасқынның алдын алу жұмыстары көктемге дейін аяқталады», деді Н.Құсайынов.
Махамбет аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Ерлан Жұмашевтің айтуынша, Жайық өзенінің жағалауында 17 елді мекен орналасқан. Жағалаудағы бөгеттің жалпы ұзындығы 116 шақырымды құрайды.
«Қазір Махамбет, Алға ауылдарында Жайық өзенінің жағалауын бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жағалауға арнайы бетон блок қойылып, қиыршық тас пен гидрооқшаулағыш материал төселді. Өзендегі су деңгейін бақылайтын қосымша инженерлік құрылымдар орнатылды. Махамбет ауылында бұл жұмыстың 65, Алға ауылында 30%-ы орындалды. Аудан әкімдігі жобаның іске асырылуы мен құрылыс жұмыстарының сапалы жүргізілуін қадағалауға алды», дейді Е.Жұмашев.
Бас маманның пікірінше, қиыршық тасты төсеу әдісі су эрозиясына төзімділікті арттырады. Сондай-ақ жағалаудың тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Топырақты нығайтатын тас төселген соң жағалауды абаттандыру, көгалдандыру шараларын қолға алу жоспарланып отыр. Тұрғындарға зиянсыз, экологиялық қауіпсіз әдістер пайдаланылады.
«Жайық өзенінің Махамбет, Бақсай, Сарайшық, Бейбарыс, Есбол, Ақтоғай ауылдарындағы жағалауында 28 шақырым бөгет нығайтылды. Енді жаңадан 8 шақырымдық тосқауыл салынып жатыр. Оны атқаруға 20 адам, 18 техника тартылды», дейді Е.Жұмашев.
Қызылқоға ауданының әкімі Қанат Әзмұхановтың айтуынша, ауылдық округтерге су тасқыны қаупін төндіретін екі өзен бар – Ойыл, Ноғайты.
«Бастауын Ақтөбе облысындағы Мұғалжар тауынан алатын Ойыл өзені аудандағы 7 ауылдық округтің аумағымен ағып өтеді. Біраз жыл бұрын бұл өзен суы тартылып, экологиялық апат алдында тұрды. Кейінгі үш жылда Ойыл өзені арнасынан асып, жағалаудағы ауылдарға қауіп төндірді. Табиғи сипаттағы апаттың алдын алу мақсатында аудандық арнайы штаб құрылып, тасқынға қарсы тосқауыл болар қауіпсіздік шаралары атқарылды. Биыл селге қарсы дайындық шаралары ерте басталды. Ойыл өзенінің бойында орналасқан ауылдық округтер аумағындағы қауіпті учаскелерде бөгеттерді нығайту, биіктету қолға алынды», дейді Қ.Әзмұханов.
Аудан әкімінің дерегіне қарағанда, 9 ауылдық округтің теңгерімінде ұзындығы 41,2 шақырым бөгет бар. Қазір Миялы, Жангелдин, Көздіғара, Тайсойған ауылдық округтерінде бөгеттің осал тұсын биіктету басталды. Тасшағыл, Жамбыл, Қызылқоға ауылдық округтерінде жағалаудағы бөгетті нығайту мақсатындағы биіктету жұмысы толық аяқталды. Осындай жұмыс енді Ойыл ауылдық округінде басталғалы отыр. Ақпан айына дейін екі өзен жағалауында 26,5 шақырым бөгет биіктетілді.
«Кейінгі жылдары Ноғайты өзенінен Сағыз ауылдық округіне бірнеше рет қауіп төнді. Осыған байланысты аталған өзеннің жағалауын биіктетіп, арнасын құмнан тазалауға шешім қабылданды. Су арнасы кеңейтіліп, 2 шақырым бөгетті нығайту жұмысы аяқталды», деп мәлім етті Қ.Әзмұханов.
Атырау облысы