
Суретшіге талант пен шеберліктен бөлек шынайылық та керек. Жансыз картина көңілді қозғамайды. Ал шынайылықты қандай түстермен, қандай детальдармен беретінін нағыз суретші сөзсіз біледі. Орал Таңсықбаевтың атын аспанға шығарып, қолтаңбасын танытқан да осы шығармаларындағы нәзік шынайылық. Әсем табиғат пен өлке тынысы, ыстық күннің нұры автор қылқаламында өзгеше бейнеленді. Бірімен-бірі таласқан бояулар толқынына ерекше бір жылылық, әуезді әуен қосылды. Ең бастысы, әрқашан өз заманының келбеті менмұндалайды: малын баққан бақташы, өнім терген мақташы, қарбыз еккен, кетпен көтерген диқанын салды. Суреттерінен сол уақыттың лебі, адамдардың жан толқынысы, көңіл күйі сезіліп тұрады. Байқасаңыз, классик кескіндемешінің әрбір көркем туындысында рең, бояу үндестігі, форма, көлем, пластикалық анатомия, ауқымды кеңістік заңдылықтары қатаң сақталған. Шебердің шеберлігіне талас жоқ. Бояу қанықтылығы, реңдердің үндестік нюанстары, байланыс құпиясын дәл тауып, көркемдікке ұластырып, үйлестіре білуі де тек өзіне тән авторлық стильге айналды. Алғашқыда тұрмыстық жанрда, еңбек тақырыбында суреттер салып бастаса, қырқыншы жылдардан пейзаж жанрына біржола бет бұрып, табиғаттың әр күйіне, әр сәтіне, әр түсіне тереңдей қарады. Әр тереңдеген сайын қылқаламы да ұштала берді. Пейзаж сериясындағы жұмыстары «Таңсықбаевтың табиғаты» дейтіндей авторлық деңгейге жетті.
Иә, табиғатпен шын талант қана таласа алса керек. Осындай шығармашылық ізденістен туған бір туынды – «Менің әнім». Автордың 1972 жылы салған картинасы табиғат көрінісімен қатар өмірдің өзін жырлайды. Жалпы, адам жанын тебірентіп, ойын теңіздей толқытатын кез келген шығарманың бойында нәзік бір иірімге ілескен әуен болады дейміз. Бәлки, бұл суреткердің көңіл түкпірінен сызылып жатқан өз музыкасы шығар. Табиғаттың құшағына еніп, тыныштық пен таланттың түйіскен тұсында әлгі әуез кенеп бетіне бояла түсуі таңғажайып күй емес пе? Табиғаттан толқыныс, тыныштықтан ән іздеген суретшінің қылқаламы да мұндай сәтте таудан түскен бұлақтай жүйтки жөнелері хақ.
Өмір деген үйлесім деп жатамыз. Махаббат пен ғадауат, сәттілік пен сәтсіздік, бақыт пен қайғы қатар жүретін тіршіліктің үйлесімін сақтауымыз керек-ті. Кең полотноға толы «Менің әніме» зерделей қарасақ, осы үйлесім заңдылығы еріксіз еске түседі. Суретшінің кемелденген шағында салған бұл жұмысында қабат-қабат мағына бардай. Түстердің, аспан мен жердің, тау мен тастың, қиюласқан тағдырдың, үмітке толы өмірдің үйлесімі көрінеді. «Менің әнім» – Орал Таңсықбаевтың өмір, мейірім мен ізгілік һәм өзі туралы соңғы одасы. Суретші үшін табиғат – тыныштық стихиясы. Сол үнсіздікте жарыққа толы поэтикалық пейзаж бейнеледі. Жұмыстың жалпы колориті күнге көмкерілген тау шыңдарындағы көкшіл түстерден бастап, шатқалда көктеген көк шалғынға дейін суық түстерде салынған. Картинаның шынайылығы соншалық, қарсы алдында тұрып, таудан ескен көктемгі самал желді сезіп тұрғандай күй кешесің. Композиция құруда автордың ауа атмосферасын берудегі өзіндік тәсілі де бірден байқалады. Ашық сары гүлдердің фондағы таулармен контрасты, шеберлікпен түскен күн сәулесі, иірім жол, артқы фондағы таулар мен зеңгір аспан – картинаның бояуын үстеп, тереңге тартады.
Жалпы, Орал Таңсықбаевтың соңғы пейзаждары кеңістіктің кеңдігімен, шексіздігімен ерекшеленеді. Мұнда да сол стиль, сол қолтаңба. Тау мен аспанның ұштасқан тұсында мәңгілік мекен бардай. Мәңгілік мекенде мәңгілік музыка ыңылдайды. Табиғаттың ішкі әуенін тыңдай алатын суретші сол әуезді шығармаларында да бейнелей алды. Өзінің әніне айналдырды.