
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
«Күй таңдайтын жағдай жоқ» дегендей, түрлі себепке байланысты көптеген азамат бұйырған жұмысқа үнсіз келісуге мәжбүр. Онсыз да орнықсыз жағдайға түсіп, тарыққан адамға өз пайдасын бірінші орынға қойып, мойнына міндеттеме алғысы келмейтіндер де тез жолыға кетеді. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, елде келісімшартсыз жұмыс істейтіндердің үлесі – 2,8%. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі де ҰСБ есебіне ұқсас (шамамен 1,2 млн адам). Мұндай заңсыз жұмыс істейтіндердің көпшілігі халық тығыз қоныстанған оңтүстік аймақтарда кездеседі. Мысалы, Түркістан облысында олардың саны 2023 жылы – 139,6 мың адамды, Алматыда – 132,6 мың адамды, Жамбыл облысында 117,4 мың адам болды. Бейресми жұмыспен қамтылғандардың біршама аздығы жекелеген батыс өңірлерде – Маңғыстау (10 мың адам), Атырау (20,2 мың адам), Ақтөбе (27,7 мың адам) облыстарында байқалды.
Мәселеге қатысты өз байламын жуырда елдегі бейресми жұмыспен қамтуға әлеуметтік зерттеу жүргізген «Adam Research» компаниясының талдаушылары да жария етті. Олардың пікірінше, әрбір алтыншы отандасымыз ресми еңбек шартынсыз жұмыс істейді. Нәтижені сараптағанда, сауалнамаға қатысқандардың 16,5%-ы заңсыз жалдау схемасымен жұмыс істейтінін ашық айтқан. Келісімшартсыз істеуге келісім берген ел тұрғындарының егжей-тегжей сауалнамасы мұндай адамдар жиі кездесетін топтарды анықтауға, олардың осындай жұмыс шарттарына келісу себептерін түсінуге мүмкіндік берді. Мәселен, заңсыз жалдау арқылы 18–24 жас аралығындағы әрбір бесінші азамат жұмыс істеп жүр. 13,8%-ы 25–34 жас аралығындағы жұмысшыларға тиесілі. «Үнсіз жұмыс істеу» ықтималдылығы мектептегілер (28,2%) немесе арнаулы орта (19,1%) біліммен айналысатындар арасында да едәуір жоғары көрінеді. Бұл – өсіп келе жатқан жастарымыздың келешегіне кері әсер ететін үрдіс.
Сөз жүзінде келісілген жалдау схемасы құрылыс, қоғамдық тамақтандыру, сауда, сондай-ақ ауыл шаруашылығы секілді іргелі білімді, тар шеңберлі мамандықты талап етпейтін жерлерді жағалап жүр. Яғни жұмыс бағыты өнеркәсіппен, ғылыммен немесе біліммен тікелей байланысты емес. Осы азаматтардың тұрғылықты жерде үш жылдан аз уақыт тұрғандардың төрттен бірін (24,9%) құрауы оларды ішкі көшіп-қонушылар ретінде сипаттауы мүмкін. Сөйтіп, көлеңкелі жалдау негізінен ауылдық жерлерде (18,1%) көбірек таралып отыр. Демек бұл – жұмыссыздық деңгейі жоғары, жұмысқа орналасу мүмкіндігі шектеулі ауылдық жерлерде жиі кездеседі деген сөз. Қосымша табыс көзін іздеуге мәжбүрлік оларды ресми тіркеусіз еңбек етуге итермелейді.
Оған қоса, еңбек шартынсыз жұмыс табысы орташа деңгейден төмен азаматтар арасында кең тараған. Айына 100 мың теңгеге дейін алатындардың арасында ресімдеусіз жұмыс істейтіндердің үлесі – 20,8%, жалақысы 100 мың теңгеден 200 мың теңгеге дейінгі қызметкерлер арасында – 23,1%. Елімізде өткен жылы белгіленген ең төменгі жалақы 85 мың теңгені, орташа жалақы 390,3 мың теңгені құрады. Еңбек шартынсыз жұмыс тұрмысы төмен адамдар арасында жиі кездесетіні жөніндегі болжам сұралғандардың отбасыларының жалпы табысы туралы жауаптарына сәйкес келеді. Табысы 100 мың теңгеге дейінгі отбасылардың 26,9%-ның жұмыс істейтін мүшелері көлеңкелі жалдау арқылы күн көруі мүмкін. Сондай-ақ 100 мыңнан 200 мың теңгеге дейінгі табысы бар отбасылардың 20,8%-ында жалақыны конвертпен алатын қызметкерлер бар.
Келісімшартсыз жұмыс істейтін қызметкердің үнемі тәуекелмен өмір сүретіні талай айтылып келеді. Басқасын айтпағанда, өндірістік апат немесе төтенше жағдай кезінде жарақат алу ықтималдығы азая қойған жоқ. Елімізде өндірістегі жазатайым оқиғалар 2023 жылмен салыстырғанда 4,5%-ға сәл азайғанымен, абсолюттік статистика әлі де алаңдатарлық. Еңбекті қорғау саласында түрлі стандарт пен технологиялардың енгізіліп жатқанына қарамастан, өткен жылы 202 жұмыскер қаза тауып, 1408 жұмыскер жарақат алған. Қайғылы оқиғалардың жиілік коэффициенті 1000 жұмыс істеушіге шаққанда 0,20%-ды құрап, жұмыскер үшін тәуекелдің жоғары деңгейін дәлелдеп отыр. Негізгі себеп – өндірістің қанағаттанарлықсыз ұйымдастырылуында (35,5%), қауіпсіздік ережелерінің (7,6%), автожол ережелерінің (8,2%) бұзылуында жатыр.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпарына сәйкес ең көп зардап шеккендер Қарағанды облысында (159 адам), Шығыс Қазақстан (124), Павлодар (112), басқа да өнеркәсіптік өңірлерде тіркелді. Барлық жарақат алу жағдайының 28,4%-ы тау-кен металлургия кешені мен құрылыс саласына шоғырланған. Көрсеткіштер қауiпсiздiк нормаларының сақталуына жүйелiк бақылаудың әлсiздігін аңғартады. Шахталар мен кеніштерде еңбек қатынастарын заңдастыруға қатаң мән берілетіні мәлім, бірақ қаптаған құрылыс нысанындағы мәселенің мән-жайы күңгірт. Онда қысы-жазы жұмыс істейтіндердің қаншасы еңбек шартымен қамтылғаны, оқыс жағдайға ұшыраған ресми жұмыс істейтіндердің статистикасы белгісіз.
Сақтандыру туындаған жағдайда жұмысқа ресми орналаспаған зардап шегуші Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке жарамсыздық бойынша төлемдер мен жәрдемақылар ала алмайды. Асыраушысынан айырылған жағдайда бейресми жұмыс істеушінің отбасы МӘСҚ-ға үміт арта алмайды. Еңбек шартынсыз жұмыс істейтін адамға емделу мен демалыс та арман. Статистика мамандары елімізде жалдамалы қызметкерлердің 9,3%-ы ауырғанда төлем алмайтынын, ал 8%-ы ақылы демалысқа бармайтынын айтады. Сол секілді келісімшартсыз, әлеуметтік аударымдарсыз жұмыс істейтін әйелдер бала туылғаннан кейін 1,5 жасқа дейінгі күтім бойынша жәрдемақы ала алмайтынын да ескерген жөн. Жұмыс берушілері міндетті зейнетақы жарналарын аудармаған заңсыз жұмыскерлердің тиісті жасқа келгенде зейнетақының жинақтаушы бөлігіне де қолы жетпейді. Мәселен, 2023 жылы зейнетақымен қамтылмаған жалдамалы қызметкерлердің үлесі 5% болған. Осылайша, бейресми негізде жұмыс істейтін жұмысшылар зейнетақы аударымдары, медициналық сақтандыру, ақылы демалыс, басқа да жеңілдіктерден тыс қалады. Еңбек шартын жасамағандар көбіне жұмыс берушілер тарапынан жалақы, еңбек жағдайлары, жұмыс кестесі, басқа аспектілерге қатысты кепілдіктерден қағылады. Олардың сотқа немесе еңбек инспекторларына жүгіне алмайтынын білетін жұмыс берушілер жалақыны төмендетуі, қосымша жұмыс уақытын талап етуі немесе жұмысшылардың еңбек құқын бұзуы мүмкін.
Бейресми жұмыс әлеуметтік-экономикалық тұрақтылыққа, еңбек қатынастарының бүкіл жүйесіне сын-қатер тудыратыны айтпаса да белгілі. Жаңа жұмыс орындарына, ресімделген еңбекке жұмыссыздар көп шоғырланған ауылдық жерлер мен шағын қалалардың халқы мұқтаж. Мәселенің шешімі заңнаманы жақсартумен, жаңа жұмыс орындарын құрып, қызметкерлерді әлеуметтік қорғау деңгейін арттырумен, сондай-ақ салада бақылауды күшейтумен байланысты. Салмақты реформа жұмыс орындарын тіркеу рәсімін жеңілдетіп, ресми жұмысқа орналасудың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға тиіс. Заңнаманың сақталуын қатаң бақылау еңбек жағдайларын үнемі тексеруді, сондай-ақ жұмыс берушілердің салықтар мен әлеуметтік жарналарды төлеуден жалтарғаны үшін жауапкершілігін қамтиды. Қызметкер өз құқықтары мен мүмкіндіктерін, жұмыс беруші еңбекті заңдастырудың артықшылықтарын түсінген сәттен еңбек етудің шынайы, біркелкі жүйесі қалыптасады.