Қоғам • 06 Ақпан, 2025

Бала келешегі – балабақша кезегінен

226 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Ұлттық білім беру деректер қорының мәліметі бо­йынша, елімізде 986 мыңнан аса баланы қамтитын 11 681 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде 5 476 мемлекеттік балабақшаға – 467 мың бала, 6 205 жеке­мен­шік ұйымға 519 мың бала барады.

Бала келешегі – балабақша кезегінен

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Мемлекеттік тапсырыс екінің біріне берілмейді

Жалпы, балабақша жетіспеу­шілігі әсіресе, үлкен қалаларда күрмеуі қиын күрделі мәселе екені белгілі. Кей өңірлерде айлап-жылдап күтсе де, баласы мек­­тепке барғанша кезегі жыл­жы­­­май қойған отбасы­лар­дың ре­ніші де көп. Осы орайда еліміз бойын­ша ба­лабақша кезегіне тұру тәрті­біне тағы да өзгеріс енгізіле бастады.

Мектепке дейінгі білім беру саласындағы мемлекеттік саясат барлық бала үшін қол­жетімділікті қамтамасыз етуге, тең мүмкіндіктер қалып­тас­­­тыруға бағытталған. Сон­дық­­тан мемлекеттік тапсырыс екі­­нің біріне емес, Оқу-ағарту ми­­нистрінің 2022 жылғы 27 та­мыз­­дағы бұйрығымен бекі­тілген та­лаптарға сәйкес келе­тін мектепке дейінгі ұйымдарға беріледі.

Білім беруді дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына 2-ден 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен, оқытумен қамту мақсатты индикаторы енгізілген. Осының аясында жергілікті атқарушы органдар 2023–2027 жылдарға мектепке дейінгі ұйымдарды пайдалануға беру бойынша кезең-кезеңімен іске асатын жұмыс жоспарын бекіткен. Жоспарлы, жүйелі қадамның арқасында 2023 жылы 66 мың, былтыр 78 мыңға жуық орын ашылыпты.

Балабақшалардың жұмысын үйлес­ті­ру­дегі ауқымды өзгерістердің бірі – вау­чер­лік қаржыландыруға байланысты. Жаңа модель қанатқақты жоба ретінде ен­гі­зіл­ген. Ваучерлік қаржыландыру – кезекті азай­тып, ата-аналардың қалауы бойынша балабақшаны ауыстыруға, сондай-ақ балабақшаға келмейтін балаларды жалған тіркеу фактілерін жоюға мүмкіндік береді. Мектепке дейінгі ұйымдардың мемлекеттік тапсырыс алуын жеңілдетіп, жылдамдатады. Оқу-ағарту министрлігі берген ресми ақпаратқа сүйенсек, былтыр балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен, оқытумен қамтудың жоспары орындалған.

                        

Талап баршаға ортақ

Мектеп жасына дейінгі балаларды мейлінше балабақшамен қамтуда мем­лекеттік тапсырыс мемлекеттік-жеке­меншік әріптестік есебінен де ұйым­дас­тырылады. Әр баланың әлеуетін жан-жақты дамытуды, құқығын, өмірін қор­ғау­ды, денсаулығын нығайтуды қам­тамасыз ету мақсатында мектепке дейінгі ұйымдар меншік нысанына қарамастан, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартын іске асырады. Бұл – балаларды сапалы мектепке дейінгі тәрбиемен, оқумен қамтудың, жеке бизнесті қолдаудың маңызды құралы. Жекеменшік балабақшалар әлеуметтік-экономикалық тиімділікті жақсартуға ық­пал етеді. Жекеменшік ұйымдар да мемлекеттік балабақшалар секілді ереже-талаптарды, стандарттарды қатаң ұстануға тиіс. Жыл сайын осы талаптарды сақтай отырып балабақша ашатын кәсіпкер көбейгенімен, кезек мәселесі толығымен шешілмей тұр. Оқу-ағарту министрлігінің ақпаратында балабақша тапшы өңірлер нақты аталыпты.

«Мемлекеттік тапсырыс орналас­ты­­рылған мектепке дейінгі ұйымдар бар­лық қауіпсіздік талаптарына сәйкес­тігін растайтын құжаттарды тапсырады. Мемлекеттік тапсырысты орналастыруды жергілікті органдар қамтамасыз етеді. Сондай-ақ «Білім туралы» Заңда айқындалған құзыретке сәйкес, мем­лекет­тік тапсырыстың мөлшерін бекітеді. Ұлттық білім беру деректер қорының 2024 жылғы қорытындысына сәйкес, елімізде 2–6 жас аралығындағы балаларды тәрбиемен, оқумен қамту көрсеткіші – 93,1%. Атырау, Ұлытау облыстары мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларында балабақша саны тапшы.

Мектепке дейінгі ұйымдар меншік түріне қарамастан, тәрбие мен оқыту саласын реттейтін нормативтік құқықтық актілерді басшылыққа алады. Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығы негізінде бекітілген мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты, Үлгілік оқу жос­парлары, Үлгілік оқу бағдарламасы аясында тәрбиелеп, білім беру үдерісін ұйымдастырады. Стандарт талаптармен оқу жоспарларындағы нор­мативтік жүктемені ескеріп, оқу бағдарламасын орындау – мемлекеттік пен жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарға міндет. «Білім туралы» Заңның 6-бабына сәйкес, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік тапсырыстың мөлшерін бекіту, орналастыруды қамта­масыз ету жергілікті атқарушы органның құзыретіне жатады. Мысалы, өңір әкімдері мемлекеттік тапсырыс мөлшерін бекіткен. Оның көлемі қазір елімізде орташа есеппен 58 000 теңгені құрайды. Мұнда ауыл балабақшасындағы әр балаға мемлекеттен 62 663 теңгеден беріл­се, қаладағыларға 55 305 теңгеден тиеді.

 

Жаңа жүйенің артықшылығы

Балаларды кезекке қою тәртібі тағы да өзгереді. Бұдан былай балабақшадағы әр балаға мемлекеттен қаралатын қаржы баланың балабақша порта­лындағы шотына түсіп отырады. Бала­ларды кезекке қойып, жолдама беруде жергілікті әкімдіктер ақпараттық жүйе­лерді өздері таңдайды. Таңдаған ақпараттық жүйемен келісімшарт жасайды. Келісімшарт негізінде жергілікті жердегі балаларды кезекке қоюмен айналысады. Мысалы, «Indigo» электронды балабақша порталы бар. Астана қаласының тұрғындары балаларын балабақша кезегіне осы жүйе арқылы тіркеп жүргеніне бірнеше жыл болды. Ваучерлік қаржыландыру механизмі енгізілгелі «Indigo»-дан бөлек, өңірлердегі бірыңғай техникалық талаптарға сәйкес келетін 5 ақпараттық жүйенің бәріне бірдей талап қойылған. Сол ережелерге сай келетін ақпараттық жүйелер бүгінде әкімдіктермен келісімшарт жасап, ваучерлік қаржыландыру механизміне көшіп жатыр. Ваучерлік механизмге өткенде кезекте тұрған балаларға жолдама беруді қаржы орталығы қолға алады. Орталық – министрліктің бағы­ныс­ты ұйымдарының бірі саналатын мем­лекеттік мекеме. Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Манара Адамованың айтуынша, жаңа жүйеде кейбір санаттағы отбасыларға жеңілдіктер бұрынғыша сақталған.

– Ваучерлік қаржыландыру меха­низміне көш­кенде жүйеде кезекте тұрған балалар 18 санатқа бөлінеді. Көп­ба­лалы отбасы­лар, ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасы, әскерилердің, дәрігер, мұғалімдердің отбасы, тағысын-тағы болып жалғасады. Мұнда әр санаттың үлесі, салмағы бар. Тізімде 5 жасқа толған балалардың жеке кезегі де болады. Өйткені олар бір жыл болса да мектепалды даярлықтан өтуі керек. Сондықтан ваучер әр санаттың салмақ үлесіне сәйкес беріледі. Жеңілдіктер бұрынғыша өзгеріссіз қалады, – дейді М.Адамова.

Мектепке дейінгі білім беру ұйым­дарын ваучерлік қаржыландыру жү­йесі былтырдан іске аса бастаған. Қанат­қақты жобаға Тараз, Түркістан, Шымкент қала­лары қатысқан. Ваучерлік қар­жы­ландырудың негізгі қағидаттарына тоқ­талар болсақ, осыған дейін балалар бала­бақ­шаға кезекке тұрса, қазір ваучерге кезекке тұрады. Бұрын балабақшаны Білім басқармасы анықтаса, қазір мектепке дейінгі ұйымды ата-ана таңдайды. Сәйкесінше, «Indigo» электронды балабақша порталына да өзгерістер енгі­­зіл­ді. Енді электронды порталда балаға ваучерлік шот ашылады, қаражат бала­бақ­шаға емес, өзіне аударылып отырады.

Кезекке тұру жүйесінде айтарлықтай айырмашылық жоқ. Мысалы, «Indigo» арқылы кезекке тұрарда барлық мәлі­мет­терді ата-ана өзі енгізетін. Ваучерде де дәл солай. Ақпаратты енгіз­генде жүйе ата-анаға баланың қай кезекте тұр­­ғанын көрсететін. Ол да өзгеріссіз қал­ды. Басты артықшылығы, жаңа жүйе арқылы ата-ана мақсатты түрде белгілі бір балабақшаны таңдайды. Балабақшадан бос орын табыла қалса, балаға ваучер ашылады, ата-анаға хабарлама жіберіледі. 

 

Ваучерлік жүйе жемісін берсе игі

Астана қаласындағы №94 «Сұңқар» мемлекеттік балабақшасына барып, жұмыстың жай-күйін, жаңа өзгеріске дайындығын білген едік. Бұл жөнінде ұжымның инновация әдіскері Гүлбала Әбілда кеңінен әңгімелеп берді.

– Жаңашылдықтан кейін жалпы жұмыс үдерісінде айтарлықтай өз­ге­ріс бола қойған жоқ. Жүйе авто­мат­тандырылған соң, бізге артық салмақ түспеді. Ваучерде баланы жеке шоты арқылы қаржыландырады. Мемлекеттік балабақшаларға балалар 2 жастан бас­тап қабылданса, мұнда әр жас санатына орай жеке-жеке ваучерлік кезек болады. Балабақшамыз 309 орынға шақталған. Нақ қазір тек түзету тобында бір ғана орын бос. Бірер күн бұрын өзім де педагог ретінде жұмыстан анықтама алып, 3 жасар баламды ваучерге кезекке қойдым. Маған «жеңілдік санатыңыз бойынша сіз 895-қатардасыз» деген ақпарат келді. Бұл соншалықты ұзақ мерзім емес. Өйткені мамыр–тамыз аралығында бітіруші топтар мектепке барарда көп орын босайды. Астана қаласында шамамен 100 мемлекеттік балабақша болса, соның бәрінде орын босап, мүмкіндік көбейеді. Үдерістің барлығын адам, балабақша емес, «Indigo» жүйесі реттеп отырады. Егер балабақшада орын босай қалса, кезекте бірінші тұрған адамға автоматты түрде ваучер ашылады. Мәселен, біздің балабақшаға кімдер кезекте тұрғанын біле алмаймыз. Бала келгенде ғана танысамыз, – дейді Г.Әбілда.

Ата-ана «Indigo» арқылы деректерін енгізіп, ваучер алған соң, 5 жұмыс күннің ішінде балаға банктен шот ашылады. Ата-ана өздері қалаған балабақшаның кезегіне тұрады. Күту парағына тір­келеді. Онда тұрғылықты мекенжайға жақын маңдағы төрт балабақшаны таңдау ұсынысы түседі. Егер жақын арада сол төрт балабақшаның бірінде орын босаса, бала соған барады. Ата-ана белгілі бір балабақшаны таң­дамай, кез келгеніне барамыз десе, Астана қаласындағы 100 мемлекеттік балабақшаның бірін таңдап, бос орынға бара алады. Жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарға тіркелу тәртібі де осындай. Ваучерлік қаржыландыру жүйесі қанатқақты жоба ретінде былтыр іске аса бастаған қалаларда оң нәтиже көрсетті. Осы қатарға биыл жоба нәтижесін біліп, көріп отырған Орал, Астана қалалары қосылып жатыр. Бастысы, қоғамдағы күлбілтелі мәселенің бірі – балабақша кезегі азайып, осы бағыттағы жұмыс біршама реттелсе, ваучерлік жүйе жемісін берсе болғаны. 

Соңғы жаңалықтар

Қайырымдылықтың сауабы мол

Қоғам • Бүгін, 11:30

Протездеудің шебері

Маман • Бүгін, 11:10

Керек дерек

Digital • Бүгін, 11:00

Қайта жаңартылған көпір

Аймақтар • Бүгін, 10:45

Абдолла ақын ұлықталды

Тағзым • Бүгін, 10:35

Қаламгердің көзілдірігі

Таным • Бүгін, 10:25

Өлең боп өмір кешкен

Руханият • Бүгін, 10:05

Алаш дәрігері

Тұлға • Бүгін, 09:55

Сенім һәм ұрпақ тәрбиесі

Пікір • Бүгін, 09:45

Нияз батыр

Зерде • Бүгін, 09:40

Қарақұрт қаптап кетті

Мәселе • Бүгін, 08:50

Туған жерге тірек болар жоба

Шаруашылық • Бүгін, 08:40

Ауадан бензин жасаған

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:30

Кездейсоқ жаңалық

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:20

Пойыздағы арпалыс

Театр • Бүгін, 08:15

Пайдалы пластик

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:03