Мектеп • 12 Ақпан, 2025

Үш ауысымды мектеп: мәселе қашан шешіледі?

466 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Елімізде үш ауысымда жұмыс істей­тін мектептер әлі де бар. Бұған апат­ты жағдайдағы білім ұяларын қосы­ңыз, бұлар жаңасы салынғанға дейін басқа жерге ауыса тұрса да орын тапшылығын тудырады. Соның себебі­нен бала саны тым көп ұйымдар тағы күшейтілген режімде оқытуы мүмкін.

Үш ауысымды мектеп: мәселе қашан шешіледі?

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Жалпы, бұл талай жылдан бері шешімін таппай келеді. Өйткені оқу ошағының үш ауысымда жұмыс істеуі ең алдымен оқу­шы­лардың денсаулығы мен өмір сапасына, содан соң сабақ үлгеріміне кері әсер етеді. Сол себепті де тап осы түйткіл күн тәртібінен түспей тұр. Мәселе қашан, қалай шешілмек?

Барлық саланы дамытудың кілті – білім сапасын арттыруда. Дамыған елдерде бұл ойдың дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома екені орта білім беру ұйымдарының тек бір ауысымда жұмыс істейтінінен айқын көрінеді. Ал Қазақстандағы кей мектептерге күні бүгінге дейін екі ауысымға көшу арман болып отыр.

Негізі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қызметі­не келген кезден бастап осы жайт­қа баса назар ауда­рып келеді. Сөзі­міз дәлелді болу үшін дәйек­тей кетсек, Президент 2019 жылы 25 сәуірде Білім және ғылым ми­нистрін қабылдауда үш ауысымда оқытуды жою, жаңа мектептер салу­ды маңызды міндет ретінде атап өт­кен. Бірнеше айдан соң, сол жылғы Тамыз кеңесіне арнайы барған Қ.Тоқаев: «Бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған 7014 орта мектептің 128-і үш ауысымда, 31-і апатты жағдайда. 2019–2020 жылдары республикалық бюджетте үш ауысымда оқытуды жою үшін 35 мектептің және апатты жағдайдағылардың орнына 7 мек­тептің құрылысы қарастырылған. Тәуелсіздік жылдарында барлығы 1198 мектеп салынды. Біз халық санының артуына байланысты демографиялық үр­дістерді ескере отырып, мектептер салуды және жаңғыр­ту­ды жалғастыра­­мыз. Алайда ми­нистрлік мектеп құрылы­сына шы­ғындарды қарастыру кезінде, атап айтқанда, нысанды жоспарлаудан нормативке көшу тәсілдерін қайта қарауы керек. Өңірлердің әкімдері жаңа мектептерді жөндеу немесе салу қажеттігін баға­лау мақсатында жергілікті жер­лер­дегі демографиялық және көші-қон көрсеткіштерін нақ­ты қадағалап отыруға тиіс. Мем­лекет-жекеменшік әріптестігі тетіктері арқылы жекеменшік мектептердің құрылысын да қарастыру қажет», деп түйткілдің түйінін тарқату тәсілдерін нақты­лап берді.

Осыдан кейін мәселенің ше­шімі 2022 жылғы Мемлекет бас­шысының Жолдауына енгізі­ліп, нәтижесінде «Жайлы мектеп» жобасы қолға алынды. Үкіметтің ресми сайтындағы 2022 жылы 29 қарашада жарияланған ақ­паратта аталған ұлттық жоба мектептегі орын тапшылығын болдырмауға, апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептер мәселесін толығымен шешуге бағытталғаны жазылған. Негізі, бұған дейін бекітілген «Білімді ұлт» ұлттық жобасында да 2025 жылдың соңына дейін үш ауысымды оқыту жүйесін түпкілікті жою жоспарланған. «Жайлы мектеп» жобасына қай­та оралсақ, мұны іске асыруға бюджеттен тиесілі қаражат, дәлірек айтқанда, 2,6 трлн теңге қарастырылған. Осынша қаржыға 740 мың оқушы орны бар 369 мектеп салу міндеттелген. Енді белгіленген межеге жету барысы қалай?

Газетіміздің 2024 жылғы 5 қазан­дағы санында жа­рия­ланған Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың «Ұлт кел­беті – ұстаз. Бес жылдың бере­келі белестері» атты мақаласында: «Жай­лы мектеп» ұлттық мега жобасы аясында 461 мың оқушыға арналған 217 мектеп құрылысы жүріп жатыр. Бұл өз кезегінде еліміздегі үш ауысымды және оқушы орнына тапшылығы бар мектептердің мәселесін түбегейлі шешуге бағытталып отыр. Жемқорлардан тәркіленген қаржыдан құрылған Ин­ф­ра­­­құрылымды қолдау қоры есебінен ­94 000 оқушы орнына арналған 83 мек­­теп пайдалануға берілді. Жыл сайын ­­300-ге жуық мектеп күрделі жөндеуден ­өтеді, ал кейінгі үш жылдың ішінде 3000-ан ­аса мектеп қайта жаңғыртылып, заманауи құрал-жабдықтармен, роботтехника, ­IT, STEM пәндік кабинеттермен жасақта­лып, оқушылардың қауіпсіз білім алуына мүмкіндік туғызып отырғанын баса атап өткен жөн. Мемлекеттің жүйелі іс-шараларының нәтижесінде бүгін­нің өзінде елімізде 3000 мектеп бір ауы­сымда білім береді. Дегенмен мектептер­дің инфрақұрылымын ретке келтіруде атқа­рылар жұмыстар әлі де баршылық», делінген.

«Жайлы мектеп» жобасын іске асыруда бірнеше тетік қолданылады. Былай­ша айтқанда, құрылыс жұмыстары бюджет қаражаты, мемлекет ақшасын жым­қырғандардан тәркіленген қаржы­дан құрылған Инфрақұрылымды қол­дау қоры есебінен және инвестиция тарта отырып жүргізіліп жатыр. Соның ішінде бір тетік мемлекет-жекемен­шік әріптестігі негізінде 1,2 мың орын­ға мектеп салуға бағытталған. Қоғам­да «Жайлы мектептер жеке бола ма, ұста­ған­ның қолында, тістегеннің аузын­да кете ме?» деген ойлар айтылып жүр. Мектеп салудың бұл тетігі жобада қа­рас­тырылған 740 мың орын­ның 1,2 мы­ңын ғана құрайды әрі құрылысты мемлекет пен жеке сектордың бірлесіп жүргізуіне жағдай жасайды. Мемлекет өз кезегінде Ұлттық банктен базалық мөлшерлемесі 5 пайыздан аспайтындай қарыз бен жер телімін, сондай-ақ жалпы жоба құнының 30 пайызын төлеп береді, соған ғимарат бой көтере­ді, жұмысты бақылайды. Ал кәсіпкер еңбегі үшін заңға сәйкес белгіленген мөл­шерде инвестициялық шығындар мен шартта көзделген басқа да кірістер үшін өтемақы алады. Қысқасы, қос тарапқа да тиімді. Ең бастысы, жобаға жауапты бас мердігер «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамының ресми сайтында жазылғандай, жайлы мектептер жекеменшікте болмайды. Пайдалануға берілгеннен кейін ұлттық жоба шеңберінде салынған барлық білім нысаны жергілікті атқарушы орган­дардың теңгеріміне беріледі. Бұл – жаңа және заманауи мектептерде білім алу тегін әрі қолжетімді болады деген сөз.

Жоғарыда аталған ми­нистр­дің мақа­ласында республикада 106 үш ауысым­ды мектеп бар екені жазылған. Ал Оқу-ағарту министрлігінің өткен аптадағы дерегіне сүйенсек, 2024 жылдың қоры­тындысында елімізде 373 мың оқушы орнына арналған 257 мектептің құрылысы аяқталды, бұл үш ауысымды 42 мектептің мәселесін шешуге мүмкіндік берді. Демек бізде әлі 64 оқу ошағы үш ауысымда жұмыс істеп тұр. jaily-mektep.kz ресми сайтының дерегіне қарағанда, 31.12.2024 жағдай бойынша 2023–2024 жылдары салынатын 218 жайлы мектептің 106-сы пайдалануға берілді, 112-сі кезек күттіріп тұр.

Сөз басында айтылғандай, 369 мектеп 2026 жылға дейін салынып бітуге тиіс. Осының бәрін қосқанда үш ауысымды мектеп мәселесі жойылар деп үміттенеміз. Сеніммен айта алмай отыр­ғанымыздың себебі – табиғи өсім. Елі­мізде жыл сайын орта есеппен 400 мың бала мектепке барады. Халықтың ішкі көші-қоны тағы бар, әсіресе жас отбасылар ауылдан қалаға үдере көшіп жатыр. Бұл да өз кезегінде қалалардағы, әсіресе мегаполистердегі оқушы орнына деген сұранысты еселеп арттыра береді. Жан-жақты жағдайды ескерсек, «Жайлы мектеп» жобасына иек арту мәселені түпкілікті шешпеуі де, тіпті ескі де жаңа астаналардағы оқу ошақтарының керісінше қайтадан үш ауысымда оқытуға көшуіне итермелеуі мүмкін.

Прези­дент айтқан шешімнің екінші нұсқасын тиім­ді іске асыру да лайықты көңіл бө­лу­ді, жүйелі жұмысты қажет етеді. Бұл – жеке­меншік мектептердің құрылысын да қарастыру тетігі. Иә, елімізде жеке мектептер желісін көбей­ту оқушы орнының тапшылығын жоюға септеседі. Есте болса, осыдан он шақ­ты жыл бұрын балабақшаларда орын мүлдем қат еді, «Балапан» бағдарла­масы­мен мемлекет-жекеменшік әріптес­тігі аясында жеке балабақшалар саны жылдам көбейіп, нәтижесінде 3–6 жастағы балалар мектепке дейінгі ұйыммен 100 па­йыз қамтылған. Енді осы тәжірибе орта білімдегі инфрақұрылым жағдайын жақсартуға қолданылмақ.

Алайда жеке мектептер шаруасы да шашетектен. Бұлай деуімізге не түрткі болғанын газетіміздің биылғы 25 қаңтардағы санында жарық көрген «Жеке мектеп: мүмкіндігі мен мәселесі» атты мақаламызды оқыған жұрт түсінер. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылдың қыркүйегіндегі Жолдауында мәлімдегендей, мемлекет жекеменшік мектептерге кепілді төлемдер үшін қыруар қаражат бөледі. Бірақ жеке білім ұялары үкіметтен бө­лінетін қаржыны тым кешіктіріп алады. Мұндай жағдай түптеп келгенде сапаны төмендетеді. Сол себепті де болар, Президент кейінгі Жолдауында: «Жеке мектептердің жұмысын жақсарту шараларын қолға алған жөн», деген. Дәл осы тапсырманы орындау ауқымды әрі кешенді жұмысты талап ететіні анық.

Мақаламыздың басында тақырып­қа арқау болған мәселе қалай, қашан шешіледі дедік. Қалай жүйеленіп жатқанын баяндадық, қашан екенін мемлекеттің жоспарына қарай болжамын жаздық, десе де нақты уақытын біз де дөп басып айта алмадық. Мұның себебін жоғарыда сараладық, ал дәл жауабын үкімет берер. Бәрінен маңыздысы – халыққа іспен жауап беру.

Соңғы жаңалықтар

Қайырымдылықтың сауабы мол

Қоғам • Бүгін, 11:30

Протездеудің шебері

Маман • Бүгін, 11:10

Керек дерек

Digital • Бүгін, 11:00

Қайта жаңартылған көпір

Аймақтар • Бүгін, 10:45

Абдолла ақын ұлықталды

Тағзым • Бүгін, 10:35

Қаламгердің көзілдірігі

Таным • Бүгін, 10:25

Өлең боп өмір кешкен

Руханият • Бүгін, 10:05

Алаш дәрігері

Тұлға • Бүгін, 09:55

Сенім һәм ұрпақ тәрбиесі

Пікір • Бүгін, 09:45

Нияз батыр

Зерде • Бүгін, 09:40

Қарақұрт қаптап кетті

Мәселе • Бүгін, 08:50

Туған жерге тірек болар жоба

Шаруашылық • Бүгін, 08:40

Ауадан бензин жасаған

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:30

Кездейсоқ жаңалық

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:20

Пойыздағы арпалыс

Театр • Бүгін, 08:15

Пайдалы пластик

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:03