Экспорт • 12 Ақпан, 2025

Қостанай ірімшігі Еуропаға экспортталады

164 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өңірге жұмыс сапарымен келген Сауда және интеграция министрі Арман Шақ­қалиев Қостанайдағы бірнеше өнеркәсіп орнына барды. Министр облыс орталығындағы Ин­дустриялық аймаққа ат басын тіреп, «КІА» зауы­тының құрылысымен, «KamLitKZ» шойын құю зауытының өндірісімен танысты. Одан кейін «Баян Сұлу» кондитерлік фабрикасына, сүт өнімдерін шы­ғаратын «Милх» серік­тес­тігіне бас сұқты.

Қостанай ірімшігі Еуропаға экспортталады

Қазақстан мен Ресейге бірдей өтімді «Новый день» және «Просто» сауда белгісімен әйгілі «Милх» серіктестігі ірімшік, сарымай, қаймақ, айран, кілегейден бастап балмұздаққа дейін тәулігіне 250 тоннадан астам сүт өнімдерін шығарады. Компанияның 4 зауыты бар, оның біреуі Қостанайдан 90 шақырым жердегі Меңдіқара ауданы Боровской ауылында орналасқан. Бүгінде төрт зауытта 710 адам еңбек етіп жатыр.

Серіктестік немістің «Deutsches Milchkontor Gmbh» ком­­па­ниясымен бірлесіп, өт­кен жыл­дың қараша айында Боров­­ской ауылында қатты ірім­шіктің жиырмадан астам түрін шығаратын ірі өндіріс орнын іске қосқан.

Кәсіпорынның ғана емес, бүтіндей бір өңірдің өндіріс саласына серпін берген ауқымды жобаға 7,2 млрд теңге инвес­тиция салынды. Кәсіпорын ак­ция­сының 90 па­йыздан аста­мы неміс компа­ния­сына тие­сі­лі. Жаңа зауытқа «Karl Schnel», «Reih» тәрізді әлем­дік та­мақ өндірісінде белгілі неміс ком­­­панияларының өндіріс­тік құ­рыл­­­ғылары орнатылды. Өн­діріс же­лі­­­лерінің бәрі толықтай авто­мат­­ты жү­йеде жұмыс істейді. Ауыл өні­мін әлемге таратып жат­қан кә­­сіп­­­орында 35 адам еңбек етеді.  

«Милх» өнімдері бүгінде еліміздің барлық аймағына, Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петер­бург, Челябі, Новосібір, Ор, Петропавл-Камчатск, Иркутск, Саха өңірлеріне экспортталады.

Мұның сыртында, компания өз өнімдерін Батыс Еуропа нарығына шығаруды көздеп отыр. «Милх» серіктестігінің Германиядағы әріптесі «Deutsches Milchkontor Gmbh» компа­ниясының Еуропа елде­рінде 300-ден аса супер­маркеті бар. Таяуда ғана қос тарап Қостанай ірімшіктерін осы сау­да нүктелеріне шығарудың жай-жапсарын пысықтап, ор­тақ мәмілеге келген. Компа­ния өнімдерінің Еуропа нары­ғындағы жылдық сауда айна­лы­мының көлемі шамамен 500 млн еуродан асатын болады.

Келісілген жоба бойынша Қостанай сүт өнімдерінің ең ірі сауда нүктесі Гамбургте болады. Одан әрі бүкіл Германияға, одан қалды Лондон, Варшава, Амстердам, Брюссель, Париж, Вена, Мадрид, Миланға тарайды.

«Кезінде Қазақстаннан сыртқа қоныс аударған жұрт­тың біразы бүгінде Еуропа елдерінде тұрып жатыр. Олар Қазақстан өнімдерінің табиғи шикізаттан жасалатынын жақсы біледі. Сондықтан ол жақтағы тұтынушылар біздің тауар­ларымызды аттай қалап алатынына сенімдіміз», дейді компания басшысы Сергей Блок.

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев компания жұмысына жоғары баға беріп, кәсіпорын басшысы Сергей Блокқа отандық өнім­нің еуропа нары­ғы­на шы­ғаруға барынша қол­­дау көр­сететінін айтты.

«Милх» бүгінде Қостанай­дың маңайындағы елді мекендерде сиыр ұстап отырған
12 мың отбасынан сүт сатып алады. Осының нәтижесінде 40 мың адам тұрақты табыс тауып отыр. Олардың қатарында Қостанай ауданына қарасты Московский ауылындағы «Болашақ» ауыл­шаруа­шылық кооперативі де бар. Кооператив басшысы Азат Мишторийдің айтуынша, ауыл тұрғындары бірігіп, сүт өндіріп сатуға жұмылғалы қолдағы сауын сиырдан түсетін табыс та еселене түскен.

Дегенмен өндірісі ауқымды кәсіпорын, әсіресе қыс маусымында шикізаттан қысылып қалады. Компания басшысы өндіріске қажетті көлемде сүт жетпей қалатын кездер болып тұратынын, бірақ мұның бәрі алдағы уақытта шешімі табылатын уақытша қиындық екенін айтты. Өйткені бүгінде өңірде мыңдап сиыр ұстайтын көптеген ірі сүт фермалары салынып жатыр. Бұл фермалар іске қосылып, өнім бере бастаса, өндіріс те шикізаттан тарықпайды.

Арман Шаққалиев жұ­мыс сапарының соңында өңір тұр­­ғындарымен, жеке кәсіпкер­лермен кездесіп, көптің көкейін­де жүрген бірталай сауалдарға жауап берді.

 

Қостанай облысы 

Соңғы жаңалықтар

Аталар дәстүріне адалдық

Өшпес даңқ • Кеше

Жезді жәдігерлері

Көрме • Кеше

Құрметке лайық жандар

Инфографика • Кеше

Тарихи кездесу

Өшпес даңқ • Кеше

Қызылжар қырандары

Өшпес даңқ • Кеше

Аңдатпа

Аңдатпа • Кеше