
«Samruk-Kazyna Trust» қоры «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы атынан әлеуметтік жобаларды іске асыратын бірыңғай қайырымдылық операторы саналады. Қор инклюзия, денсаулық сақтау, білім, спорт, мәдениет секілді бірнеше басым бағыттар бойынша еліміздің барлық өңірінде түрлі жобаларды іске асырып келеді. Осындай әлеуметтік маңызды жобалардың бірі – «Саламатты Қазақстан» пойызы. Жоба Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, «Самұрық-Қазына» қоры, Денсаулық сақтау министрлігі, «Әлеуметтік жобалар қорының» өзара ынтымақтастығы негізінде үйлесім тапқан.
Медициналық пойыз жұмысын су тасқынына байланысты батыс өңірлерден бастап, Жетісу облысында аяқтады. 121 стансаны қамтып, 140 шалғай елді мекенге аялдап, 21 мыңнан астам шақырымды жүріп өтті. Бұрнағы жылы 35 маман қызмет атқарса, былтыр 40 маман тартылды. Олардың арасында дәрігерлер, медиаторлар мен заңгерлер болды. Себебі ұйымдастырушылар кем дегенде 100 мың халыққа жәрдемдесуді ұйғарыпты. Сәйкесінше, меже толығымен орындалып, көмек алған тұрғындар саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 12 мыңға артық болған. Сөйтіп, 104 250 ауыл тұрғынына медициналық, құқықтық көмек көрсетілді. Оның ішінде дәрігерлер 101 мыңнан астам азаматқа тегін медициналық көмек көрсетті. Олардың 54 334-і әйел, 23 685-і ер, 23 282-і бала.
Пойыз әр стансаға тоқтап, жергілікті халыққа дәрігерлер толық жалпы және биохимиялық талдау, флюорография, ішкі органдар мен тамырларды ультрадыбыстық зерттеу сияқты түрлі медициналық көмек көрсетті. Пойызда медициналық құрал-жабдықтар жаңартылған. Тұрғындардың басым бөлігі жалпы медицина дәрігері мен терапевтке (77 104), невропатолог (16 382) пен офтальмолог (15 529) сынды мамандарға қаралған. Медициналық пойызда дәрігерлер 7671 шағын операция жасаған. Өңірлер бөлінісінде оңтүстік пен батыс өлкедегі тұрғындарға ең көп медициналық қызметтер ұсынылды.
«Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Альфия Адиева баспасөз мәслихатында медициналық пойыздың биылғы нәтижелері жөнінде хабарлады.
«Саламатты Қазақстан» жобасына екінші жыл қатарынан медиаторлар мен заңгерлер қатысты. Пойызда 6 білікті маман, яғни 3 заңгер мен 3 медиатор болды. Нәтижесінде, 2 949 азаматтың арызы қарастырылды, оның 1844-і медиаторға түскен өтініш болса, 1105-і заңгерге қатысты сұрақтар болды. Барлығы 1630 ер адам, 1 298 әйел жеке мәселелерімен мамандардың көмегіне жүгінді. Тұрғындардан қарыз бен банктен алынған несиелерге қатысты сұрақ көп түскен. Облыстар арасында ең көп сұрақ Маңғыстау (1061), Абай, Шығыс Қазақстан облыстары (466), Батыс Қазақстан (304) облыстарының тұрғындарынан түсті. Аңғарғанымыз, жыл сайын мамандардың қызметіне сұраныс жоғарылап келеді», деді А.Адиева.
Елде екінші деңгейлі банктер мен шағын қаржы ұйымдары алдындағы өтелмеген қарыз мәселесі, түрлі әкімшілік-құқықтық даулар өзекті болып отыр. 9 млн 660 мың теңге көлемінде төленбеген 12 алимент ісі бойынша шағым түскен. Осы орайда пойыз қызметкерлері 481 азаматтың 260 млн теңге сомадағы несиелеріне икемді кесте жасауға жәрдемдесті. 26 азаматтық, 27 қылмыстық іс медиация аясында тоқтатылды. Заңгер мен медиатор түрлі әлеуметтік, құқықтық мәселелерге қатысты сотқа 120 шағым әзірлеп, қолдау көрсетті. Мұның бәрі «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының аясында тұрғындарға көрсетілетін көмек түрлері кеңейіп келе жатқанын дәлелдейді.