Спорт • 13 Ақпан, 2025

Азия ойындары: Медаль жауған күн

138 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қытайдың Харбин қала­сында өтіп жатқан ІХ қысқы Азия ойындарына ел қоржынына кезекті жүлделер түсті. Спортшыларымыз 29 жылдан бері ақ Азиада аламанына тұрақты қатысып жүр. Дегенмен фристайл-акробатикадан алтын медаль бұйырмай келген еді. Осы олқылықтың орнын саңлақтар толтырып, алтын медаль олжалады. Шаңғы жарысынан да қанжығамыз майланып, спортшылар бір алтын, бір күміс медаль иеленді.

Азия ойындары: Медаль жауған күн

Суретті түсірген – Нұрғали ЖҰМАҒАЗЫ

Фристайл-акробатикадан ерлер құрамасы Қытайдағы қысқы ала­манда топ жарды. Шерзод Ха­шир­баев пен Роман Иванов басты қарсыластарын қапы қал­дырды. Бұл алтын медальдың тарихи мән-маңызы айрықша. Жігіттеріміз синхронды секіруде 97,92 ұпай жинап Азия рекордын жаңартты.

Азия ойындары Харбин­мен қатар Ябули қаласында да өткі­­зіліп жатыр. Ябулидің тау бөктерінде биатлон, шаңғы жарысы, тау шаңғысы, ски-альпинизм, фристайл акробатика спортынан сайыстар ұйымдастырылған.

– Фристайл-акробатикадан синхронды секіруде қысқы Азия ойындарының чемпионы атан­дық. Бұрын-соңды осы сайыс түрінен алтын медаль бұйырған жоқ. Бірінші секіргенде Роман екеуміздің акробатикалық әдісіміз ойдағыдай болмады, қимылы­мыз бірдей көрінген жоқ. Одан кейін бапкерлер абдырамауды, қателікке бой алдырмай орындауды шегелеп тапсырды. Оқу-жаттығу кезінде жасап жүрген әдіс. Соны тағы да қателіксіз орын­дадық, – деді Ш.Хаширбаев.

Әйелдер арасындағы сайыста фристайл-акробатикадан синхронды секіруде Ардана Маханова мен Аяна Жолдас қысқы Азия ойындарының қола жүлдегері атанды.

Шаңғышы акробаттардың жеңісіне жеңіс үстеген шаң­ғы­шылар да жанкүйер сенімін ақтай білді. Биатлоннан 10 шақырымдық спринтте Владислав Киреев алтын медаль еншілесе, тағы бір саңлақ Вадим Куралес көмбеге екінші жетіп, күміс жүлде иеленді. Қал­ған шаңғышылар да ондыққа енді: Әсет Дүйсенов 6, Александр Мухин 7-орынды місе тұтты.

– Қысқы Азия ойындарына тек алтын медаль олжалау үшін келдік. Алда әлі командалық са­йыс бар. Жекелей жарыста желдің қарсы ұйтқуы да жылдамдықты тежеп, айтарлықтай кедергісін тигізді. Жер бауырлай жатып нысананы көздеуде қателік жібердім, жел екпіні оқтың бағытын сәл бұрып жіберді. Ал тік тұрып нысана көздеуде барлық мүмкіндікті мүлт жібермедім, – деді В.Киреев.

Азия ойындарына спорт­шы­ларымызды қолдауға арна­йы бар­­ған Ұлттық Олимпиада коми­тетінің президенті Геннадий Головкин мен Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов саңлақтардың жетістігі ұйым­шыл­дықпен атқарылған еңбектің нәтижесі екенін атап өтті.

– Фристайл-акробатикадан отандастарымыз Шерзод Ха­шир­баев пен Роман Иванов Азия ойындарының чемпионы атанды. Ерлер арасындағы син­хронды секіруде сынға түс­кен жерлестеріміз екін­ші мүм­кін­діктерінде бар шеберліктерін көрсетіп, азулы Қытай құра­масының алтыннан үмітті екі құрамын да басып озды. Бұл медальдың еліміз үшін маңызы зор. Бұл – қысқы Азия ойын­дары тарихында отандас­та­рымыз фристайл-акробатикадан жеңіп алған тұңғыш алтын медаль. Осы жеңіске үлес қосқан жаттықтырушылар мен команданың еңбегін ерекше атап өткен жөн. Спортшыларымыз­дың қажырлы еңбегі мен үздік­сіз дайындықтарының арқасын­да осындай үлкен жетістікке қол жеткізіп отырмыз. Фристайл-акробатикадағы жігіттердің алтынынан кейін іле-шала биатлон спортындағы саңлақтарымыз ел қоржынына бір алтын, бір кү­міс жүлде салды. 10 шақырымға спринттік жарыста Владислав Киреев мәре сызығын бірін­ші кесіп, мерейімізді тасытты. Тағы бір отандасымыз Вадим Куралес те екінші орынға ие болып, күміс жүлдегер атанды. Спорт­­­­шыларымыз бұл жүлде­­мен шектеліп қалмайды деп сене­­мін. Бірер күннен соң олар коман­да­лық сында жарыс жолына шы­ғып, тағы да жоғары жетістігімен қуан­­­­тады деп үміттенеміз, – деді Е.Мырзабосынов.

Ябули қаласының тау сілем­деріндегі сан салалы жолдарда сайысқа түскен шаңғы­шы­ла­рымызға да медаль бұйыр­ды. Әйелдер арасындағы эста­фе­талық тартыста (4х5 км) Камила Ел­ғазинова, Ксения Ша­лыгина классикалық әдісте жарыс жолына шықса, Ангелина Шурыга, Надежда Степашкина еркін әдіспен жарысты түйіндеп, кү­міс жүлдеге қол жеткізді. Азия ойын­­­­дарының алтынын Қы­тай қыздары алды, қола жүлде Жа­по­ния спортшыларына бұйырды.

Ерлер сайысында төрт спорт­­шымыз эстафеталық тар­­­­­­­­тысты жақсы бастаған еді. Клас­­сикалық әдіспен жарыс жо­лына шыққан Константин Борцов қарсыластарынан оқ бойы озып келді. Эстафетаны қабыл алып жарысты жалғаған Наиль Башмаков, күшін күні бұрын сарқып алды ма, мәреге таянғанда жылдамдығын бәсең­детіп қалды. Еркін әдіспен са­йыс­ты жалғастырған Олжас Кли­мин көш бастап келіп тізгінді Вла­дислав Коволёвке ұстатты. Бірақ Қытай мен Жапония спорт­шы­ла­ры жерлесімізден оқ бойы ұзап алып, жеткізбеді. Осы­лайша, ер­лер құрамасына эста­фе­талық са­йыстың қола медалі бұйырды.

Әзірге спортшыларымыздың еншісінде 3 алтын, 7 күміс, 5 қола медаль бар.