
Фотолар: Ауыл шаруашылығы министрлігі
Егіншілік, мал шаруашылығы, механизаторлар павильондары орнатылып, саланың жетістіктері көрсетілген «Аграршылар көшесіне» келушілер заманауи аграрлық технологиялармен танысып, трактор жүргізу симуляторын сынақтан өткізіп, инновациялық сауу жабдығын көріп, жылыжай кешеніне 3D-тур жасай алады және басқа да қызықты тәжірибелерге қатыса алады.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше аталған ведомство, ҰАҒББО және Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ бірлесіп «АӨК мамандары: мемлекет, бизнес және білім рөлі» тақырыбында панельдік пікірталас ұйымдастырған. Онда саланы кадрлық қамтамасыз ету мәселелері, ауыл шаруашылығының дамуындағы заманауи үрдістер, цифрлық технологиялар мен болашақ мамандарының АӨК тиімділігін арттырудағы рөлі талқыланған.
Аграрлық өндірісті жедел индустрияландырудың маңыздылығына ерекше назар аударылды. Бұл техникалық жабдықталуды арттыру, ғылыми негізделген агротехнологияларды енгізу, ғылыми қолдау мен инновациялық әзірлемелерді күшейту, сондай-ақ нақты сектордың қажеттіліктеріне сай кадр даярлау жүйесін дамыту арқылы жүзеге асуы тиіс.
13 ақпандағы мәлімет бойынша «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестиваліндегі аграршылар көшесін 16 мың адам тамашалаған.