
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Министрлік пен қордың мақсаты – ортақ
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» Жолдауында: «Денсаулық сақтау саласына бюджеттен 3,3 трлн теңге қаржы бөлінді. Бірақ оның нәтижесі әлі көрініп жатқан жоқ. Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылар арасында міндеттердің дұрыс бөлінбеуі бұрмаланған ақпараттың көбеюіне әкеп соқтырды. Науқастарға мемлекет кепілдік берген қызметтерді ақылы негізде алуды немесе бірнеше ай бойы кезек күтуді ұсыну жайттары аз емес. Бюджеттің мүмкіндігі мен міндеттемесін ескере отырып, мемлекет кепілдік беретін медициналық көмектің бірыңғай базалық топтамасын жасау қажет. Бір-біріне байланысы жоқ ондаған бағдарлама мен ақпараттар базасының орнына бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпарат жүйесін жасау керек», деп атап өтті.
Президент тапсырмасынан кейін Денсаулық сақтау министрлігі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен бірлесіп тиісті іс-шаралар қабылдады. Қор мен министрліктің жұмысы медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталды. Цифрландыруға басымдық берілді. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында ахуалдық-талдау орталығы ашылды.
Талдау орталығының көмегімен медициналық қызметтерді қаржыландыруға, өңірлердегі медициналық жағдайға, пациенттерге қатысты өзге де аса маңызды ақпараттарға қол жеткізу қиын емес. Жүйе қор қызметінің тиімділігі мен ашықтығын арттыруға, қордың қаржылық тұрақтылығын нығайтуға септеседі. Бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан сенімді медициналық ұйымдармен ұзақмерзімді шарт жасау тәжірибесі енгізіліп жатыр. Бұл қадам медициналық ұйымдарға өз қызметін тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді.
ТМККК, МӘМС пакеттерін кезең-кезеңімен қайта қарау жоспарланып отыр. Бұл – медициналық қызметтердің қайталануын болдырмауға, мамандардың жұмысын жеңілдетуге мүмкіндік береді. Жақын арада медициналық қызметтерді тұтынудың ғылыми негізделген нормалары, мемлекеттік кепілдіктер бағдарламасы әзірленіп, енгізіледі.
Цифрландыру бағытындағы тағы бір ауқымды жұмыс Face ID жүйесімен тығыз байланысты. Былтыр елдегі медициналық мекемелерде 23 мыңнан астам жалған жазба анықталып, 208 млн теңге шығын келтірген. Астанадағы медициналық мекемелер «жалған жазбаның» жолын кесуге септесетін Face ID жүйесіне қосылды, осы тәжірибе өңірлерде бірте-бірте енгізіледі. Биометриялық растау созылмалы сырқаты бар пациенттерге дәрі-дәрмекті кезек күтпей алуға да септеседі.
Қор жұмысына сын көп
Қоғам медицина саласына республикалық бюджеттен бөлек Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан, яғни халықтың қалтасынан қаржы қаралып жатқан соң, медициналық көмектің тиімділігі бірден көрінеді деп күтті. Себебі мұндай жүйені тәжірибеге сәтті енгізіп, қызығын көріп жатқан елдер көп. МӘМС-ке жарна аударып отырған тұрғындар сол елдердің жүрген жолымен асықпай, аяңдап басқандықтан, жүйенің кемшін тұсы болмайды деп сенді. Жауапты тұлғалар болса, дамыған елдердің өзі сақтандыру жүйесінің шарапатын бірден көрген жоқ деп ақталды. Осы аралықта медицинаға қаралған қаражат еселеп көбейді. ТМККК шеңберінде көрсетілетін қызметтерге республикалақ бюджеттен былтыр
1 629,7 млрд теңге, биыл 1 623,5 млрд теңге бөлінген. МӘМС қаражатынан былтыр 1 228,7 млрд теңге түссе, биыл бұл сомма 1 329,8 млрд теңгеге жеткен. Қарап отырсақ, салаға МӘМС-тен түсетін қаржы мен республикалық бюджет қаражаты шамалас. Қордың жұмысы тоқтаса, денсаулық сақтау саласы түсіп тұрған қаражаттан қағылады. Сондықтан мемлекет қордың кейбір міндеттерін басқа ұйымдарға тапсыруы мүмкін болғанымен, тұрғындардың жарнасын түгел тоқтатып, тәуекелге бара алмайтыны анық.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлеп отырған тұрғындар МӘМС-тен сапалы медициналық қызмет алғысы келеді. Алайда Damumed медициналық ақпараттық жүйесі арқылы дәрігерге жазылу қиын болып тұр. Кезек жетті дегеннің өзінде медициналық көмектің сапасына кері әсер ететін жекелеген мәселелер бар. Олар адами факторлардан, кадрлық әлеуеттен бастап, қажетті құрал-жабдықтардың жоқтығы, талдау жасайтын, диагностикалық құрылғылардың болмауы, т.б. Ақыр соңында медициналық ұйымда бұрыннан келе жатқаны, кейін пайда болғаны бар, барлық кемшіліктер тегіс МӘМС-ке қаратып айтылады.
Халық денсаулығы маңызды
Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова қаражат үнемдейміз деп, медицинаның кейбір бағытында бұрыннан қалыптасқан, сыннан өткен жүйені ақсатып алуға болмайтынын айтады.
– Кейінгі жылдары МӘМС жүйесін жетілдіруге қатысты нақты қадамдар жасалғанымен, қорға қатысты сын-пікір азая қойған жоқ. Сарапшылардың пікірінше, елдегі медициналық қызметке көңілі толатындардың үлесі 20% ғана. Осы деректің өзі МӘМС жүйесінің қалай жұмыс істеп жатқанын көрсетеді. Тұрғындар әлі күнге дейін емханаға қаралу үшін апталап кезек күтуге мәжбүр. Кезек келген күннің өзінде талдау жасауға, дәрігердің кеңесін алуға, медициналық тексеруден өтуге біраз уақыт кетеді. Қаладағы, аудан, ауылдағы емханалардың жұмысын үйлестіруге, оларды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге, мамандардың біліктілігін арттыруға барынша көңіл бөлу керек. Тапшы мамандардың орнын толтыру қажет. МӘМС жұмысына ашықтық керек. Жұмыс жүйелі болсын десек, басшылық қызметтерге менеджерлік қыры ғана емес, медициналық білімі бар мамандар келгені дұрыс, – дейді Г.Нұрымова.
ДСМ Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды жетілдіру және талдау департаменті ұсынған ақпаратқа сүйенсек, былтыр қордың CRM-жүйесінде 27 125 шағым тіркелген. Түскен шағымның 46%-ы (12 488 шағым) пациенттерді қолдау, ішкі сараптама қызметтерінің араласуы арқылы кері қайтарып алынған, мәселе дер кезінде шешілген. Шағымдардың көбі медициналық көмектің сапасыз көрсетілуіне (28,7%), медициналық көмек көрсетуден бас тартуға (28,7%) қатысты. Сондай-ақ ТМККК, МӘМС шеңберінде дәрілік заттарды беруден бас тарту (9,7%), медициналық қызметтерді ұзақ күту (6,9%), медициналық ақпараттық жүйелердегі бұрыс ақпаратқа (9,0%) қатысты шағымдар бар.
Көмек сапасы санмен өлшенбейді
Мемлекет басшысы Жолдауда мемлекеттің мүмкіндіктері мен міндеттемелері тұрғысынан теңдестірілген базалық мемлекеттік медициналық көмектің бірыңғай пакетін қалыптастыруды тапсырған еді. Осыған байланысты ДСМ медициналық көмектің бірыңғай пакетін қалыптастыру, жүйенің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету, халықтың әлеуметтік осал топтарының жекелеген санаттарын медициналық сақтандыруға қатысты жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттыру бойынша жұмыс жүргізді. Нәтижесінде, бірқатар заңнамалық актілерге түзетулер әзірленді. Түзетулер денсаулық сақтау шығындарын қаржыландырудың аралас моделінен сақтандыру моделіне кезең-кезеңімен көшуге бағытталған.
МӘМС жүйесі енгізілгелі қаржыландыру үш есеге жуық өсіп, 1 трлн-нан 2,9 трлн теңгеге дейін жеткен. Ішкі жалпы өнім көлеміндегі денсаулық сақтау шығындарының үлесі 2019 жылғы 2,8%-дан 2023 жылы 3,8%-ға дейін өскен. Мемлекет басшысы бұл үлесті 2027 жылға қарай ІЖӨ-нің 5%-ына дейін ұлғайту міндетін қойып отыр. ДСМ ұсынған ақпаратқа жүгінсек, қазір халықтың медициналық қызметтерге төлейтін шығындары қысқарған, медициналық көмек жеткізушілердің саны 1 970-ке жеткен, мұның 60%-дан астамы жеке клиникалар. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметтері, диагностикалық қызметтер, ПЭТ зерттеулерден бөлек, консультациялық-диагностикалық қызметтер, бәрі-бәрінде көрсеткіштер өскен. Медициналық көмектің тиімділігі, сапасы шын мәнінде қаншалықты артқанын іске асып жатқан жоба-жоспарлар толығымен орындалғанда көрінетін болады.