
Жиында сөз алған Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өз баяндамасында 2024 жылы атқарылған жұмыстарды, министрліктің негізгі бағыттарын, 2025 жылға арналған мақсаттар мен міндеттерді толығырақ баяндап, аталған мәселелер бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Министрдің айтуынша, барлық азамат үшін қолжетімді жоғары білім беру – министрліктің басты міндеттерінің бірі. Осы мақсатта 2024–2025 оқу жылына 94 251 грант бөлінді, сондай-ақ бакалавриат студенттеріне стипендия 20%-ға, магистранттар мен докторанттарға 15%-ға артты. Былтыр алғаш рет сараланған гранттар енгізілді. Жаңа модель бойынша мемлекет оқу ақысының 50%-ын өтейді, ал студенттер толық стипендия алады.
«Бұл қадам студенттердің қаржылық жүктемесін жеңілдету және олардың оқу жағдайларын жақсарту мақсатында жасалды. Өткен жылы маңызды мәселенің бірі ретінде «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізу туралы заң жобасы қабылданды. «Келешек» жүйесі ата-аналарға балаларын болашақта оқыту үшін қаржы жинақтауға мүмкіндік беріп, мемлекет тарапынан біржолғы білім капиталы қарастырылған», деді С.Нұрбек.
Министрлік сондай-ақ Қазақстанды Орталық Азияның жетекші білім беру хабы ретінде қалыптастыру мақсатында халықаралық серіктестермен ынтымақтастықты кеңейтіп, шетелдік студенттер үшін жағдайды жақсарту көзделген. Қазіргі таңда Қазақстанда 12 елдің 34 жоғары оқу орнымен стратегиялық серіктестік орнатылған. Сондай-ақ елімізде Ұлыбритания, Италия, Қытай, Ресей, АҚШ, Франция және Оңтүстік Кореяның 23 жетекші университетінің филиалдары ашылды.
«Қазақстанды Орталық Азиядағы білім беру және ғылыми алмасудың орталығына айналдыруды мақсат етіп отырмыз, әлемнің түкпір-түкпірінен ең үздік серіктестерді тарта отырып, шетелдік университеттердің филиалдарын ашу және шетелдік студенттердің біздің білімге деген қызығушылығы таңдалған бағыттың дұрыстығын көрсетеді», деп атап өтті С.Нұрбек.
Қазақстанда қазіргі таңда 31 500 шетелдік студент білім алып жатыр, олардың қатарында Азиядан келген студенттердің саны ТМД елдерінен келгендерден артты. Шетелдік университеттер елімізде өз филиалдарын ашу арқылы ел экономикасына инвестициялар тартуға да ықпал етіп жатыр. Мысалы, «De Montfort University» 16 миллион АҚШ долларын, ал «Coventry University» 50 миллион АҚШ долларын инвестициялады. Сондай-ақ Лу Бань шеберханаларына 8 миллион юань бөлінді. Бұл инвестициялар білім инфрақұрылымын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және еліміздің экономикасына қосымша мүмкіндіктер жасауға септігін тигізіп отыр.
Білім беру үдерісіне инновациялық технологияларды енгізу аясында министрлік әлемдегі технологиялар саласындағы көшбасшылармен, мысалы, «Coursera», «Google», «Nvidia», «Huawei Technologies Kazakhstan», «01 Edu System» және «Binance Kazakhstan» компанияларымен стратегиялық серіктестіктер орнатты. Бұл келісімдер студенттер мен оқытушыларға ең жаңа білім беру платформалары мен курстарға қолжетімділік берді.
«Мұндай әлемдік алпауыттармен серіктестік оқытушылар мен студенттердің біліктілігін арттыруға және білім беру үдерісіне инновациялық технологияларды енгізуге жаңа мүмкіндіктер ашады. Президентіміз ғылымды дамытуға ерекше назар аударып отыр. Мемлекет тарапынан ғалымдарға, соның ішінде жас ғалымдарға жан-жақты қолдау көрсетілді. 2024 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен 315 жас ғалымға пәтер берілді. Олардың 290-ы «Отбасы банк» АҚ-мен бірлесіп жүзеге асырылған арнайы несие бағдарламасы бойынша пәтер алды, ал 25-і тегін негізде пәтерге ие болды», деп атап өтті министр.
Отырыста сондай-ақ Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов сөз сөйлеп, елімізде халықаралық стандарттар мен практикалық тәжірибеге негізделген инженерлік кадрларды даярлау ұлттық моделін дамыту жұмыстары жалғасып жатқанын айтты. Бұл модельдің басты аспектілерінің бірі – жұмыс берушілермен белсенді ынтымақтастық. Мәселен, Satbayev University 39 кафедра филиалын өнеркәсіптік кәсіпорындарда, соның ішінде Астана электротехникалық зауыт базасында ашты. Сонымен қатар еліміздің 30 университеті шамамен 100 колледжбен серіктестік орнатып, өзара білім бағдарламаларын жүзеге асырып келеді.
Ал Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова 2024 жылы жоғары білімнің цифрлық трансформациясы аясында үлкен қадам жасалғанын жеткізді. Соның бірі өткен жылы Мемлекет басшысына таныстырылған AI-Sana бағдарламасы болды. «Бұл бірегей бағдарлама 100 мың қатысушыны қамтиды және білім беру, зерттеу, қолданбалы тәсілдерді біріктіреді. Бағдарлама «Stanford University», «Imperial College London» сияқты жетекші университеттердің әлемдік деңгейдегі сарапшыларының қатысуымен әзірленді», деді Д.Щеглова.
Сондай-ақ еліміздің жоғары оқу орындары үшін жасанды интеллект стандарты қабылданды. Нәтижесінде, 20 жетекші университет 20 білім беру бағдарламасын әзірледі, бұл жасанды интеллект саласындағы жаңа мамандарды даярлау үшін негіз болды.
Жиын соңында министр Саясат Нұрбек 17 жас ғалымға пәтер сертификатын салтанатты түрде табыстады.