Құқық • 18 Ақпан, 2025

Кәсіпкер құқы қашанда қорғалуға тиіс

940 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекеттік органдар тарапынан кәсіпкерлер қызметіне кері әсерін тигізетін кілтипан жиі кездеседі. Бұқара мен биліктің арасына дәнекер болуы, қазақ қоғамының сенімін нығайтуға тиіс мемлекеттік органдар қандай өрескел әрекетке барады?

Кәсіпкер құқы қашанда қорғалуға тиіс

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті Атырау облысы бойынша департаменті бөлім бас­шысының міндетін атқарушы Қа­сымхан Мырзатаевтың айтуын­ша, біріншіден, тексерулерді қа­лыптастыру мен тіркеу мерзі­мін сақтамайды. Екіншіден, кәсіп­кер­лерден қызметтік ақпаратты сұратады. Үшіншіден, лауазымды тұлғалар кәсіпкерлік нысанына тексеру актісін бермей келеді.

«Мұндай деректер кәсіпкерлік қызметті ілгері жылжытуға кері әсерін тигізіп отыр. Былтыр жыл ба­сынан бері 1 763 тексеру тіркел­ді. Оның ішінде 874 дерек жеке кәсіпкерлерді тексеруге қатысты болып отыр. Кәсіпкерлер құқығын қорғау мақсатында 3 тексеруге тосқауыл қойылып, 83 тексеру күшін жойды. Тіркеуден бас тарту арқылы 44 тексеруді жүргізуге жол берілмеді. Ал қалыптастыру кезіндегі 50-ден астам чек қайта қарауға жіберілді. Департаменттің қабылдаған ша­ра­ларының нәтиже­сінде 21 лауа­зымды тұлға тәртіптік, 7 адам әкім­шілік жауапкершілікке тар­тыл­ды», дейді Қ.Мырзатаев.

Оның сөзінше, құқығы бұ­зыл­ған кәсіпкерлер «Qamqor» мо­бильді қосымшасы арқылы тексерулер туралы ақпарат алуына бо­лады. Сондай-ақ лауазымды тұл­ға­лардың заңсыз әрекетіне қатыс­ты шағым бере алады. Ал Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облыс­тық департаментінің басшысы Ерұлан Серікқалиевтің айтуынша, «Бизнеске жол» жобасы бас­талғаннан бері 4,5 мың кәсіпкердің құқығы қалпына келтірілді.

«Кәсіпкерлердің қызметіне байланысты жалпы сомасы 1,6 млрд теңгеден астам берешек өтелді. Анықталған бұзу­шы­лықтарға қатысты 18 лауазымды тұлға тәртіптік жауап­кершілікке тартылды. Біз кәсіп­керлермен жиі кездесу өткізіп, әкімшілік кедергілер немесе шенеуніктер тарапынан заңсыз әрекеттерді анықтаймыз», деді Е.Серікқалиев.

Жеке кәсіпкер Әсел Есениязо­ваның Махамбет ауданындағы Бейбарыс ауылында бірнеше кәсіп­керлік нысаны бар. Кәсіп­кердің шағымына сүйенсек, бұр­нағы жылдан бері бір топ адам оның бизнесіне кедергі келтіріп жүр. Ол осыған байланысты тиісті орган­дарға шағым түсірген.

«Бейбарыс ауылында мейрам­хана, шағын маркет аштым. Бала­лар алаңы бар. Бір топ адам үнемі менің кәсібімнен кез келген бұзу­шылықты іздейді. Тұтынушы атын жамылып, жа­рам­дылық мерзімін, тауардың бағасын, нысандар орналасқан аумақта темекі тұқылының бар-жоғын тексерген болады. Заң бұзушылық болса, полиция шақырып, маған айыппұл салдыруға мәжбүрлейді. Олар әлеуметтік желіде менің аты-жөніме, бизнесіме байланыс­ты теріс пікір жариялап отыр. Нәтижесінде, олармен соттасумен келемін. Жақында сот мені құптап шешім шығарды. Алайда әлгі топтағы адамдардың шабуылы мұнымен тоқтамай тұр. Олар жақында мейрамханаға, шағын маркетке келіп, мені айыптау үшін тағы да себеп іздеді. Мен енді қалай жұмыс істеуім керек? Өзімді және бизнесімді қалай қорғаймын?» дейді Ә.Есениязова.

Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі уәкілдің Атырау облысы бойынша департаментінің сектор меңгерушісі, өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Сәрсенбай Жолдыбаевтың пікірінше, жеке кәсіп иелерінің құқығын қорғау алгоритмі бекітіл­ген. Соған сәйкес былтыр Антикор қызметкерлерімен бірге бизнестің 121,684 млн теңгеге мүліктік құқығы қорғалған.

«Өңірде кәсіпкер жұмысына кедергі келтіру үшін қорқыту дерегі бірінші рет тіркеліп отыр­ған жоқ. Шағын және орта бизнес өкілдерін қорқыту үшін түрлі санаттағы топ өкілдерін тартуға тырысатындар бар. Осы орайда полицейлердің айыппұл салу әрекеті заңды ма? Бұл мәселе әлі де ашық күйінде қалып отыр», дейді С.Жолдыбаев.

Жергілікті полиция қыз­метінің басшысы Ерлан Биғамбаевтың пікірінше, полиция қыз­­­мет­керлері өздігінен кәсіп­кер­лердің құқығын бұзу әрекетіне бармайды.

«Шақыртуға барған полицейлер алдымен мәселенің анық-қанығын тексеріп, зерделеуге тырысады. Өйткені тәртіп сақшылары кәсіпкерлік нысан­дардың иелері шағым түсіруге құқылы екенін біледі. Сон­дықтан олардың тарапынан кәсіп­кер­лердің қызметіне кедергі келтіреді дей алмаймын», деп мәлімдеді Е.Биғамбаев.

 

Атырау облысы