
Мұғалімдердің айтуынша, «Шұғаның белгісіне» 9-сыныпта 4 сағат беріліпті. Балалар бірінші сабақтан-ақ комикстің көмегімен шығарма мазмұнын түсініп, толық меңгеріп алған.
«Қалған сабақтарда шығарманы кеңірек талдап, әйел теңсіздігі тақырыбын арқау еткен басқа да туындылармен сабақтастыра қарастыруға уақыт таптық», дейді тәжірибелі ұстаздар.
Мұғалімдер суретті әңгімеге «Egov.kz» порталы арқылы авторлық құқық алыпты. Аталған комикс Бейімбет шығармасының құр көшірмесі ғана емес. Авторлар шығарма тілін бала жеңіл түсінетіндей етіп қайта өңдеп, түсініктемемен толықтырып шыққан.
«Қазір балаларды кітап оқуға қызықтыру өте қиын. Сондықтан оқушылардың көркем әдебиетке деген ынтасын арттыру мақсатында қазақ және орыс тілдерінде комикс жасап шығаруға тура келді. Суреттерді түгелдей «QazGPT» жасанды интелектісінің көмегімен жасадық. Тоғызыншы сыныпқа бір сағат оқытып көрдім. Балалар шығарманы бастан-аяқ оқып шыққандай тез сіңіріп алды. Одан кейін хрестоматиямен жұмыс істеп толық мәтінді оқып, талдап шықтық. Сабақтан соң қайсысы жеңілірек деп сұрағанымда, бәрі бір ауыздан «Комиксті оқу жеңіл» деп жауап берді. Бұл – балаларды кітап оқуға ынталандыру үшін аса қажет құрал», дейді Ақбота Ермағанбетова.
Өткен жылы Ақбота аталған жобасымен республикалық педагогикалық идеялар фестиваліне қатысып, жүлделі екінші орын алған. Қостанайда Бейімбет Майлиннің 130 жылдық мерейтойына арналған ғылыми конференцияға да қатысып, көпшілікке көркем шығарманы оқытуда комикс пайдаланудың тиімді екенін дәлелдеп шыққан. Жиыннан кейін бұған сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали қызығушылық танытып, жаңашыл ұстазға әдістемелігін жеке еңбек етіп бастырып шығару жөнінде кеңес бергеніне куә болдық. Осылайша, Ринат Зәкиұлының бастамасымен, Бейімбет Майлин ауданы әкімдігінің қолдауымен Алматы қаласынан аталған комикстің 200 данасы жарыққа шығып, таяуда ғана авторлардың қолына тиіп отыр.
Ақбота Ермағанбетованың бұдан өзге де комикс форматындағы әдістемеліктері бар. Тәжірибелі ұстаз оқу бағдарламасына енген «Қорқыт ата жыры», Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамал», Тынымбай Нұрмағанбетовтің «Анасын сағынған бала», Төлен Әбдіктің «Қонақтар» шығармасын баланың танымына бейімдеп комикс жасап, сабақта пайдаланып жүр.
Қостанай облысы