
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Биылғы Жұмысшы мамандықтары жылы кәсіподақтар жұмысының белсенділігі арта түсетіні сөзсіз. «Солтүстік Қазақстан облысының кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Ерік Нұрақаевтың айтуынша, атаулы жыл жұмысшы мамандықтарына назар аударудағы маңызды қадам болып отыр.
«Қоғамда осы күнге дейін халық балаларына жоғары білім беруге тырысып бақты. Баланың ой еңбегіне деген қабілеті ескерілмей қалды. Сондықтан да мамандықты игере алмайтын сапасыз дәрігерлер, мұғалімдер, заңгерлер мен экономистер қатары көбейді. Жұмысшы мамандығын игеруге тиісті азаматтар көзге ілінбеді. Бұл экономиканың нақты секторында өндірістің сапасын түсірді. Енді осы олқылықты еңсеру ұсынылып отыр. Жұмысшы мамандығының мәртебесін арттыру, беделін көтеруге баса мән берілмекші. Бұл өте дұрыс шешім. Облыстық білім басқармасы мен облыстық кәсіподақ комитеті жұмысшы мамандықтарын дайындау жөнінде жылдық шаралар жоспарын жасады. Соның ішінде облыстағы жұмысшы мамандықтарын дайындайтын 24 колледждің алдына жаңа міндеттер қойылды», деді ол.
Былтыр Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі, жұмыс берушілер бірлестіктері, өңірлік кәсіподақтар бірлестігі арасында 2024–2026 жылдарға арналған үшжақты келісім жасалды. Құжатта нақты сектордағы жалақыны инфляция деңгейіне сәйкес міндетті түрде индекстеу, өндірістік кеңестер мен еңбек қауіпсіздігі инспекторларының қызметін жетілдіру, техникалық инспекторларға қатысты қосымша ынталандыру шараларын енгізу сынды міндеттемелер бекітілді.
Қазір Солтүстік Қазақстан облысында 6 286 ұжымдық келісімшарт жасалған, бұл кәсіпорындардың 93,6%-ын қамтиды. Кәсіподақ ұйымдары бар мекемелерде ұжымдық шарттар барлық 1265 кәсіпорында жасалып, 100% орындалды. Кәсіподақ мүшелерінің белсенділігінің арқасында жаңадан 9 бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылып, оған 419 мүше біріктірілді. Жаңа ұйымдар денсаулық сақтау, білім беру, мемлекеттік мекемелер, ауыл шаруашылығы, мәдениет, спорт салаларының салалық кәсіподақтарына кірді.
Кәсіподақ ұйымдары көктемгі су тасқынының зардаптарын жоюға белсенді араласып, дамбалар нығайту, тасқынға қарсы жұмыстарға қатысушыларға тамақ ұйымдастырды. Зардап шеккен 793 кәсіподақ мүшесіне 53 миллион теңгеден астам гуманитарлық көмек көрсетілді.
«Туған жер» экологиялық жобасын іске асыру жалғасуда, оның аясында Кәсіподақ қозғалысы ардагерлерінің аллеясына 110 сібір шыршасы отырғызылды.
Бүгінде Жұмысшы мамандықтары жылына арналған іс-шаралар жоспарларын тиімді өткізуге дайындықтар жасалып жатыр. Ерекше назар кәсіби шеберлік байқауларына, жұмысшы мамандықтарын меңгеріп жатқан жастардың слеттеріне, жас мамандарды оқытуға аударылады. Үздік жұмысшы мамандарды дәріптеу, оларды ынталандыру шаралары да назардан тыс қалмайды. Жұмысшы мамандығының беделін арттыру мақсатындағы үздік шараларға арналған байқаулар да өткізіледі.
Солтүстік Қазақстан облысы