
Сурет: turkystan.kz
Оның ең алғашқы пьесаларының бірі «Әпкені» көргенде біз соғыстан кейінгі ұлт өмірін, өз өмірімізді қайта көргендей болдық қой. Шынайы шебер еді. «Тіршілік», «Дермене», «Сүйекшілерге» қарасаң, тақырыбы отансүйгіштікке шақырмайтын шығарма сияқты. Оқып көрсең, қазағыңның ғұрпы, қазағыңның тіршілігі, кейіпкерлері не атағы жоқ, не беделі жоқ, не үлкен қызметкер емес, жай ғана адамдар. Бірақ қазақты өсіріп жатқан ауылдағы сол адамдар. Соларды көрсете білді. Риза болдық.
Дулатпен жарты ғасырдан астам бірге жүрдік. Әй-шәй дескеніміз жоқ. Халық үлкен жазушысынан, үлкен өнерпазынан айырылып жатса, Төлен, Кәдірбек – бәріміз үлкен досымыздан айырылдық. Жер қойнына беретін кезде ел «ұлы жазушы еді, ұлы шебер еді» деді. Елге ешкім олай айт деген жоқ. Халық көкейіндегі сөзін айтты.
Қазақтың ұлы жазушысының екінші өмірі басталды. Оның халыққа сіңірген еңбегін балаларымыз, немере-шөберелеріміз, болашақ ұрпақ оқу керек. Бүгінгі ұрпақ көріп-білмеген соғыстан кейінгі қазақ өмірін қанын тамызып, айнытпай суреттеген Дулат бола-тұғын. Біздің замандастар арасынан Оралхан екеуі бірінші болып ағаларымыздың ілтипатына ілінді. Солардың сеніміне ие болды. Сол сенімді бұлар үлкен абыроймен ақтады.
Тәуелсіздік алған жылдары теңселіп қалдық қой. Мемлекетіміз де жол таппай, өзіміз де қиналдық. Солай дағдарған кезімізде Дулат елді мақалаларымен демеді. Жиі-жиі мақала жазды. Біздің бәріміз «қыздарымыз бетімен кетті, Сайын көшесінің бойында тұрып алды» дегенімізде, Дулат «Egemen Qazaqstan» газетіне мақала жариялады. «Қыздарды қорғайтын ұлдарымыз қыздарды өздері қорлап жатыр» деді. Қыздарды қорғай алмаған, келіншектерді қорғай алмаған еркектер еді ғой. Елді намысқа шақырған ондай жалаулы сөздері де ұмытылмайды.
Дулат қашан да қиыншылықты ел-жұртымен бірге көрді, бірге көтерісті. Сондағы бар ойы осы елді дұрыс дәрежеге жеткізу болды. Жол көрсетіп, жөн сілтей білді. Кезінде қаншама ел мен жерді араладық. Соның бәрінде халық Дулатты танитын, сөзіне құлақ асатын. Өйткені ол көпшіліктің көкейіндегі сөзді айтып, жөн сілтейтін.
Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында қаламгер екендерін ұмытып кеткен жазушылар болды. Дулат олай еткен жоқ, бес қаруын тастамады, жасанып жауға шапты. Сөз-семсерімен жігер берді. Мұндай ұлды халқы ұмытпайды. Біз де ұмытпаймыз. Жатқан жері жайлы болсын.
Бексұлтан НҰРЖЕКЕ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты