
Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»
Жыл басында Ұлттық статистика бюросы елде халық саны 20 286 084 адамға жеткенін хабарлады. Айдың соңындағы есеп бойынша МӘМС жүйесінде сақтандырылған азаматтар – 16 861 641, сақтандырылмағандар – 3 403 679 адам. Халық санына шаққанда сақтандырылғандардың үлесі 83,1%-ды құрайды. Бүгінде қормен жұмыс істеуге ниет білдірген медициналық ұйымдардың саны өскен. Оның ішінде 1 970 ұйымның 60%-дан астамы – жеке клиника. Медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгелі алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметтері, КТ, МРТ сияқты қымбат диагностикалық қызметтер, ПЭТ зерттеулер, стоматологиялық көмек саны өскен.
Қор стационарлық медициналық көмек көрсететін мекемелерді талдау нәтижесінде 492 медициналық ұйымды «жасыл», 924 ұйымды «сары», 551 ұйымды «қызыл» аймақта деп бөлген. Қызыл аймақтағы ұйымдарда «жалған жазба» сынды, өзге де бұзушылықтардың тәуекелі жоғары. Қордың негізгі ресурстары дәл осы медициналық ұйымдарға, бұзушылықтарға жиі жол беретіндерге бағытталады. «Жалған жазба» анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылданады. Ереже-талаптарды жиі бұзған ұйымдармен шарттар тоқтатылады. Кейбір жағдайларда қайталанған бұзушылықтар үшін материалдар уәкілетті органдарға, құқық қорғау органдарына жіберілуі әбден мүмкін. Қысқасы, медициналық ұйымдар бұрынғыдай «жалған жазбаға» оңай жол беріп, тәуекелге бара алмайды. Қордың кейінгі жылдары «бақылаушы ұйым емеспіз» деп жалтармай, медициналық көмектің сапасын арттыруға шындап көңіл бөліп жатқаны осыдан-ақ байқалады. МӘМС жүйесіндегі төлемдерге, қаржыландыруға қатысты сұрақтарды қордың басқарма төрағасының орынбасары Индира Саркеноваға қойып, аз-кем әңгімеге тарттық.
«Кейбір азаматтар МӘМС төлемдері қорға түседі, ол қаражатты өз қалауыммен жұмсай аламын деп ойлайды. Сондай-ақ жыл соңына дейін төлеген жарнасын пайдаланбаса, емханаға бармаса келер жылы барлығы «күйіп» кетеді деп біледі. Бұл жаңсақ пікір. Себебі МӘМС жүйесінің отандық моделінде барлық қаражат Ұлттық банктегі бірыңғай арнайы шотқа түседі. Сол шоттан қаражат төлеушінің санатына, төлеген жарналардың мөлшеріне, белгілі бір уақытқа қарамастан, МӘМС аясында көрсетілген медициналық көмек үшін төленеді. Дербес төлеушілер ай сайын 4 250 теңге жарна, яғни бір жылға 51 мың теңге төлейді. Егер әр азаматтың жеке шоты болса, бұл сомамен бағасы қымбат анализдерді тапсыра немесе операциялар жасата алмас еді. Мысалы, бір азамат тізе буынын ауыстыратын операция жасатты делік, кейін оған бірнеше рет оңалтудан өту керек. Ол өз қаржысына емделсе, шамамен 4 млн теңге төлейді. Мәртебесі сақтандырылған болғандықтан, артық қаржы төлемей, барлық қызметті МӘМС есебінен алады. Әр сақтандырылған азамат тіркелген жеріндегі медициналық ұйымға жүгініп, медициналық қызметтердің құнына қарамастан, консультациялық-диагностикалық қызметтерден бастап хирургиялық араласуға дейін толық көлемде қызмет ала алады», дейді И.Саркенова.
МӘМС жинақтаушы емес, ынтымақтастық қағидатымен жұмыс істейді. Қорға кім көп ақша аударды немесе аз қаражат салды демей, баршаға бірдей медициналық көмек көрсетеді. Кім-кімнің де құны қымбат медициналық қызметтерді пайдаланып, күрделі операцияларды жасатуға мүмкіндігі бар. Егер сақтандырылған азамат бұл жарнаны пайдаланбаса, қаражат медициналық қызметке мұқтаж адамдарға жұмсалады. Демек бүгін сіз аударып отырған жарна өзгелердің өмірін сақтап қалса, ертең дәл осындай қағидамен сізге көмегі тиеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң және тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында айшықталған тапсырмаларды іске асыру аясында тиісті заң жобасы әзірленген. Құжат қабылданса, әуелі базалық мемлекеттік медициналық көмек бірыңғай пакетке біріктіріледі. Бюджет мүмкіндіктері мен міндеттемелері тұрғысынан теңгерімді болады. Онкологиялық скринингтерге ел азаматтары түгел тегін жолдама алады. Әлеуметтік маңызы бар ауруларға күдік туындаған жағдайда жүргізілетін тексерулер де, сақтандыру мәртебесіне қарамастан, тегін болады. Дағдарысқа, шұғыл әлеуметтік жағдайға тап болған адамдар мен ресми тіркелген жұмыссыздар үшін МӘМС жарналарын жергілікті атқарушы органдар төлейді деп жоспарлып отыр. Бұл – осал топтағы азаматтардың қажетті медициналық қызметтерге қолжетімдігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Президент тапсырмасымен ел тұрғындарының әлеуметтік жағдайына, мүмкіндігіне орайластырылған заң биылдан қалмай қабылдануға тиіс.
Ауылдың жайын айтпағанда, қаланың өзінде МӘМС-ке қаражат төлеп отырған тұрғындар кезек күтуден жалығып немесе қызмет сапасына көңілі толмай жеке емханаларға жүгінуге мәжбүр. Осылайша, қорға не себепті қаржы аударып отырғанын түсініп болмайды. Қор мамандары мұндай жағдайда қол қусырып қарап отырмай, заң аясында әрекет етуге кеңес береді.
«Медициналық ұйымдар – Қормен медициналық қызметтерді көрсетуге шарт жасасқан соң, олар жауапкершілік алады. Егер медициналық мекемеде қажет дәрігер болмаса немесе қандай да бір медициналық қызметтерді көрсете алмаса, бірлесіп орындаушыларға (алдын ала шарт жасасқан басқа медициналық мекемеге) жолдама берілу керек. Бұл жерде пациент өз құқығын жақсы біліп, қормен жұмыс істемейтін ақылы клиникаларға бармауға тиіс. Осы тақылеттес жағдай болғанда, тіркелген емханасында жұмыс істейтін «Пациенттерді қолдау» қызметіне жүгінген жөн. Ондағы мамандар өтініш-шағымдарды қарап, пациенттердің медициналық қызметтерді алу үдерісінде туындаған жағдайларды реттеумен айналысады. Ол жерден мардымды жауап болмаса, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, msqory.kz ресми сайты, Telegram-дағы @SaqtandyrýBot сондай-ақ 1414 байланыс орталығына хабарласып өтініш-шағым қалдыру керек», деп түсіндірді И.Саркенова.
Бүгінде МӘМС қаражаты есебінен мыңдаған операция жасалады. Қор ұжымы сол операциялардың ішінде ең күрделі 10 операцияны ай сайын көпшілікке жариялап отырады. Мысалы, қаңтар айында Алматыда нейрохирургтер ми ісігі бар 9 жастағы баланы аман алып қалды. Павлодар дәрігерлері омыртқадағы ісікті «цементтеп» бекітті. Осы қалада бір жарым жасар қыздың жүрегіне операция жасалды. Елдің әр аймағында дәрігерлер МӘМС есебінен сирек кездесетін ісіктің небір түрлерін сәтті алып тастады. Оның барлығын бір мақалада тізіп шығу мүмкін емес. «Қаражат қайда кетіп жатыр?» деген сұрақтың тағы бір жауабы осы. Әрине, қордың қаражатын тиімді басқаруға, цифрландыруға, медициналық қызмет сапасын ілгерілетуге қатысты әлі де бір арнаға түспеген мәселелер бар. Оның негізгілерін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда айтты. Тапсырмаларды Денсаулық сақтау министрлігі мен Әлеуметтік медциналық сақтандыру қоры биылдан қалдырмай орындаса, медициналық көмек қолжетімді болса, сапасы артса, халықтың денсаулық сақтау саласына деген көзқарасы да түзеледі.