Ғылым • 28 Ақпан, 2025

Отандық ғалымдардың олжасы

473 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ғылым нәтижелері бағзы заманнан бері негізінен адамзаттың игілігіне бағытталып келеді. Бұл үрдістен отандық ғалымдар да қал-қадірінше қалыс қалмайды. Соның бір үлгісін соңғы жағымды жаңалықтар мен ізденушілердің ілкімді істерінен көруге болады.

Отандық ғалымдардың олжасы

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Су сүзгілерін әзірледі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ағынды суларды тазарту инфрақұрылымын жаңғырту және су айдындарының ластану мәселесін шешу қажеттігін бірнеше рет атап өткен еді. Өйткені ауызсу тап­шылығы – өзекті мәселе. Осыған орай С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ғалым­дары тұрмыстық және өндірістік мақ­сат­та қолданатын инновациялық отан­дық ­су сүзгілерін әзірледі. «Су объектіле­рін тазарту үшін композициялық сүзгі материалдарын өндіру» жобасы ауыз­су сапасын жақсартуға бағыттал­ған. ШҚУ ғалымдары биополимерлер, керамикалық және көміртекті материалдар негізінде графит оксидімен модификацияланған сүзгілеуші ком­позициялық сорбенттер өндірісін жолға қоймақ. Сондай-ақ оларды картридж түрінде құрастыруды, корпусын дайындауды университет базасында жүзеге асырады.

Ғылым және жоғары білім ми­нистрлігінің таратқан ақпаратына сүйенсек, жақында С.Аманжолов атындағы ШҚУ құны 125 000 000 теңге тұратын су тазартқыш сүзгіні өндіру үшін L-BW 380 жабдығын сатып алды. Жаңа техника сүзгілерге қажетті сапалы корпустар жасауға мүмкіндік береді. Ғылыми қызметкерлердің айтуынша, өнімді нарыққа бір жылдың ішінде шығару жоспарланған. Осы уақыт аралығында ғалымдар тобы техникалық білім алып, сүзгі жасайтын жұмыс орнын дайындауы қажет. Алдағы уақыт­та еліміздің ауызсу тұтынушылары­на ауыр металдардан, микроорганизм­дерден және органикалық қосылыс­тар­дан тазартылған су жеткізіледі. Алғаш­қы отандық сүзгі ресейлік балама­лар­ға қарағанда бағасы арзанырақ. Ал тұрмыстық сүзгі 4-5 ай бойы қызмет етеді.

Жоба жетекшісі, университеттің аға ғылыми қызметкері Тілек Қуаныш­беков бұл туралы: «Елдегі жерүсті су айдындарының шамамен 70%-ы лас­тан­ған. Бұл жағдайды, әсіресе, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарын­да­ғы өнеркәсіптік кәсіпорындар одан са­йын күрделендіріп отыр. Өндіріс­тік көздерден шыққан ағынды сулардың шамамен 20%-ы тазартылмай, тіке­лей су айдындарына жіберіледі. Біз ұсын­ған тазарту құрылғылары арқылы осы мәселені шешуге болады», деп түсіндірді.

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті су ресурстарын қорғау ісіне айтарлықтай үлес қосып жатыр. Екі жыл бұрын «Гидроэколо­гия, менеджмент және трансшекара­лық су қауіпсіздігі» білім бағдарламасы ен­гізілді. Оның басты мақсаты – гидроресурстар мониторингінде геоақпарат­тық әдістерді қолдана алатын, су ресурстарын экологиялық нормалар мен ұтымды пайдалану стандарттарына сай басқаратын мамандар даярлау. Осылайша, ШҚУ гидрологтер, гидрохимиктер, сел мамандары, гляциолог­тер және табиғатты пайдалануда гео­ақпараттық жүйелер мамандарының резервін даярлап келеді.

 

Түйетабанның қатерлі ісікке қарсы қасиеті

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық зерттеу университетінің ғалымдары түйетабан өсімдігінің қатерлі ісікке қарсы қасиеттерін зерттеп жатыр. Нәтижесінде, зерттеушілер қатерлі ісікке қарсы қолданылатын дәрілік препараттарды әзірлеу тәсілдерін жетілдіріп, Іле-Балқаш өңірінде өсетін бұршақтүсті түйетабан өсімдігінің қатерлі ісік ауруына қарсы белсенділігін анықтады.

Бұршақтүсті түйетабан ертеден халық медицинасында кеңінен қол­данылған. Дегенмен аталған өсімдік ғылыми тұрғыда толық зерттелмеген еді. ҚазҰУ ғалымдары алғаш рет аталған өсімдік құрамындағы фитохимиялық және биологиялық белсенді заттарды анықтауға бағытталған ауқымды зерттеу жұмысын жүргізді. Зерттеушілердің айтуынша, бұл жоба алдағы уақытта отандық фармацевтиканы дамытуға септігін тигізбек.

Ғылыми жоба бойынша қауым­дас­тырылған профессор Әсем Мамыро­ва, PhD, Түркия профессоры Ахмет Бейатлы, ҚазҰУ-дың аға оқытушысы және докторанты Гүлзат Қайранова жұ­мыс істеп жатыр. Болашақта мамандар патент алуды, жоғары рейтингтегі ғы­лыми журналдарға мақала дайындауды жоспарлап отыр.

Жобаны жүргізушілердің бірі Г.Қайранова: «Жоба нәтижесінде бұр­шақтүсті түйетабан өсімдігінің био­логиялық белсенділігі жоғары екені анықталды. Өсімдік сығындылары антиоксиданттық, антимикробтық және цитоуыттылық қасиеттерімен ерекшеленді. Мәселен, этанол сығын­дысы күшті антиоксиданттық белсен­ділік көрсетті, ал этил ацетаты сығындысы бактерияларға қарсы тиімділік танытты. Сондай-ақ өсімдіктің белгілі бір сығындылары лейкемия жасушаларына қарсы тұра алатыны дәлелденді. Мұны болашақта қатерлі ісік ауруына қарсы дайындалатын дәрілерге пайдалануға болады», деп пікір білдірді.

 

Ауаға зиян зат жібермейтін сүзгі

Соңғы жылдары түрлі созылмалы және қатерлі ісік аурулары көбейді. Мұның бір себебі ретінде экологиялық мәселелер, соның ішінде ауаның ластануы да айтылып жүр. Отандық ғалымдар бұл жағдайды да жақсартуға жұмыс іс­теп келеді.

Айталық, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғалым­дары атмосфераға зиянды шығарын­дыларды азайтатын сүзгілер жасады. ЕҰУ инженерлік зертханасының қыз­меткерлері әзірлеген өнім атмос­фе­раға бөлінетін көмірқышқыл газының шығарындыларын азайтуға көмек­те­се­ді. Сүзгілерді электр стансалары мен зауыттардағы шығарындыларды бақы­лау үшін пайдалануға болады, бұл көмір­тегіні азайтып, экологияны жақ­сар­тады. Зерттеулерді сонау 1957 жылы құрылған Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттік (IAEA – The Inter­national Atomic Energy Agency) қаржыландырған.

Жоба жетекшісі, PhD Илья Король­ков: «Жобаның мақсаты – көмірқыш­қыл газын алу тиімділігін арттыру үшін елімізде өндірілетін трек мембраналарын (сүзгілерді) металл-органикалық қаңқалы қосылыстармен біріктіруге мүмкіндік беретін инновациялық технологияны әзірлеу. Біз металл-органикалық жақтау қосылыстарын ұстап тұратын, сол қосылыстардың қасиеттерін арттыратын жол мембраналарының бетінде, сондай-ақ арналарында арнайы қабаттар жасау үшін жұмыс істеп жатырмыз.

2024 жылдың соңында IAEA жобаны 5 жылға қаржыландыруды мақұлдады. Қазақстан Париж келісіміне қосыла отырып, парниктік газдар шығарындыларын азайту және инновациялық экологиялық технологияларды енгізу бойынша өз міндеттемелерін орындау үшін белсенді шаралар қабылдады. Осыған орай біздің жоба Париж келісімін орындау бойынша да өз үлесін қосып отыр», деп атап өтті.

 

Төбет ғылыми тұрғыдан зерттелді

Көп ұлттық тағам түрлерін немесе басқа да халқымызға тән құндылықтарды қазаққа телу үшін де ғылыми негіз керек екені рас. Мысалы, тазы итін жеті қазынасының біріне жатқызатын қазақ­тыкі дейміз. Бірақ соған ғылыми дәлел қайда? Мұндай мәселе мемлекеттік мінберде де көтеріліп, «Біз тазы және төбет тұқымдарын халықаралық аренада насихаттауға тиіспіз» деп атап өткен Мемлекет басшысы 2023 жылғы 20 қаңтарда «Қазақ ит тұқымдарын сақтау және көбейту мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Содан бері Генетика және физиология институтының ғалымдары қазақтың төбет тұқымды иттерінің шығу тегін зерттеп келеді. Зерттеу нәтижесінде жазылған «Қазақтың төбет тұқымының генетикалық әртүрлілігі және шығу тегі» атты ғылыми мақала 2024 жылғы 4 қазанда әлемдегі ең көп сілтеме­лер жасалған бес ғылыми басылымның қатарына кірген «Scientific reports» журналында жарияланды.

Институт таратқан ақпаратқа қара­ғанда, ғалымдар осы зерттеуде өзде­ріне үш негізгі бағытты анықтап алған: тұқымның әртүрлілігі, шығу тегі және көнелігі. Қазақ төбеті – асылтұқымды ит. Олар ежел­ден үй жануарларын қорғауға пайда­ланылған. Генетикалық зерттеу осы тұқым туралы тың фактілерді ашты. Ғалымдар Қазақстан мен Моңғолияның түрлі өңірлерінен 107 итті зерттеп, ДНҚ-ның тізбегіндегі қысқа тандемді қай­талауларды (STR) талдаумен шұғыл­данды. Сонымен қатар олар екі төбеттің толық геномдық секвенирлеу дерек­терін пайдаланып, бұларды басқа 24 жұмысшы ит тұқымының геномдарымен салыстырды.

Зерттеу нәтижелері төбеттің жеті түрлі генетикалық кластерден тұра­тынын көрсетті. Бұл тұқымның бай әрі күр­делі мұрасын білдіреді. Тұқымның ежелден ұсақ малмен бірге көшіп-қонып жүргендіктен, біртекті болмауы мен бір текпен шектелмеуі қиынға соққан. Сонымен қатар осындай генетикалық әртүрлілік аталған тұқымға басқа тұқым­­­дардан қанның үздіксіз беріліп отыр­ғанын көрсетеді.

Ерекше қызықты жайт, ғалымдар төбет тұқымының тибет мастифтерімен туыстығы туралы әлі күнге дейін кең таралған гипотезаны жоққа шығарды. Филогенетикалық талдау осы тұқымның түрік ақбасына жақын екенін, орта­азиялық төбетпен туыстығын және тибет мастифінен кем емес ежелгі екенін көр­сетті. Мұны митохондрия ДНҚ-ның тізбегін талдау да растады. Екі төбет итінде A18 гаплотипі анықталып, бұл ең көне жеті гаплотиптің қатарына кіреді.

Зерттеу нәтижелері тек көне тұқым­ның құпияларын ашып қана қоймай, мұны сақтау мен жақсарту үшін алғашқы ғылыми негізді қалыптастыруда маңыз­ды рөл атқарады.

Соңғы жаңалықтар

Аталар дәстүріне адалдық

Өшпес даңқ • Бүгін, 11:20

Жезді жәдігерлері

Көрме • Бүгін, 11:00

Елімізде 3 300 Жеңіс бар

Қоғам • Бүгін, 10:50

Құрметке лайық жандар

Инфографика • Бүгін, 10:30

Тарихи кездесу

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:50

Қызылжар қырандары

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:40

Ерікті болу – елдік іс

Архив • Бүгін, 09:30

Мәншүк есімі – АҚШ мұрағатында

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:20

Бел жазбай жұмыс істеген балалар

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:50

Ерлердің еңселі ескерткіші

Аймақтар • Бүгін, 08:45

Отыз жасында опат болған оғлан

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:40

Жеңіске ерекше үлес қосқан өңір

Аймақтар • Бүгін, 08:30

Момышұлы ардақ тұтқан Мұхаметқұл

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:20

Аңдатпа

Аңдатпа • Бүгін, 08:15