
Наурыздағы ҰБТ-ға шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданған, өткен жылғы мектеп және колледж түлектері, ел азаматтығы жоқ, ұлты қазақ тұлғалар, сондай-ақ мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін қатысады.
ҰБТ барысында калькулятор, химиялық элементтердің периодтық жүйесі (Менделеев кестесі) және тұздардың ерігіштік кестесі тестілеу бағдарламасында қолжетімді болады. Тест тапсырушылар тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Сертификат апелляциялық комиссияның шешімінен кейін талапкердің жеке кабинетінде шығады.
ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалады, яғни үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша болады. ҰБТ тапсырмалар саны – 120. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығынан» 10 тапсырма, «Математикалық сауаттылықтан» 10 тапсырма және екі бейінді пән бойынша 40 тапсырмадан. Жоғары балл да 140 болып өзгермей қалды. Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек. Бір ескерерлігі, талапкерлер өтініш беру барысында олар тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдады.
Естеріңізге сала кетсек, 10 ақпанда қаңтар ҰБТ-сы аяқталды, бұл тестілеуге 164 мыңға жуық адам, соның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 392 талапкер қатысты. Талапкерлердің 76,8%-ы қазақ тілінде, 23,1%-ы орыс тілінде, 89 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті. ҰБТ-да шекті балды 70,4%-ға жуық талапкер жинады. Орташа балл 65,8-ді құрады. Ең жоғары балл – 139. Жалпы, 186 талапкер 130-дан жоғары балл жинады. Тестке қатысушылардың басым бөлігі «Математика-Физика» комбинацияларын таңдаған, атап айтқанда, 17,5%-ы тапсырды. «Биология-Химия» пәндерін 17,27% таңдаған. Сондай-ақ топ-3 қатарына талапкерлердің 10,29% таңдаған «Математика-Информатика» комбинациясы кірді. Ең аз таңдалған комбинация – «Химия-Физика», оны 197 адам тапсырған. Қаңтарда тестілеуден өткен талапкерлер «Оқу сауаттылығы» пәнін жоғары деңгейде тапсырды. Орташа есеппен сұрақтардың 75,43%-ына дұрыс жауап берілген. Ал «Физиканы» тапсырған талапкерлердің тек 32,32% тапсырманы дұрыс орындаған, оларға «Электромагниттік индукция» тақырыбы қиын болды. Осылайша, ҰБТ нәтижелері бойынша Ұлттық тестілеу орталығы тек сандар емес, сонымен қатар тақырыптар бойынша жан-жақты, толық талдауды да ұсынады.
ҰБТ өткізу барысында 197 рет ереже бұзылғаны белгілі болды. Оның ішінде 101 талапкер смартфон және шпаргалка сияқты тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды, ал тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 96 адам шығарылды. Өзге тұлғалар анықталған жоқ. 2025 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізілетінін, тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылды.