
Облыстық мәдениет басқармасының бастамасымен ашылып отырған аймағымыздағы алғашқы ақындар мектебі айтыс өнеріне ден қойған дарынды жастардың басын қосып, бағыт-бағдар беріп, таланттарын шыңдамақ. Қазақ айтысының қара нары, ақын, қоғам қайраткері Жүрсін Ерман бастаған ел ағалары Ақындар мектебінің тұсауын кесіп, жас таланттарды айтыс өнеріне баулитын мектеп жұмысына сәттілік тіледі. Салтанатты жиынға Арқа төрінен, Алатау баурайынан, шежірелі Семей өңірінен келген есімдері республикаға танымал Аманжол Әлтай, Серікзат Дүйсенғазы, Жанарбек Әшімжан, Дәулет Сметов, талай дүбірлі айтыс додаларында облысымыздың қанжығасын майлаған жерлестеріміз Абаш Кәкенов, Серік Құсанбаев сынды ақын ағаларымыз бен Ақтан ақынның ұрпақтары, зиялы қауым өкілдері қатысты.
А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында ашылған ақындар мектебіне демеушілік жасаған Ержан Нұрбаев бастаған Ақтан ақынның ұрпақтары.
Бұл игілікті шара «Қарасөздің қарагері Қалихан» атты дүбірлі республикалық ақындар айтысымен, жаз айларында Қалихан мен Дидахметтің туған жері Катонқарағай ауданында өтетін ауқымды республикалық шаралармен жалғаспақ.
Жастардың жыр көкжиегін кеңейтіп, жаңа есімдердің қалыптасуына жол ашатын бұл мектеп – Шығыстағы рухани ортаның жаңа тынысы.