Білім • 09 Сәуір, 2025

Шетелдік ЖОО филиалдары: Ізденіс пен мүмкіндік

53 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Осы күні әрісі Америка, берісі Ұлыбритания, одан қалды көршілес мемлекеттер университеттерінен елімізде жүріп-ақ білім алу жастарға қолжетімді болып отыр. Өйткені елімізде шетелдік оқу орындары, филиалдары көптеп ашылды. Бірақ жоғары сынып оқушылары мен олардың ата-аналарында мұндай білім ордаларына түсу талаптары төңірегінде сұрақтары толастамай тұр. Осыған орай жауапты министрлік республика көлемінде көрме өткізіп, барлық сұраққа жауап беріп, түсіндірді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында айтылды.

Шетелдік  ЖОО филиалдары: Ізденіс пен мүмкіндік

Конференцияда сөз алған Ғы­лым және жоғары білім ми­нистрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев өткен айда екі аптадай елі­мізде ашылған шетелдік жоғары оқу орындарының (ЖОО) филиалдарына түсу бойынша ақпараттық-түсіндірме жұмысы жүргізілгенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда үздік шетелдік ЖОО филиалдарын ашу тура­лы тапсырмасын орындау, талантты жас­тарды қолдау, жоғары білімнің қолже­тім­дігін қамтамасыз ету мақсатында іске асырылды. «Study in Kazakhstan» атты шетелдік ЖОО филиалдарының көр­месі Қарағанды, Астана, Алматы, Тараз, Түркістан, Қы­зылорда, Шымкент қала­ларындағы іргелі университеттер мен оқушылар сарайларында өткізілді. Бұған 20-дан аса шетелдік ЖОО филиал­дарының өкілдері, атап айтқанда, Ари­зона университеті (АҚШ), Солтүстік-Батыс политехникалық университеті (ҚХР), Жасанды интеллект мектебі (Seoul Tech) (Оңтүстік Корея), Лотарингия университеті (Франция), Ұлттық зерттеу ядролық университеті МИФИ (РФ), Марке политехникалық университеті (Италия), Анхальт университеті (Гер­мания), Ковентри университеті (Ұлы­британия), Херриот-Уотт универси­теті (Ұлыбритания), Быдгощ экономика университеті (Польша), Д.И.Мен­делеев атындағы Ресей химия-техно­логиялық университеті (РФ), Лу Бан Тянь­цзинь кәсіптік институтының шеберханасы (ҚХР), Квинс университеті (Ұлыбритания), И.Губкин атындағы Ресей мұнай және газ университеті (РФ), Бер­лин техникалық университеті (Герма­ния), М.В.Ломоносов атындағы Мәс­кеу мемлекеттік университеті (РФ), Пекин ­тіл және мәдениет университеті, Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері университеті (Өз­бекстан), Гонконг университеті ­(ҚХР), Де Монфорт университеті (Ұлыбри­та­ния) қатысып, 10-11 сынып оқушыла­рына өздерінің білім бағдарламалары, академиялық мүмкіндіктері, қос диплом бағдарламалары, оқу шарттары туралы ақпарат берді.

«Іс-шара аясында шетелдік ЖОО филиалдарының ерекшеліктерін ескере отырып, мамандық таңдауда дұрыс бағыт-бағдар беретін шеберлік сабақтары өткізілді, түрлі викториналық ойындар ойнатылды. IDP IELTS Kazakhstan ресми емтихан орталығының өкілі IELTS тапсырудың мүмкіндіктері туралы түсін­дірді. Ал белгілі педагог-профориентолог мамандар түрлі фактілерді келтіріп, талапкерлердің талабын арттырды. Іс-шараға өңірлер мен қалалардан 32 500-ге жуық оқушының ата-аналарымен бірге келгенінен көрменің көпшілікке қызық болғанын білуге болатындай. 3-12 сәуір аралығында Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Жаңаөзен қалаларында Маңғыстау және Атырау облыстарына бөлінген ныса­налы білім гранттары, кәсіптік бағыт-бағдар беру бойынша ақпараттық түсін­дірме жұмыстары жүргізіледі», деді Р.Емелбаев.

Ал «Мамандығым-болашағым» кеңсе­сінің басшысы Олжас Сәкенов өңірлік еңбек нарығының өзекті сұра­ныстарын ескере отырып, кадрлар даяр­лау жүйесін қайта форматтауды көз­дейтін «Мамандығым – болашағым» жобасының іске асырылу барысына тоқталды. Спикердің сөзіне қарағанда, Мемлекет басшысының 2019 жылғы Жолдауындағы тапсырмасына сәйкес қолға алынған жоба бойынша команда екі деңгейде – республикалық және өңірлік деңгейде жасақталады. Себебі бұл жұмыстың міндеті ауқымды болып тұр, яғни экономикалық даму­дағы өңірлік теңгерімсіздікті теңестіру, стейкхолдерлердің (мемлекет, кәсіп­орындар, білім беру ұйымдары, жас­тар, ата-аналар) кең ауқымы үшін еңбек нарығы және білім туралы ақпаратқа қол жеткізуді теңестіру, сондай-ақ өңір­лік бөліністе еңбек өнімділігі мен халық­тың табысын арттыру жүк­телген. Осыған орай Ғылым және жо­ғары білім министрлігіне қарасты Жо­ғары білім беруді дамыту ұлттық орта­лығының базасында «Мамандығым-болашағым» республикалық жобалық кеңсесі құрылды. Кеңсе жобаны жалпы үйлестіреді, сондай-ақ өңірлік жобалау кеңселеріне әдіснамалық көмек көрсетеді.

«Жоба аясында облыс, республи­ка­лық маңызы бар қала мектептері­нің 7-11 сынып оқушыларына кәсіп­тік диагнос­тика жүргізу көзделген. Бұл ретте «Edunavigator» платформасы – оқушыларға, мек­теп­тердің кәсіптік бағдар берушілеріне және облыстардағы білім басқармасы­ның өкілдеріне арналған кәсіптік диаг­нос­тика құралы. Кәсіби диагностика оқу­шының өзі туралы түсініктерін қа­лып­тастыру, кәсіби өзін-өзі анықтауға, кәсіби мансапты болжауға жәрдем­десу, білім алушылардың жеке қасиетте­­рін, қабілеттерін, бейімділігі мен қызығу­шығына қарай мамандық таңдау, осы мамандықты (кәсіптерді) оқыту үшін ұсы­нылатын кәсіптер мен оқу орын­дарын қамтамасыз етеді. Жоба шең­берінде «Edunavigator.kz» платформасынан (Маңғыстау, Қарағанды, Павлодар, Ақтөбе, Жетісу, Ақмола, Жамбыл облысы мен Алматы қаласында) 100 мың­ға жуық оқушы тестілеуден өтті. Тесті­леудің нәтижелері әр қатысушының біре­гей кәсіби қызығушылықтары мен қалауына сай мамандық таңдау, оқыту бағ­дарламалары бойынша ұсыныстар­ды жеке­лендіруге, олардың болашақ мансаптық дамуына қолдау көрсетуге мүмкіндік берді», деді О.Сәкенов.

Кеңсе басшысының баяндауын­ша, қазіргі уақытта 91 отандық ЖОО-да жаңа кәсіптердің салалық атластары мен өңір­лік карталар негізінде 902 білім бағ­дар­ламасы әзірленді. Колледждерде 45 білім бағдарламасы апробациядан өтеді. 9 өңірде кадрларға қажеттіліктің өңірлік карталары жасалады. Өңірлік карталар көмегімен 473 жаңа мамандық анықталды. Осы үшін 17 өңірлік Жобалық кеңсенің командалары оқудан өтті. 91 ЖОО 902 жаңа білім беру бағдарламасын енгізді. Павлодар және Маңғыстау облыстарында колледждерде 45 білім бағдарламасы енгізілді, бұл бойын­ша 4 081 оқушы оқиды. Алдағы уақытта 6 өңірде (ШҚО, БҚО, СҚО, Абай, Қызылорда облыстары, Шымкент қаласы) кадрларға қажеттіліктің өңірлік карталарын әзірлеу жергілікті бюджеттен көзделген.