Қоғам • 09 Сәуір, 2025

Енді валюта бағамы көшеде көрсетілмейді

78 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Наурыз айынан бастап Ұлттық банк айырбастау пункттеріне бағам жазылған тақтаны көшеге ілуге тыйым салған еді. Айтуынша, мұндай тақталар жол қозғалысына кедергі келтіреді. Алайда қарсы тарап бұл дәлел негізсіз екенін айтады, деп хабарлайды  Egemen.kz.

Енді валюта бағамы көшеде көрсетілмейді

Фото: ашық дереккөз

«Көшеде ілініп тұрған валюта бағамы туралы ақпарат – әлеуметтік маңызы бар ақпарат. Ол әрдайым қолжетімді әрі барынша ашық болуы керек. «Жарнама туралы» заң валюта бағамдарын айырбастау пункттерінің қасбеттеріне, шатырларына және кіреберістеріне орналастыруға тыйым салмайды»,  дейді Айырбастау пункттері қауымдастығының экономикалық сұрақтар бойынша кеңесшісі Рәбиям Серікбаева.

Айырбастау пункт иелері Ұлттық банктің мұндай ереже қабылдауының өзі «әділетті емес» деп санайды. Олардың пайымынша, жаңа ереже жобасы «Ақпаратқа қол жеткізу» туралы заңға қайшы келеді. Әрі Ұлттық банктің көше кеңістігін, жол қауіпсіздігін және қалалардың сәулеттік келбетін реттеуге өкілеттігі жоқ деген пікірді айтады.

Ұлттық банк ұсынған мәліметке сүйенсек, қазір елімізде 565 айырбастау пункті бар. Егер жаңа ереже күшіне енсе, олардың табысына, тұтынушылар санына міндетті түрде әсер етеді.

Сала мамандарының сөзінше, сауда орталықтары, әуежайлары, темір жол мен казиноларда орналасқан айырбастау пункттері тақтаны алып тастауға міндетті емес. Қаулыда ондай ереже жоқ. Шектеу тек көше бойындағы айырбастау пункттеріне қатысты.

Айта кетейік, валюта курсы жазылған таблоны алып тастау туралы қаулы  «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Әзірге күшіне енген жоқ, талқылау 14 сәуірге дейін созылады. Егер күшіне енсе, пункт иелері ол тақтаны ғимарат ішіне ғана ілуге міндетті болады.

Айырбастау пункттерінің жұмысына қатысты ереже бұл ғана емес. Қаңтарда Ұлттық банк айырбастау пункттеріндегі шетелдік валюталарды сатып алу және сату бағамдарының арасындағы айырмашылықты белгіледі. Енді айырбастау пункттерінде долларды сату мен сатып алу кезіндегі айырмашылық 7 теңгеден аспау керек.  Ал еуроны сату мен сатып алу кезіндегі айырмашылық 10 теңгеден аспауы тиіс.