Теннис • 12 Сәуір, 2025

Жалғыз жолдама – жерлестерімізде

80 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Теннистен Аустралияның Брисбен қаласында өткен Билли Джин Кинг кубогінің іріктеу сайысын еліміздің әйелдер құрамасы сәтті аяқтады. Екі кездесуде де жеңіске жеткен жерлестеріміз жарыстың негізгі бөлігінде күш сынасуға мүмкіндік беретін жалғыз жолдаманы иеленді.

Жалғыз жолдама – жерлестерімізде

Еліміздің теннисшілері алғашқы айналымда Аустра­лиядан 2:1 есебімен айласын асырды. Кеше Колумбиямен күш сынасты. Оңтүстік Америка құрлығынан келген ойыншылар жерлестерімізге жарытып қарсылық көрсете алмады. Юлия Путинцева Валентина Ар­риасты 6:0, 6:1 есебімен ойсырата ұтты. Юлияға небәрі 38 ми­нут жеткілікті болды. Елена Ры­бакинаға да өз қарсыласы Юлиана Лизаразоны бар-жоғы 52 минутта жеңді – 6:1, 6:2.

Соңғы жұптық сайыс та бі­здің қыз­дардың пайдасына шешілді. Зарина Диас пен Жібек Құ­ламбаева Перес Гарсия/Юлиана Лизаразо жұбын үш сетте жеңді – 6:2, 5:7, 6:4. Еліміздің құрамасы енді 16-21 қыркүйек аралығында Қытайдың Шэньчжэн қала­сында жалауы желбірейтін жа­рыстың финалдық бөлі­гін­­де­ күш сынасады.

Билли Джин Кинг кубогі 1963 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. 2020 жылға дейін ол Федерация кубогі деп аталды. Осы турнирде ең мол олжаға АҚШ құрамасы кенелді. Аме­рикалықтар 18 жарыста алдына жан салмады. Чехияның 11 мәрте мерейі үстем болса, Аустралияның алты аламанда асығы алшысынан түсті. Жекелеген теннисшілер арасынан Крис Эвертке тең келер ешкім жоқ. ХХ ғасырдың 70-80 жылдары жасындай жар­қылдаған АҚШ-тың Флорида штатының тумасы 8 турнирде топ жарды. Ал Билли Джин Кингтің өзі жеті рет жеңіс тойын тойлады.

Осыған дейін еліміздің құ­ра­масы аталған жарыстың финалдық бөлгінде 2022, 2023 жылдары өнер көрсетті. Бірақ қадамымыз сәтті болмады. Жерлестеріміз осы жолы барынша нәтижелі ойын өрнегін көрсетіп, өз жанкүйерлерін қуантады деген ойдамыз.