
«Кітап «Абыралы аңыздары» деп аталғанымен, мұнда ел аузындағы ертегі-аңыздар емес, аты аңызға айналған адамдар жайында деректер қамтылған. Ресми шекаралары бірде қосылып, бірде ажыраған шежірелі Шыңғыстау, қазыналы Қарқаралы, еңселі Егіндібұлақ, айбарлы Абыралы, олардың ортақ перзенттері Ә.Ермеков, Х.Ғаббасов, М.Тұрғанбаев, Н.Нұрмақов сияқты Алаш арыстары, жыр жампозы Жанақ ақын, ғұлама Ақжан Машани, қазақ әдебиетінде айшықты ізін қалдырған Сапарғали Бегалин, Төлеужан Ысмайылов, ән бұлбұлдары Әміре мен Бибігүл... Бәрі де аңыз адамдар ғой. Сонымен қатар жас ұрпақ аға буынның салған іздерін біле жүрсін деп, Абыралы өңірінде туып-өскен немесе белгілі дәрежеде қатысы бар 200-ден астам адамның қысқаша анықтамалық өмірбаяны берілді», дейді автор.
Қайырбек Шағырдың бұған дейін «Тартылыс», «Тебіреніс толқындары», «Арша аңқыған жаз», «Қалам мен қамшы» атты өлеңдер мен аудармалар жинағы оқырман қауымға жол тартқан еді. Бұл жолғы кітаптың да өңір үшін рухани маңызы зор, айтары мол.
Абай облысы