
Аталған байқауға Ресейде тұратын ақынның тікелей ұрпағы келеді екен дегенді естіп елең ете қалдық. Мақсатымыз тектінің тұяғын өз көзімізбен көріп, әңгімеге тарту еді. Оған дәнекер болған Абай музейінің қызметкері Мейрамгүл Сейітжапарқызы екенін айта кеткен жөн.
– Амангелді Ахметқалиұлы, сізден Көкбай атаның ұрпақтары жөнінде сұрайын деп едім...
– Көкбайдан екі бала болды. Бір ұл, бір қыз. Мен ұлы – Ахметқалидың баласымын. Көкбайдың немересімін. Менің әкемнің бес баласы болған, қазір содан үшеу қалдық. Ал қызы – Қалыш. Оның ұлы – Төкен Нұртазин. Жиенім Төкеннің төрт-бес баласы бар. Біреуі – Қарлығаш Нұртазина. Өзі журналист, бәлкім білетін де шығарсыз. Өзімнің бір ұлым, бір немерем бар. Біз Омбыда тұрамыз.
– Омбыға қалай барып жүрсіз?
– 1961 жылы мектептің соңғы қоңырауында директор: «Биылдан бастап 11 жыл оқисыңдар» деді. Ол кезде 7-сыныпта және 10-сыныпта мектеп бітіру кеші болатын. Соны естіген соң он шақты ұл-қыз арыз жазып, мектептен кетіп қалдық. Енді қайда бару керек? Өзім Семейде, Ертістің жағасында дүниеге келгенмін. Туған қаламды өте жақсы көремін. Ол кезде 3 жылдық училище болатын. Былайша айтқанда, толық орта, алғашқы арнайы білім береді. Мен сонда кеме жүргізу мамандығы бойынша білім алдым. Ол кезде кеме тарих қойнауына сіңіп бара жатқан. Өйткені дизельмен жүретін су көліктері дами бастаған еді. Сондықтан біз алғашқы рульді моторист маман болып шықтық. Бірде Омбыға, сосын Тобыл қаласына, Тарға жүзіп бардық. Одан кейін өмірдің ағысымен жүздік... Он жеті жасымда кеттім, содан бері Омбыда тұрам. Ойымда қазақша жақсы жеткізе алмай қалам ба деп БАҚ өкілдерінен алыстау жүремін.
– Қазақшаңыз жақсы екен. Сонымен Омбыға барып, немен айналыстыңыз? Ол жақта тұрақтап қалуға не түрткі болды?
– Мен сол Семейде жұмыс істеп жүргенде үй кезегіне тұрдым. Менің кезегім келіп қалғанда, мекеме бастығы «Сен әлі жассың, мына бір кәрі капитан зейнетке шығып жатыр. Бұл үйді соған берейік те, сен күте тұр» дейді. «Жоқ, мен күте алмаймын, балалы болдым», дедім. Аяғы дау-дамайға айналып, қысқасы, сол кеме шаруашылығындағы жұмысымнан шығып кеттім. Ол кезде Омбыда Ертістің үстінен көпір салып жатқан. Сол жаққа, катерлерге құтқарушы боп жұмысқа орналасатын болдым. Бірде газет оқып отырсам, Сверловск заң институты оқуға қабылдау туралы хабарландыру жариялапты. Прокуратурада кешкі оқу болатын, соған құжатымды тапсырып, заң саласына ауыстым. Алдымен халық сотында он жыл істедім. Екі-үш мәрте халық сотына сайландым. Кейін жаңа заң қабылданып, Президент өкімімен тағайындалатын болды. Одан соң облыстық сотта он бес жылдай қызмет атқардым. 2010 жылы отставкаға кеттім. Қазір зейнеткермін.
– Балаларыңыз Омбыда тұра ма, олардың қазақшасы қалай?
– Иә, Омбыда бәріміз бірге тұрамыз. Педиатр-дәрігер. Өкінішке қарай, балам қазақшаны ұмытып қалды. Үш жасына дейін Семейде шешемнің қолында болды. Сонда көршілеріміз «Үйіңе қайт, сенің балаң орысша жылауды да білмейді» деп айтатын, қазақшадан басқа бірауыз білмейтін. Балабақшаға барған соң орысша үйреніп алды. Мен рейсте жұмысбасты болып жүріп оны анда-санда көретінмін, қыстыгүні ғана бірге боламыз, ал жаздыгүні тіпті кездеспейміз. Солай өсті. Қазір немерем Ерназар 7-сыныпта оқып жүр. Дәм тартып, міне, Семейге келдік, атамның басына барып қайттық. Қазақша қарапайым сөздерді біледі, бірақ әңгімелесе алмайды. Олар түгіл менің жағдайымды көріп отырсыз ғой...
– Елге қайту ойларыңызда бар ма?
– Енді былай ойлап көріңіз, мен он жеті жасымнан бері Омбыдамын. Бала, немере, жиендерім сонда. Бәрін тастап мен қайда барамын? Мұнда кімім бар? Бір апайым ғана қалды, одан басқа ешкім жоқ.
– Омбы қаласында қазақша білім беретін мекемелер бар ма?
– Омбыда қазақтар көп, саны жағынан орыстардан кейін екінші орында. Омбы қазақтарының басын қосатын этно-мәдени ұйым бар. Бірақ онда ана тілімізде білім беретін жоғары оқу орны, колледж жоқ. Қазақ тілін үйрететін орталықтар жұмыс істейді. Ондағылар менің немеремді де әкеліңіз, үйретеміз деп айтады. Оған немерем қазір оқу оқиды, жаттығуға барады. Жазға шыққанша қоя тұрсын деймін.
– Енді әкеңізге оралайық, ол кісі де 30- жылдары қуғын-сүргін көп көрген тәрізді?
– Әкем Ахметқали да кезінде жап-жақсы өлең жазған. Бірақ жазғанын бізге көрсеткен жоқ. Жуырда ол кісінің екі дәптерін тауып алдым. Араб графикасымен (төтеше – Б.Қ) жазылғандықтан онда не жазылғаны әлі беймәлім. Әкемнің өлеңдері ме, әлде Көкбай атамның өлеңдері ме, білмеймін.
– Әкеңіздің деректерін таптыңыз ба?
– Таптым. Қазақстанның бас прокуратурасы 1989 жылы ақтаған екен. Мен мұны білмеппін, бір күні Алматыдан сот өкімі келді. Сол кісі соттың төрағасымен сөйлес деді. Сол уақытта Ресейде әкімшілік заң шықты. Қазақстанда ондай шыға қоймаған кез. Әкемнің құжаттарын іздедім, Семейде прокуратурада болдым, бүкіл жерден іздедім, архивтерді ақтардым. Сөйтсем ол кісі КарЛаг-та 3 жыл отырыпты. Қарағандыға бардым, онда да құжаттары жоқ. Содан әлгі Алматыдан келген сотқа тапсырдым. Бір аптадан соң ол: «Табылды, әкеңіздің құжаты Алматының архивінде» дейді. Алматыға қалай барғанын білмейміз. Сөйтіп, Омбы прокуратурасына айтып, сұрау салдырдым. Келді. Қылмыстық ісін қарап, оқып шықтым. Өзіміздің ағайындардың бос сөзі екен. «Ахметқали былай айтқан, солай айтқаннан» басқа әкетіп бара жатқан бәлендей ештеңе жоқ. Қылмыстық жауапкершілікке тартатындай еш айып таппадым. Заман солай болған шығар...
– Омбы қазақтың тарихи деректері көп сақталған жер екені белгілі. Өйткені Семей Батыс-Сібір генерал губернаторлығына қарады ғой деймін. Осы ретте Көкбай ата жөнінде қолыңызға ештеңе түспеді ме?
– Омбының облыстық архивінде Қазақстанға қатысты дерек көп. Тарихи деректердің көбі сонда сақталған. Ал Көкбай атамыздың Мұқыр болыстығы бойынша билер соты болып сайланғаны жөнінде құжат және генерал-губернатордың «бітістіруші сот болып тағайындалсын» деген бұйрығы табылған.
– Әкеңіз Ахметқали туралы іздестіріп едім. Тегі – Қажыбаев болыпты. Соның себебін айтыңызшы?
– Әкем түрмеден шыққан соң жұмысқа тұрады. Жұмыс істеп жүрген жерлері оның бір жарым айдан кейін сотталғанын біледі де, түрлі сылтау тауып, жұмыстан шығарып жібереді екен. Көкбай қажының ұлы екенін білген. Содан амалсыз Қажыбаев деп фамилиясын өзгертеді. Біз солай Қажыбаев болдық. КарЛаг-тан шыққан соң соғысқа аттаныпты. Соғысқа да Қажыбаев боп кеткен. Қан-қасап қырғыннан аман-есен келді, бірақ бір қолынан жараланып, шынтағын снаряды жұлып кетіпті. Қолын мойнына асып, көтеріп жүретін. Әкем 1970 жылы 64 жасында дүниеден қайтты.
– Қазір де тегіңіз Қажыбаев па?
– Жоқ, қазір Көкбаев. Сот боп істеп жүргенімде, фамилиямды өзгертіп алдым.
– Уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Бақытбек ҚАДЫР,
«Egemen Qazaqstan»
Абай облысы