Саясат • 15 Сәуір, 2025

Сенат спикері ресми сапармен Сауд Арабиясына барды

0 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының төр­ағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хат­шы­лығының басшысы Мәулен Әшімбаев Сауд Арабиясы Консуль­тативтік кеңесінің шақыруымен аталған елге барды. Сапар барысында Эр-Риядта Корольдіктің Консультативтік кеңесінің төрағасы Абдалла бен Мұхаммед бен Ибрахим Әл-Аш-Шейхпен және Ислам істері, уағыз және насихат министрі Абдулатиф бен Абделазиз бен Абдрахман Әл-Аш-Шейхпен кездесулер өтті.

Сенат спикері ресми сапармен Сауд Арабиясына барды

Сұхбат кезінде тараптар Сенат пен Консультативтік кеңес арасындағы ынты­мақтастықты және рухани дипло­матияны нығайту мәселелерін тал­қылады. Сондай-ақ алдағы кезеңге ар­нал­ған бірлескен жұмыстың маңызды міндеттеріне назар аударды.

Мәулен Әшімбаев Консультативтік кеңестің төрағасымен кездесуде Сауд Арабиясы Қазақстанның маңызды стратегиялық серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Дипломатиялық қатынастар орнаған 30 жыл ішінде екі мемлекет арасындағы ынтымақтастық нығайып, өзара мазмұнды әрі ашық саяси диалог қалыптасты. Бұған жоғары деңгейдегі екіжақты белсенді байланыстың нәтижесінде қол жеткізілгені анық.

«Қазіргі таңда екі ел арасын­дағы ынтымақтастық барлық салада қарқынды дамып келеді. Бұл ретте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қос Киенің Сақшысы – Король Салман бен Әбделазиз Әл-Сауд және Тақ мұрагері, Премьер-министр Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл-Сауд арасындағы өзара құрмет пен достыққа, ортақ құндылықтар мен ұстанымдарға негізделген қарым-қатынас шешуші рөл атқарады. Осы ретте сізге Қазақстан-Саудия қарым-қатынасын нығайтуға, сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің идеяларын дәріптеуге қосқан үлесіңіз үшін зор ризашылығымызды білдіреміз», деді М.Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат спикері Сенат пен Кеңес арасындағы байланыстарды одан әрі нығайтудың маңызды екенін тілге тиек етті. Кездесуде заңнамалық қызметте тәжірибе алмасу, достық топтарына мүше депутаттардың өзара сапарларын ұйымдастыру және Парламент Сенаты мен Консультативтік кеңестің салалық комитеттері арасында тығыз байланыс орнату бағытындағы бірлескен жұмыс мәселелері де талқыланды.

«Қазақстан мен Сауд Арабиясы ара­сындағы ынтымақтастықты дамыту жолында Сенат пен Консультативтік кеңестің өзара диалогі маңызды рөл атқарады. Осы орайда Сауд Арабиясының Консультативтік кеңесімен іс-қимылды одан әрі арттыруға мүдделі екенімізді атап өткім келеді. Бізді Корольдікте іске асырылып жатқан бастамаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету саласындағы тәжірибе қызықтырады. Осы орайда Сенат пен Консультатив­тік кеңесте құрылған достық топтары айрықша рөл атқаратынын атап өткен жөн. Олардың әлеуетін өзара диалогті нығайтудың тиімді тетігі ретінде барынша қолданған абзал. Сондай-ақ салалық комитеттер арасындағы байланыстарды да жандандырудың маңызы зор», деді Сенат төрағасы.

Сұхбат барысында Мәулен Әшім­баев Корольдіктің азық-түлік қауіпсізді­гіне қатысты қазіргі сын-қатерлерді еңсеру­ге және орнықты дамуды ілгерілету­ге арналған бастамаларын, сондай-ақ Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы мен Ислам ынтымақтастығы ұйымы аясындағы іргелі істерін жоғары бағалады.

Сенат спикері өз сөзінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық салалардағы кешенді өзгерістерге де жан-жақты тоқталды. Бұл ретте экономиканы әртараптандыру, цифрландыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту және инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы тың шаралар жөнінде сөз болды.

Өз кезегінде Абдалла бен Мұхаммед бен Ибрахим Әл-Аш-Шейх Сауд Арабиясы Консультативтік кеңесі көп­жақты қатынастарды дамытуға мүд­делі екенін айтып, Қазақстанда жүр­гізіліп жатқан саяси жаңғырулардың тиімділігіне назар аударды.

Кездесуде сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелері, оның ішінде екі тарап та қызығушылық танытқан салаларда инвесторларға арналған қолайлы жағдайлар кеңірек талқыланды.

Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев Сауд Арабиясының Ислам істері, уағыз және насихат министрі Абдулатиф бен Абделазиз бен Абдрахман Әл-Аш-Шейхпен кездесті. Онда тараптар конфессияаралық диалогті дамыту мәселелері мен перспективаларын талқылады. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының басшысы атап өткендей, Сауд Арабиясы толеранттылық пен конфессияаралық диалогті нығайтуға және съезд идеяларын дәріптеп, қолдауға үлкен үлес қосып келеді. Мәулен Әшімбаев мұндай қадам қазіргідей шиеленісе түскен тұрақсыздық жағдайында айрықша маңызға ие екенін атап өтті.

«Қазір әлем геосаяси қақтығыстар және сауда соғысы сияқты үлкен сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Сондай-ақ біз әртүрлі күштердің осындай халықаралық шиеленісті пайдаланып, радикалды идеологияны насихаттауға, ксенофобияны одан әрі қоздыруға және жек көрушілікті таратуға ұмтылып жатқанын көріп отырмыз. Мұндай жағдайда рухани дипломатияны ілгерілету және діни көшбасшылардың келісім мен диалогке шақыруы маңызды рөл атқарады. Сондықтан Сауд Арабиясына сапар аясында Дүниежүзілік ислам лигасымен бірлесіп, дінаралық диалогті нығайту мәселелеріне арналған дөңгелек үстел ұйымдастырып жатырмыз. Бұл іс-шаралар халықаралық деңгейде диалог мәдениетін дәріптеуге өз үлесін қосады деп үміттенеміз», деп М.Әшімбаев сұхбаттасушыға биылғы қыркүйекте Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезіне дайындық барысы туралы айтып берді.

Өз кезегінде Абдулатиф бен Абделазиз бен Абдрахман Әл-Аш-Шейх съезд аясындағы бастамаларға қолдау білдіріп, бүгінде форум идеялары­ның маңызы жаһандық деңгейде артып келе жатқанын айтты. Сондай-ақ ол өзара байланысты нығайту және рухани дипломатияны дамыту жолын­дағы ынтымақтастықты одан әрі жан­дандыруға дайын екенін жеткізді.

Бұған қоса Қазақстан делегацияның мүшелері «Neon» жобасының іске асырылу барысымен танысты. Аталған жоба аясында қаладағы экологиялық жүктемені азайтуды және «жасыл» энергетиканы барынша пайдалануды көздейтін ірі мегаполис салу жоспарланып отыр. Оның жалпы ауданы 26 500 шаршы шақырымды құрамақ.