Руханият • 15 Сәуір, 2025

«Тиектен» ағытылған туындылар

0 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттiк драма және комедия театрында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 2019–2023 жылдары мәдениет вице-министрі қызметін атқарған Нұрғиса Дәуешовтің «Тиек» атты шығармашылық кеші өтті.

«Тиектен» ағытылған туындылар

Мемлекеттік қызметте жүрсе де, бекзат өнерден қол үзбеген Нұрғиса Дәуешов шығармашылық кешінде күй атасы Құрманғазының «Аман бол, шешем, аман бол», «Көкала ат», «Байжұма», «Төремұрат», Махамбеттің «Жұмыр қылыш», Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу», Тұяқберді Шәмеловтің «Қали-Мәмен – күмбір күй», Қырымгерей Қажымовтың «Жайық толғауы», Қаршыға Ахмедияровтың «Күткенде» секілді шығармаларын орындап, көпшіліктің көңілін демеді.

Өнер иесі әр күйдің шығу тарихына тоқталып, әңгімесін өзінің мәдениет саласында көрген-білген есте қаларлық ерекше сәттерімен тұздықтай білді. Күй кешінде Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның Камералық хорының сүйемелдеуімен Төлеген Момбековтың әйгілі «Салтанат» күйі алғаш рет партитура нұсқасында орындалды.1

Нұрғиса Дәуешовті қолдай келген өнердегі қанаттас достары да халықтың қошеметіне бөленді. Атап айтқанда, күйшілер Батыржан Мықтыбаев пен Абай Қойшыбаев, Батыс Қазақстан облыстық филармониясының әншілері Дастан Есентеміров пен Ернар Өмірәлі, Ұлттық ұлан ән-би ансамблінің солисі Асхат Әмірғали, құмды анимация өнерінің шебері Айжан Жаркешова, күй айтысқа шыққан қырғыздың мәдениет қайраткері Гүлшат Талайбекова жұртшылықтың ыстық ықыласына ие болды.