Оқиға • 16 Сәуір, 2025

Бейбіт күннің батырлары: Иванның игі ісі

0 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Степногорск қаласындағы «Мақсат» колледжінің білім алушысы Иван Мизиннің  ерлігін естіген ел тәнті болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бейбіт күннің батырлары: Иванның игі ісі

Оқиға былай өрбіпті. Қалалық аурухананың маңындағы қараусыз қалған екі қабатты ғимараттан өрт шыққан. Ғимараттың ішіндегі кепкен ағаш, қаусаған жиһаз, өліқау жанып, төңіректі қою түтін басқан екен. Терезелерінің бәрі темір тормен тұмшалай жабылған. Өрт шыққан жердегі терезеде темір тор жоқ екен.

Ғимараттың жанынан өтіп бара жатқан Иванға әлдебір балалар жүгіріп келіп, өрт ішінде екі досының қалып қойғанын айтады. Жас жігіт ойланбастан көмек көрсетуге ұмтылған. Жартылай бықсып жанып жатқан зілмауыр диванды сүйемқарыс жылжытқанымен, одан әрі жол ашуға қауметі жетпепті. Төңірегіне көз салса, абырой болғанда екі полиция қызметкері өтіп бара жатыр екен. Жан ұшырып соларға жеткен. Мән-жайды түсіндірген. Аз уақыттың ішінде балаларды ажал аузынан құтқарған. Иван Мизиннің өзін өрт шарпығанымен өміріне қауіп жоқ, есесіне жас жігіттің көзсіз ерлігі батылдық пен адамгершіліктің жарқын үлгісі.