Спорт • 16 Сәуір, 2025

Түркістанда студенттер арасында «Еңбек кубогі» сарапқа салынады

0 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістанда колледж студенттері арасында алғашқы «Еңбек кубогі» республикалық спартакиадасының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Түркістанда студенттер арасында «Еңбек кубогі» сарапқа салынады

«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында өтетін спартакиадада еліміздің 20 өңірінің колледждерінен келген 2 мыңға жуық студент бақ сынайды. «Түркістан арена» стадионында өткен спартакиаданың ашылу салтанатында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров құттықтау сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі.  «Қазіргі таңда техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін трансформациялау бағытында үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі екі есеге өседі. Бұл колледждердің материалдық-техникалық базасын жақсартуға, педагогтардың біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді. Бүгінгі «Еңбек кубогі» спартакиадасы сіздерге тек спорттық жігер мен рух беріп қана қоймай, еңбекке деген жаңа көзқарас қалыптастырады деп сенемін», деді Ғани Бейсембаев.

Түркістан облысы ірі спорттық додаларды қабылдауға дайын екенін жеткізген Нұралхан Көшеров өңірде техникалық және кәсіптік білім беру саласында жаңа жоспарлар барын атап өтті. «Қазіргі таңда 50 колледжде 45 мыңнан астам студент білім алуда. Биыл колледждерге 15 мыңнан астам грант бөлудеміз. Оқу бағдарламасын нарық талабына сай бейімдейміз. Аталған бағытта жаңадан 11 жұмысшы мамандығына лицензия алынады. Түркістан – тарихи орда! Ел Президенті бұл қалаға ерекше мәртебе беріп, дамуына тұрақты көңіл бөлуде. Қасиетті шаһарда республикалық спартакиаданың өтуі заңдылық. Себебі Түркістан – еңбек адамдарымен мақтанатын өңір. Облыста «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» бойынша 130 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Оның 60 пайызы жұмысшы мамандықтарға арналған. Аймақта жаңа зауыттар мен өндіріс орындары ашылуда. Жастарды шақырамыз», деді облыс әкімі. Сондай-ақ Нұралхан Көшеров «Еңбек кубогі» спартакиадасы нәтижесінде үздік студенттерге Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті білім грантын тағайындайтынын жеткізді. Бірқатар жетекші кәсіпорындар спартиакиада жеңімпаздары үшін арнайы сертификаттар табыстап, жұмысқа қабылдайды.

Ғ.Елшібай

Ғ.Елшібай.

Спартакиада бағдарламасына баскетбол, шағын футбол, футзал, тоғызқұмалақ, шахмат, үстел теннисі және волейбол сынды спорт түрлері енгізілген.

ТҮРКІСТАН