Спорт • 17 Сәуір, 2025

Оралда дүбірлі жарыс өтті

0 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

14-16 сәуір күндері Орал қаласында қазақ күресінен жастар арасында ел чемпионаты өтті. Qazaq Kuresi қауымдастығының бастамасымен ұйымдастырылған біріншілікке еліміздің түкпір-түкпірінен келген 500-ден астам спортшы қатысып, 16 салмақ дәрежесінде 72 медаль түрін сарапқа салды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Оралда дүбірлі жарыс өтті

Жарыстың ашылу салтанатында БҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитов, Qazaq Kuresi қауымдастығыныңбас директоры Дамир Бекбосынов сөз сөйлеп, жас спортшыларға сәттілік тіледі.

«Ұлттық спортты дамыту әрбіріміздіңміндетіміз. Біздің өңірде ұлттық спорттың дамуы енді қарқын ала бастады. Сондықтан бар ықыласымызды салып, оны әлемдік аренаға шығаруды мақсат тұтамыз. Егер осы жарыста Батыс Қазақстан облысынан бірнеше жеңімпаз шығып жатса, әлем немесе Азия чемпионатын өткізуді қолға аламыз» деді Д.Бекбосынов.

«Орал» спорт клубының директоры Орынбасар Ғилымов өз сөзінде аударыспақ, бәйге түрлері, дәстүрлі садақ ату, жамбы ату, жекпе-жек, көкпар,тоғызқұмалақ атты ұлттық спорт түрлерін барынша дамытуды қолға алғандарын тілге тиек етті.

«Бабалар ізі» лигасын былтыр бастағанбыз. Ол кезде қалалық деңгейде өтті. Биыл енді лиганың ауқымын үлкейтейік деген мақсатта жақын аймақтағы аудандардан қатысушылар шақырттық. Яғни қазіргі таңда облыстық жарысқа айналды. 20 наурызда бастау алған лига бір айға созылады. Бұның басқа жарыстардан ерекшелігі – бір-екі жарыспен шектеліп қалмайды. Әр сенбі, жексенбі кездескен командалар келесі демалысқа дейін үздіксіз дайындық жасайды. Сол арқылы олардың қызығушылығы да артып жатыр» деді ол.

Сонымен жастар арасындағы ел біріншілігі тартысқа толы өтіп, жалғашқы күні қыздар арасында бас жүлдені 60 келіде Ақбота Сматали (Жетісу облысы), 65 келіде Аяулым Балғабаева (Жамбыл), 70 келіде Ақбота Қыдырәлі (Түркістан), +70 келіде Наргиз Оразбекова (Астана) жеңіп алды.

Жігіттер арасынан 90 келіде Ерасыл Мержанов(Абай), 100 келіде Ердәулет Қалмырза (Түркістан), +100 келіде Мейірхан Бейсенәлі (Түркістан) оза шауып, чемпион атанды.

Чемпионаттың екінші күні батысқазақстандықЭльнара Анарбекқызы жергілікті жанкүйерлерді қуантып, 48 келі салмақ дәрежесінде жеңіс тұғырына көтерілді. Одан бөлек, 44 келіде Жансая Таджимова(Қызылорда), 52 келіде Алира Шегелекова (Абай), 56 келіде Гүлназ Өмірбек (Түркістан) жеңімпаз болса, жігіттер сындарында Ерасыл Бақдәулет (Жамбыл) 72 келі, Бекзат Мақсұтов (Абай) 78 келі, Сұлтан-Бейбарыс Қайратұлы (Абай) 84 келі салмақ дәрежелерінде алдына жан салмады.