Алматы • 18 Сәуір, 2025

Көктөбе соқпақтары серуенге шақырады

0 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Күн өткен сайын Алматының төрін­дегі Көктөбе көркейіп, биігіне көте­рілгендерді ғажайып сезімге бөлейтін танымал нысанға айналып келеді. Жақында ғана пайдалануға берілген, төбеге апаратын соны соқ­пақтар жұрттан оң ба­ғасын алып, бұл мекенде серуендеу бұрынғыдан да жайлы әрі мазмұнды бола түсті.

Көктөбе соқпақтары серуенге шақырады

Біткен іске мұрындық болған да алматылықтардың өзі. Қала би­лігі тұрғындардың Көктөбеге қатысты өтініштерін ескере отырып, 2023 жылдың қазан айында жеке инвестиция есебінен ұзындығы 1,2 шақырым болатын, жаяу жүргіншілерге арналған «Денсаулық жолының» құрылысын бастаған еді. Себебі бұрын саябаққа жаяу бару әжептәуір қиындық туғызатын. «Денсаулық жолының» іске қосылуы туристердің де көңілінен шығып отыр. Күн сайын бұл соқпақпен 10 мыңдай адам Көктөбеге көтеріледі.

Алматы тұрғындары мен қонақтары енді Көктөбеге жаяу көтеріліп, таулар мен айналадағы табиғаттың таңғажайып көріністерін тамашалай алады. Бұрын жаяу жүргіншілер жолы автокөліктер  тоқтамайтын жолды қиып өтетін бол­ған­дықтан, қолайсыз әрі қауіпті еді. Жаңа соқпақ – өте ыңғайлы, денсаулыққа да пайдалы. Қала тұрғындары мұнда жиі келеді, жаңа соқпақтар скандинавиялық серуендеуге де барынша қолайлы. Жолдың өне бойына жарық орнатылған, бейнебақылау, орындықтар, қоқыс жәшіктерімен жабдықталған. Сонымен бірге демалушыларға асқар Алатаудың, Көктөбенің көркем беткейлеріне, Алматының келбетіне кеңінен қарайтын, көз суаратын бірнеше бақылау алаңы қарастырылған. Алаңдарды абаттандыру биыл 1 мамырға дейін аяқталады.

«Бүгінде негізгі құрылыс жұмыстары тиянақталды. Жақын арада іргелес аумақ­тарды абаттандыру басталады. Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасымен, тұрғындардың өтініштері қанағаттандырылып, келушілерге қолайлы жағдай жасалды. Мұнда демалушылар енді еркін сейіл-серуен құра алады», дейді «Көктөбе» саябағының өкілі Фархад Уәли.

Көктөбе саябағына жыл сайын 600 мыңдай адамның табаны тиеді. Оның бастапқы нүктесі – Орталық Азиядағы ең алғашқы, 1967 жылы пайдалануға берілген, жалпы ұзындығы 1620 метр, 17 гондолалық кабинасы бар қайталанбас аспалы жол екен белгілі. Алты минутта жоғарыға алып баратын кабиналардан да керемет көріністерді тамашалауға болады.

 

АЛМАТЫ