Медицина • 18 Сәуір, 2025

Отандық фармацевтика өндірісі қайтсе оңалады?

0 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Былтыр елімізде фармацевтика нарығының көлемі 2,5 млрд доллардан асты. Саланың өсуі ішінара экспорттық әлеует есебінен қолдау тапқан. Алайда отандық өндірістің үлесі төмен деңгейде (небәрі 15%) қалып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Отандық фармацевтика өндірісі қайтсе оңалады?

Алдағы бесжылдықта фармацевтикалық нарықтағы отандық тауар өндірісінің үлесін 50%-ға дейін ұлғайту мақсаты қойылған. Осы мақсатқа қол жеткізу қадамдары, отандық өндірушіге, жеке инвесторға тартымды жағдайлар жасау мүмкіндігі «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған жиында талқыланды.

ҰҚП төралқасының фармацевтикалық, медициналық өнеркәсіп және медициналық қызметтер комитетінің төрағасы Нұржан Отарбаевтың айтуынша, былтыр елімізде инвестиция көлемінің үштен бірге қысқаруы денсаулық сақтау саласының көрсеткіштеріне теріс әсер етті. Соңғы кездері өсімнің негізгі көзі – мемлекет қаражаты болып отыр. Бұл медицина секторында жеке инвестор рөлінің төмендеуін көрсетеді.

«Елімізде 2029 жылға дейінгі инвестициялық саясаттың тұжырымдамасы бекітіліп, оның шеңберінде кемінде 150 млрд доллар тарту жоспарлануда. Шетелдік инвестицияға қатысты проблемалардың ұлттық сипатта екенін түсінеміз, сондықтан қысқа мерзімде отандық инвесторларға назар аудару керек», деді спикер.

Инвестициялық ахуалды жақсартуға кедергі келтіретін факторлар – бюджеттік саясаттың белгісіздігі, келісімшарттардың тұрақсыздығы, қажеттіліктерді жанама бұғаттау және салалық нормативтік құқықтық актілердегі өзгерістердің баяулығы. Соңғы жылдары шекті бағамен дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды сатып алу тізімдерін бекітудің кешіктірілуіне байланысты қоймаларда қордың артылуы жиілеген.

«Бірыңғай дистрибьютормен жасалған ұзақ мерзімді келісімшарттарға қарамастан, мен отандық өндіруші ретінде Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырыстарын шекті бағамен бекітудің кешіктірілуіне немесе белгісіз себептермен Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырыстарына заттардың енгізілмеуіне байланысты өзімнің медициналық өнімдерімді сата алмаймын», дейді «ZHULDYZ KENAN» ЖШС директоры Бағлан Баққұлова.

Медициналық құрал-жабдықтарды өндірушілер қауымдастығының төрағасы Гүлмира Мұхамеджанова Денсаулық сақтау министрлігі ұсынып отырған медициналық техниканы сатып алу әдістерін толығымен қайта қарау қажеттігін жеткізді. Оның айтуынша, бұл нарықтың монополиялануына және сапасыз медициналық құрал-жабдықтарды жеткізу қаупіне әкелуі мүмкін.

Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев бағамен тапсырыстарды бекіту және нарыққа шығарылатын өнімдерді реинжинирингтеу мерзімдері бақылауда екенін айтты. Қазір медициналық бұйымдар номенклатурасының жобасы әзірленіп жатыр.

Мәселелерді шешу үшін бизнес бірқатар бастамаларды: отандық инвестор мәртебесін енгізуді, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті қолдауды, сатып алуды оңтайландыруды және фармацевтикалық және медициналық өнімдер нарығына шығу тетіктерін жеңілдетуді ұсынып отыр. Көтерілген проблемаларды егжей-тегжейлі зерделеу үшін нақты бағыттар бойынша қосымша кеңестер өткізілмек.