
Бұл – әлбетте бір ғана ұйымның я саланың атқаратын шаруасы емес, жұдырықтай жұмылуды қажет ететін ауқымды іс. Бұған қос ұйымның бірлесіп ақпараттық технология бағытында білікті кадр даярлайтын факультетті дәл өндіріс орнында ашып, тағы бірнеше мекеменің бірігуімен болашақ мамандарды оқыту үшін сыйға тартқан суперкомпьютердің іске қосылуы жақсы дәлел болады.
Алдымен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бас ғимаратына жиналдық. Бағытымыз – Ақкөл. Астанадан жүз шақырым жерде орналасқан, Ақмола облысына қарайтын бұл шағын қалада Республикалық ғарыштық байланыс орталығы бар.
Аталған жоғары оқу орны кадр даярлау мақсатында осы орталықпен тығыз байланыста жұмыс істейді. Сол байланыс беки түсіп, нәтижесінде, Еуразия ұлттық университетінің «Ақпараттық технологиялар» факультетінің филиалы ашылды. Университет студенттері, ғалымдары мен оқытушылары жүргізетін зерттеу жұмыстарының сапасын арттыру үшін Еуразия ұлттық университетінің «Param bilim-2» суперкомпьютері салтанатты түрде іске қосылды. Param bilim-2 – өнімділігі 1 ПетаФлопсқа дейін жететін заманауи есептеу кешені. Онда Үндістанның C-DAC орталығы әзірлеген «High Performance Computing» (HPC) бағдарламалық платформалары орнатылған. Жоба Ғылым және жоғары білім министрлігі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Еуразия ұлттық университеті, «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының күш біріктіруімен жүзеге асырылды. «Қазақтелеком» АҚ суперкомпьютерді жұмыс істеп тұрған деректер орталығына орналастырып, университетке қосымша күрделі шығын шығармауға, жабдықты жедел іске қосуға мүмкіндік берді.
Суперкомпьютердің іске қосылуында сөз алған Ғылым және жоғары білім министрінің орынбасары Динара Ринатқызы бұл жобаның маңызына тоқталды. «Қазақстан ғарыштық технологиялармен жұмыс істейтін санаулы елдердің қатарына кіреді. Біз мұнымен мақтануымыз керек. Академиялық кластерге 3 суперкомпьютер берілген, бұл – Еуразия ұлттық университеті, Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті, Қаныш Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық техникалық университеті. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетіндегі суперкомпьютерді Қытай үкіметімен ынтымақтастықта іске қосқанбыз. Бүгінгі Еуразия ұлттық университетінің суперкомпьютерін іске қосу Үндістан үкіметімен бірлесіп жүзеге асып отыр. Bilim-2 қазіргі таңда жасанды интеллект, тілдік модельдер, үлкен деректер, заттар интернеті, кванттық технологиялар және посткванттық криптография сияқты 30-дан аса ғылыми бағыт бойынша модельдеу және талдау есептеулерін орындауда қолданылады. Аталған суперкомпьютерлер Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзі тікелей бақылап отырған «AI Sana» бағдарламасы аясында іске қосылып жатыр. Бұл жерде мына нәрсені ескеру керек, Param-2 де, басқа жоғары оқу орындарына берілген суперкомпьютерлерге де толығымен тегін, үкіметаралық келіссөздердің нәтижесінде, қол жеткізіп отырмыз», деді Д.Ринатқызы.
Ал Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов бұл бастама бірлескен білім мен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға кең жол ашатынын жеткізді. «Осыдан 10 шақты жыл бұрын Үндістанның премьер-министрі елімізге келген жұмыс сапарында біздің университет негізінде суперкомпьютерді іске қосуға келіскен болатын. Осы уақытқа дейін суперкомпьютер жақсы жұмыс істеп келді. Отандық ғылымның дамуына айрықша үлес қосты. Енді технологияның дамуына байланысты оның күшін одан әрі арттыру үшін суперкомпьютерді жаңарту қажеттігі туды. Міне, бүгін біз Еуразия ұлттық университетінің базасындағы жаңартылған суперкомпьютерді іске қосып отырмыз. Мұны Ақкөл қаласындағы ғарыштық орталыққа орналастыруды «Қазақтелеком» ұйымымен бірге келісіп шештік. Себебі бірнеше жылдан бері осы орталықта біздің жоғары оқу орнындағы бірқатар факультетінің филиалы жұмыс істеп, студенттер өндірістік тәжірибеден өтеді. Осы жолы «Ақпараттық технологиялар» факультетінің де филиалын ашып отырмыз. Бұл бастамалар ғылым мен жоғары технологиялар саласы арасындағы өзара байланысты нығайтуға, жоғары білікті кадрлар даярлауға мүмкіндік береді. Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы ғылыми қалашықтар жұмысын дұрыс жолға қоюды тапсырған болатын. Біздіңше, аталған орталық соған сұранып тұр», деді Е.Сыдықов.
Осы игілікті іс-шараның бәрі «Қазақстанның цифрлық трансформациясы» атты ғылыми-практикалық конференциясының аясында ұйымдастырылды. Жиын шеңберінде еліміздің цифрлық даму бағыттары – телекоммуникациялық және АКТ инфрақұрылымын құрудан бастап, спутниктік технологияларды енгізу, киберқауіпсіздік және экономиканы цифрландыруға дейінгі өзекті мәселелер сөз болды. Сонымен бірге ақпараттық технологиялар саласында мамандар даярлау және цифрлық кластерлерді құру перспективасы талқыланды. Конференция соңында қатысушылар Ақкөлде цифрлық технологиялар, жасанды интеллект және кванттық зерттеулерге бағытталған ғылыми қалашық құру туралы бастама көтерді.