
Фото: Oqu-agartu ministrligi
Бүгінде білім беру ұйымдарында 1 000-нан астам педагог-кәсіби бағдар беруші еңбек етіп жатыр. Форумға барлық өңірден келген 200-ге жуық маман қатысты. Олар кәсіби бағдар беру жүйесіндегі өзекті өзгерістер мен заманауи тәсілдерді талқылады.
«Мамандық таңдау – әрбір адамның өміріндегі маңызды шешім. Бұл ретте мектеп барынша қолайлы орта қалыптастыруы тиіс. Министрлік осы бағытта нақты қадамдар жасап жатыр. Атап айтқанда, биылғы наурыз айында әр мектепке педагог-кәсіби бағдар беруші үшін жеке штат бірлігін бөлу туралы бұйрық қабылданды. Қазір мектептерде 1 159 кәсіби бағдар беруші жұмыс істейді. Жаңа оқу жылында олардың саны 7 920-ға дейін артады деп күтіліп отыр», деді Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан.
Сала министрлігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше форум аясында оқушылар мен ата-аналарға арналған білім көрмесі өтті. Көрмеге Қазақстан мен шетелдің жетекші жоғары оқу орындары қатысты. Канада, Ұлыбритания, Италия, АҚШ, Қытай, Гонконг, БАӘ университеттері өздерінің оқу бағдарламаларын ұсынып, қатысушыларға дайындық бағыттары, қабылдау шарттары және болашақта сұранысқа ие мамандықтар туралы жан-жақты ақпарат берді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрмеге 1 000-нан астам адам келген.
Еске салайық, 2025 жыл Мемлекет басшысының бастамасымен Жұмысшы мамандықтары жылы болып жарияланды. Аталған форум кәсіби бағдар беру жүйесін дамытуға ықпал ететін білім мен тәжірибе алмасуға арналған ашық алаңға айналды.