Қоғам • 22 Сәуір, 2025

Сайлау жүйесінде инклюзивті жауапкершілік арта түсті

40 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің жетекшілігімен ОСК жанындағы мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті. Оған Мәжіліс депутаты Кенжеғұл Сейітжан (онлайн), Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев, жұмыс тобы­ның мүшелері, мемлекеттік органдардың, ҮЕҰ өкілдері, әртүрлі өңірлерден сарапшылар қатысты.

Сайлау жүйесінде инклюзивті жауапкершілік арта түсті

Жұмыс тобының жиынын ашқан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобы ОСК жанында 2018 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті. Ал 2022 жылдан бастап ол жаңа ереже негізінде жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ оның құрамы мерзімді түрде жаңартылып отырады. Н.Әбдіровтің айтуынша, бүгінгі таңда қатысушылардың 70%-дан астамы – қоғамдық бірлестіктердің өкілдері. Бұл жұмыс тобының қолданбалы бағытын күшейтеді және мүгедектігі бар адамдардың сайлау үдерісіне нақты қажеттіліктерін есепке алуға ықпал етеді.

Мәжіліс мандатының кемінде 30%-ын әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар құрауға тиіс. Бұл маңызды квота Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауқымды конституциялық реформасы шең­беріндегі заңнамада бекітілген. Оты­рыс барысында ОСК төрағасы бұл норма тізімдерді тіркеу кезінде де, мандаттарды бөлу кезінде де міндетті екенін атап өтті.

Ол сондай-ақ ел көлеміндегі сайлау комиссияларының мүгедектігі бар мүшелерінің саны 2019 жылғы 455-тен бүгінде 735-ке дейін көбейгенін айрықша атап өтті.

– Бұл – инклюзивтіліктің жүйелі сая­сатын бірізді іске асырудың нәтижесі. Дегенмен әрі қарай дамытудың маңы­зы зор. Біз партиялардың сайлауалды бағ­дарламалары мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттарына – мазмұны жағынан ғана емес, техникалық жағынан да қолжетімді болуға тиіс деп санаймыз. Ол үшін біз жұмыс тобының мүшелерін сайлауда қолжетімді ортаны кеңейтуге ықпал ететін нақты ұсыныстарды енгізуге шақырамыз, – деді ОСК төрағасы.

Отырыста Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі министрліктің құзыреті шеңберінде жүргізіліп жатқан жұмыстар баяндады. Ол сайлау үдерісінде қолжетімді ортаны құру мәселелеріне назар аударып, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдар үшін «Қолжетімділіктің интерактивті картасы» порталының пайдасы туралы хабардар етті.

Жиын барысында ОСК мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арасындағы келісімнің негізінде Жол картасын әзірлеу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. ОСК төрағасы Н.Әбдіров бастамашылық еткен Жол картасы мүгедек адамдардың сайлау құқықтарын іске асырудың бірыңғай тәсілдерін әзірлеуге және сайлау органдары мен министрліктің өңірлік бөлімшелері арасында сайлау инфрақұрылымына қолжетімділікті кеңейтуде тиімді үйлестіруді қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.

Сондай-ақ «Шырақ» қоғамдық бірлестігі және Сенат жанындағы Инклюзия жөніндегі кеңестің төрағасы Ләззат Қалтаева «Шырақ» ҚБ, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар офисі және ОСК бірлескен жобасы шеңберіндегі сайлауды ұйымдастырушылар үшін мүгедек адамдардың сайлау құқықтары жөніндегі бейнекурстың әзірлену барысын айтып берді. Оның айтуынша, бейнекурс сайлауды ұйымдастырушыларға арналған теориялық аспектілерді де, интерактивті тапсырмаларды да қамтиды.

Сайлау учаскелерінің қолжетімділігі мониторингінің қорытындылары туралы «IteachMe» құзыреттілікті дамыту қорының директоры Захира Бегалиева хабарлады. Ол сөзінде шығып қалған мәслихат депутаттарының орнына сайлау барысында жүргізілген мониторинг учаскелердің көпшілігі қолжетімділіктің қажетті жағдайымен қамтамасыз етілгенін және әкімдіктер тарапынан назар аударуды талап ететін жекелеген мәселелер бар екенін көрсеткенін айтты. Сонымен қатар спикер басқа елдерде қолданылатын технологиялар мен шешімдер туралы, соның ішінде дауыстық сигналдары бар құрылғыларды, мобильді қосымшаларды және т.б. пайдалану туралы мәлімет берді.

Отырыстың күн тәртібінде көру қабілеті бұзылған адамдар үшін пайдаланушының дыбыстық ескертуі бар NVDA бағдарламалық жасақтамасын пайдалану жайы да қозғалды. «Қазақ зағиптар қоғамы» ҚБ «Павлодар» ҚҚ президенті Снежана Мрыль көру қабілеті бұзылған адамдардың өз бетінше дауыс беруі үшін жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті. Ол зағип сайлаушыларға басқа бір тұлғаның көмегінсіз ақпарат алуға мүмкіндік беретін осы бағдарламаның практикалық қолданылуы туралы айтты. Оның айтуынша, сайлау учаскелерінде осындай технологияларды енгізу сайлау үдерісінің қолжетімділігін және мүгедек азаматтардың сайлау белсенділігінің деңгейін арттырады. Нұрлан Әбдіров Павлодарда қанатқақты режімде қолданылып жүрген осы бағдарламаны сынақтан өткізуді ұсынды. Осы жұмыстың нәтижесі бойынша аумақтық сайлау комиссиялары оны сайлау үдерісіне одан әрі енгізу мүмкіндігі туралы ұсынымдар бере алады.

Отырыс соңында Ортсайлауком басшысы азаматтардың барлық санатының сайлау үдерісіне тең қатысуын қамтамасыз ету бойынша жүйелі және бірізді жұмыс жалғасатынына сенім білдірді. Жұмыс тобының мүшелері мемлекеттік органдармен бірлесіп, мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарының сақталуына тұрақты мониторинг жүргізуді және сайлауда қолжетімді ортаны жақсартуға қатысуды жалғастыра бермек.