
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі баспасөз қызметі
Бұл жоба «Жасыл даму» акционерлік қоғамының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Ынтымақтастық 2024–2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасының аясында қолға алынды. Аталған құжаттың басты мақсаты – еліміздегі қоршаған ортаның жай-күйін жақсарту.
«ИнтерМультиСервис» – 2008 жылы Алматы қаласында негізі қаланған, гофр картоннан жасалатын қаптамалар өндірісінде көш бастап тұрған отандық кәсіпорындардың бірі. Компания өндіріс барысында заманауи технологияларды қолдана отырып, қоршаған ортаға келетін зиянды азайту мақсатында қайта өңделген шикізатты белсенді түрде пайдаланады.
Ал «Technic Destroy» ЖШС – қалдықтарды қайта өңдеуге бағытталған мамандандырылған компания. 2024 жылдың тамызында бұл компания Алматыда Қазақстандағы алғашқы литий-ионды батареяларды қайта өңдейтін зауытты іске қосты. Кәсіпорын ай сайын 20 тоннаға дейін аккумуляторларды қайта өңдеп, құрамынан литий ұнтағын, алюминий мен мыс тәрізді құнды элементтерді бөліп ала алады.
Келісім аясында тараптар өндірістік ресурстарды біріктіріп пайдалану, технологиялық тәжірибе мен шикізатпен алмасу бағытында жұмыс істеуді жоспарлап отыр. Бұл серіктестік макулатураны өңдеудің тиімділігін арттырып қана қоймай, қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтып, саланың тұрақты дамуына жол ашуы тиіс. Мұндай өзара әрекеттестік еліміздегі экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған бизнестің нәтижелі ынтымақтастығының үлгісі болмақ.