
Университет кітапханасының іргетасы 1962 жылы қаланған. 1996 жылы 23 мамырда Целиноград педагогикалық институты мен Целиноград инженерлік-құрылыс институтының бірігуіне байланысты Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университеті құрылып, олардың кітапханалары да біріккен. Содан бері бұл мекеме оқу орнының зияткерлік әлеуетін арттырып, еліміздің білім беру кеңістігінде ерекше орны бар, мазмұны бай, мүмкіндігі мол ғылыми кітапхана ретінде қалыптасты.
Кітапхана директоры Бақытжан Әсетілдәұлының айтуынша, университет кітапханаларының үш негізгі мақсаты болады. Біріншісі – оқу үдерісін сапалы оқулықтармен қамтамасыз ету. Екіншісі – арнайы әдебиеттер арқылы ғылыми зерттеу жұмыстарына қолдау көрсету. Үшіншісі – студенттердің рухани-мәдени тұрғыдан өсуіне қолайлы жағдай жасау.
«Оқытушылар мен студенттердің сұранысы негізінде кітаптар сатып алынып, қор жыл сайын жаңарып отырады. Уақыт талабына сай қазір цифрлық жүйеге баса назар аударып отырмыз. Мәселен, кейінгі жылдары қаражаттың басым бөлігі электронды ресурстарды сатып алуға жұмсалды. Университет 26 отандық және шетелдік электронды кітапхана базасымен жұмыс істейді. Олардың ішінде ғылыми журналдар, мақалалар, диссертациялар мен монографиялар бар. Бұл жүйе студенттерге 24/7 форматында қызмет көрсетіп, білімге қашықтан қол жеткізуге мүмкіндік береді. Кітапханамызда электронды каталогтеу жұмысы да жетілдірілген. Әрбір кітаптың авторын, шыққан жылын, тақырыбын тиянақты жазамыз. Соның арқасында қажетті басылымды бірнеше секундта табуға болады. Сонымен қатар әр студентке жеке логин беріліп, кітап оқу статистикасы бақыланып отырады. Цифрлық жүйеге көшкендіктен, бұрынғыдай ұзын-сонар кезекке тұрудың да қажеті жоқ», деді Б.Әсетілдәұлы.
Қазір кітапхана таңғы 09:00-ден кешкі 23:00-ге дейін жұмыс істейді. Оқырмандарға қызмет көрсететін 830 орынды 10 оқу залы, 150 компьютермен жабдықталған 2 электронды зал, 2 абонемент пен 2 коворкинг аймақтары бар. Ерекше қажеттілігі бар студенттерге де арнайы жағдай жасалған. Қозғалысы шектеулі, көру немесе есту қабілеті төмен оқырмандарға үйіне дейін кітап жеткізу қызметі қарастырылған.
Осы кітапхананың тағы бір мақтанар тұсы – сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры. Мұнда белгілі тұлғалардың түпнұсқа еңбектері сақтаулы тұр. Академиктер Ә.Марғұлан, М.Қаратаев, С.Қирабаев, жазушы С.Бегалин, профессорлар Т.Кәкішев, О.Нұрмағамбетова, А.Сейдімбек, Т.Жұртбай және тағы басқа ғылым мен мәдениет қайраткерлерінің қолжазбалары бар. Жуырда ғана Қазақ ономастикасының теориялық негізін қалаған ғалым Телғожа Жанұзақ өзінің өмір бойы жинаған 800-ден астам құнды кітабын университет кітапханасына сыйға тартып, арнайы ономастикалық қор ашылды. Мұнда, тіпті көне шағатай тіліндегі жазбалардан бастап, Алаш қозғалысына қатысты мұрағаттық материалдар да бар.
Кітапхана бүгінде тек кітап берумен ғана шектелмейді. Мұнда «Web of Science», «Scopus», «Springer», «Elsevier» сияқты базалармен жұмыс істей алатын мамандар бар. Олар зерттеушілерге ғылыми жарияланымдарды іздеуден бастап, h-индекс пен авторлық профиль құруға дейін көмек көрсетеді.
Білім мен ғылымнан бөлек, университеттің үшінші миссиясы – қоғаммен байланыс. Осы бағытта кітапхана түрлі форматтағы кездесулер ұйымдастырады. Бұл – университетті тек оқу орны емес, мәдени-рухани орталық ретінде танытады. Бұдан бөлек, кітапханада ағылшын тілін үйренуге арналған арнайы орта қалыптасқан. Мұнда тек кітап оқып қоймай, түрлі тақырыптағы кездесу-клубтарға қатысып, тәжірибе жинауға болады.
Кітапхана – тек ғимарат емес, оның жүрегі – кітапханашы. Бұл мамандықты пайда көзі үшін емес, шын ниетпен, жүрек қалауымен ғана таңдайды. Көптеген қызметкер осы жерде еңбек жолын бастап, зейнетке де осы мекемеден шыққан. Расымен, мұндай тұрақтылық пен адалдық – нағыз кәсіби жанкештілік.
Еуразия ұлттық университетінің ғылыми кітапханасы – ғылым мен мәдениеттің, тарих пен технологияның тоғысқан орны. Мұнда әр оқырман өзін ізденуші, зерттеуші, ойланушы ретінде сезінеді. Сондықтан оның әсері бірден байқалмауы мүмкін, бірақ кітап пен кітапхана ортасы адамды жан-жақты өсіреді.