
Сурет: facebook.com/nabrk.kz
Әкім ағамен кино саласында көп жыл бойы әріптес болдық. Аға басшы, біз қосшы ретінде қызмет атқарыстық. Алдын көрдік. Кісілігін таныдық. Кем соққанын көргеніміз жоқ.
Әдебиет майданында да жазушы Әкім Таразидің талантына тым ертеден тәнті болдық. Оның әдебиеттегі тұңғыш кітабы «Құйрықты жұлдызға» рецензия жаздық. Әдебиет атты алып айдынға ешкімге ұқсамайтын ерек мәнерлі, өз дүниетанымы бар үлкен жазушының келгенін паш еттік. Олқы түскен жері болмады. Әр еңбегімен оқырман үмітін ақтады. Ел танымын, ұлт руханиятын жаңа көкжиектер мен кеңістіктерге жетеледі. Көп ұзамай өмірге сан салалы, салмақты, тек Тарази ғана жаза алатын, тек Тарази болмысынан туған роман «Тасжарған» келді. Затын аты әйгілеп тұр.
Осы кітап қолға тиісімен қалт етпей қадалып оқығаным есте. Өйткені Әкім көрген кеңестік шындық романда соцреализм талабына сыймайтын тарпаң шындық болып шыққан екен. Тарази таланты кеңестік шындыққа деген осынау сыншыл қаламгер қалыбынан таймады. Сахна үшін жазса да. Экран үшін жазса да. Халқын қалтқысыз сүйді.
Қаламгердің қазақ үшін күресі, әсіресе «Андрей» атты деректі очеркінде, тіптен ашық атойлап көрінді. Күрескерлік тұлғасы ту көтерді. Өлмес мұраттарды биік ұстап өтті.
Тарази тұлға 92 жыл соққан жүрегімен ұлтқа қызмет етудің ерен үлгісін көрсетті. Әдемі, абыройлы қартайды. Алла панасына алсын. О дүниеде жүзі жарқын болары хақ.
Рухы Алла алдында шат болып, тұрағы пейіш бақтан бұйырсын!
Смағұл ЕЛУБАЙ,
Қазақстанның халық жазушысы