Қоғам • 23 Сәуір, 2025

Абай Эндаумент қоры - ұлтымыздың болашағына жасалған инвестиция

270 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Абай атындағы ҚазҰПУ - отандық педагогикалық білім мен ғылымның бастауында тұрған еліміздің тұңғыш жоғары оқу орны. Университет өзінің ғасырға жуық тарихында мыңдаған мұғалімдер мен ғылыми-педагогикалық кадрлар даярлап, Қазақстанның зияткерлік әлеуетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарып келеді. Білім ордамыз бүгінде сапалы білім мен саналы тәрбиені ұштастырып, еліміздегі жоғары білім беру жүйесінің көшін бастаған «Ұстаздар ұстаханасына» айналды.

Абай Эндаумент қоры - ұлтымыздың болашағына жасалған инвестиция

Қазіргі жаһандану мен бәсекелестік жағдайында университеттер заман талабына сай өзгерістер мен жаңашылдыққа икемді болуы тиіс.

Қазақстан Республикасының Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауында: «Жоғары оқу орындары жанындағы эндаумент-қорлар білім беру экожүйесін дамытудың негізгі буынына айналуға тиіс. Мақсатты капиталдың мұндай қорлары әлемдегі озық университеттерде ғылымды және инновацияны қаржыландырудың өзегі саналады», деп атап өтті.

Осы мақсатта үздік дәстүрлерді жалғастыра отырып, білім беруді одан әрі дамыту үшін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жанынан «Abai Endowment Fund» Корпоративтік қоры құрылды.

Абай эндаумент қоры - университеттің ұзақ мерзімді стратегиялық дамуының бағдары. Қор арқылы біз білім беру және ғылыми жобаларды іске асыру үшін тұрақты қаржылық қолдауға ие боламыз.

«Abai Endowment Fund» Корпоративтік қорының мақсаты - ҚазҰПУ - да инновациялық ғылым мен білім берудің жаңа қырларын дамытуға ықпал ету, университеттік білімнің маңыздылығын қоғамға кеңінен насихаттау және ғалымдарды қолдау. Қор қызметі аясында университет аумағын абаттандыру, кітапхана қорын толықтыру, университет инфрақұрылымын дамыту, студенттерге атаулы гранттар мен шәкіртақылар тағайындау, қайырымдылық шараларға атсалысу, сондай-ақ білім алушыларға материалдық қолдау көрсету жұмыстары жүзеге асырылады.

Абай Эндаумент қорының іске қосылуы бұл қазақстандық жоғары білім беру жүйесі үшін маңызды оқиға. Абай Университеті әлемнің үздік тәжірибелеріне сүйене отырып, Қазақстанда ғылым мен білім беруді қаржылық қолдаудың жаңа мәдениетін қалыптастырады.

Құрметті Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің түлектері, ұстаздары мен студенттері! Қадірлі іскер серіктестер!

Сіздерді ғасырлық тарихы бар, еліміздің тұңғыш жоғары оқу орны - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Абай Эндаумент қорын қолдауға шақырамын!

Сіздің үлесіңіз - бұл жай ғана көмек емес, бұл біздің alma mater-дің болашағына инвестиция.

Дәл осы қолдауларыңыз - білім сапасын жақсартуға, ғылыми зерттеулерді дамытуға, студенттер мен оқытушылар үшін мүмкіндіктер жасауға, сондай-ақ Абай университетінің халықаралық аренадағы беделін нығайтуға мүмкіндік береді.

Абай Эндаумент қорын қолдау - ұлтымыздың жарқын болашағына инвестиция жасау!

Жанатбек ІШПЕКБАЕВ 

«Абай атындағы Қазақ ұлттық

педагогикалық университеті»КеАҚ

Ректор Аппаратының баcшысы,

Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты

саяси ғылымдарының кандидаты,  профессор