
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының бір бағыты «Жасыл аймақ» іс-шарасының мақсаты – қоршаған орта мен тұрғындар үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету, азаматтық жауапкершілікті арттыру, экологиялық сана мен экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Кеген орман шаруашылығы мемлекеттік мекемесі Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2024 жылдан бастап осы акцияға белсене қатысып келеді.
«Бүгін Кеген орман шаруашылығы мемлекеттік мекемесінің Жалаңаш орманшылығында осы өңірге бейімделген орманшылар, мектеп оқушылары, колледж студенттері, ауыл тұрғындарының қатысуымен шренк шыршасы мен боз арша егілді. Тек отырғызып қана қоймай, біз ары қарай да күтіп, баптау жұмыстарын жүргіземіз», дейді Алматы облысы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қанат Нүсіпбаев.
«Кеген орман шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен Жалаңаш орман шаруашылығында Шренк шыршасының 10 мың көшеті, 1000 дана қарағай, 200 дана боз арша ағашының көшеті егілді.
«Таза Қазақстан» акциясы біздің мекеменің жұмыс бағытымен үндес. Сондықтан алғашқы күннен бастап, халық арасындағы экологиялық мәдениеттің деңгейін арттыру, азаматтарды қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне белсенді тарту бағытындағы жұмыстарға атсалысып келеміз. Бұған дейін Жалаңаш ауылындағы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бойынша С.Бейсембетұлы атындағы мектеп оқушыларының қатысуымен тұқымдарды контейнерлерге отырғызу арқылы көшет өсіру шарасы өткізіліп, «Табиғатты аялау - болашаққа жасаған қамқорлық» атты тақырыппен құстар ұясы ілінді. Көгалдандыру плантациясына 10 000 Шренк шыршасының көшеті, 1000 қарағай, 200 боз арша отырғызылды. Алдағы уақытта «Бұлақ көрсең көзін аш», «Тұқым жинау», «Тұқымды себу, өсіру» акциялары жүзеге аспақ. Сонымен қатар Жалаңаш ауылындағы тұқымбақта өсіріліп жатқан екпе көшеттерді күтіп баптау акцияларын өткіземіз деген жоспарымыз бар», дейді «Кеген орман шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Айболат Солтанғазиев.
Мекеме директорының айтуынша Жалаңаш ауылындағы тұқымбақ ағаш тұқымдарын дайындау, өсіру бағытында жұмыс істейтін еліміздегі ең ірі тұқымбақтардың бірі. Мұнда өсірілген ағаш көшеттері бүгінде аудан, облыс көлеміндегі сұранысты қамтамасыз етіп отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 кыркүйектегі Жолдауында айтылған мемлекеттік орман қорына 2 миллиард ағаш отырғызу тапсырмасын орындау мақсатында мекеменің базалық және уақытша тұқымбағынан Бақанас, Нарынқол, Кеген аудандарына отырғызу үшін 325,5 мың Шренк шыршасының 4 жылдық екпе көшеттері берілген.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы, жалпыхалықтық ағаш егу күніне аудан, облыс көлеміне 1000 түп тоң топырағымен әр түрлі топтағы ағашпен қамтамасыз еткен. Бұл ағаштардың басым бөлігі бүгін Кеген ауданында өткен «Бүкілқазақстандық ағаш егу күні» акциясында егілді.
Кеген орман шаруашылығы мемлекеттік мекемесі 2025 жылы орманды молықтыру бойынша таулы аймаққа 20 гектар жерге 80,0 мың дана, 22 га жерге толықтыру жұмыстарына 25,0 мың дана Шренк шыршасының көшетін отырғызуды жоспарлап отыр. Көгалдандыру плантациясына 3,0 га жерге 30,0 мың дана Шренк шыршасының көшеттері отырғызылып, 0,6 га жерге тұқымы себілмекші. Қазіргі кезде 3,0 гектар жерде 2 млн 970 мың 600 екпе көшеттері күтіп бапталуда.