
Фото: bbc.com
Оның айтуынша, бұл әділетсіз болғанымен, бейбітшілікті сақтау үшін уақытша шешім ретінде қарастырылуы ықтимал.
«Аймақтан айырылу – ауыр. Бұл әділетті де емес. Бірақ бейбітшілік үшін, уақытша тыныштық үшін бұл орындалуы мүмкін жоспар», деді Кличко журналистер сауалына жауап бере отырып.
Алайда 53 жастағы саясаткер, әлемге аты мәлім бұрынғы бокстан әлем чемпионы, украин халқы Ресейдің оккупациясын ешқашан мойындамайтынын қатаң түрде мәлім етті.
Оның бұл мәлімдемесі Киевке жасалған зымыран және дрон шабуылдарынан кейін, 12 адамның қаза тауып, 80-нен астам тұрғынның жарақат алғанынан кейін айтылды. Бұл – соңғы айлардағы ең жойқын шабуылдардың бірі ретінде тіркеліп отыр.
2022 жылы Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин Украинаға қарсы кең ауқымды соғыс бастады. Қазіргі таңда Мәскеу Украинаның шамамен 20 пайыз аумағын бақылауда ұстап отыр.
Кличко – ел басшылығының жоғарғы деңгейіндегі тұлғаларының бірі ретінде Украинаның аумақтық тұтастығына қатысты осындай мәлімдеме жасаған алғашқы саясаткерлердің бірі. Ол мұндай шешім уақытша сипатта ғана болуы мүмкін екенін атап өтті.
Айта кетейік, Виталий Кличко мен президент Владимир Зеленскийдің арасында саяси көзқарас қайшылығы бұрыннан белгілі. Әкім президент командасын өз өкілеттігін шектеуге тырысып отыр деп бірнеше рет сынға алған.
BBC Radio 4 арнасының «Today» бағдарламасына берген сұхбатында ол президент Зеленский бейбіт өмірге қол жеткізу үшін «ауыр, бірақ қажет шешімге» баруы керек екенін айтқан болатын.
Сондай-ақ ақпан айында Ақ үйде болған Зеленский мен Дональд Трамп арасындағы ашық келіспеушілікке тоқталған Кличко, мұндай мәселелер камера алдында емес, жабық жағдайда шешілуі қажет екенін меңзеді.
Айта кетейік, апта басында бұрынғы АҚШ президенті Дональд Трамп Зеленскийді бейбіт келіссөздерге кедергі келтіріп отыр деп айыптаған еді. Басты себеп – Украина басшысының Қырымды Ресей аумағы ретінде мойындаудан бас тартуы. Қырым – 2014 жылы Мәскеу тарапынан аннексияланған аймақ.
Қазір Украина халқының пікірі де екіге жарылып отыр. Ресейдің тоқтаусыз шабуылынан зәрезап болған жергілікті халықтың бір бөлігі Зеленскийдің саясатын қолдайтынын жеткізсе, бір қатары елдегі барлық дүрбелең Зеленскийдің саясаткер ретінде біліксіздігінің кесірінен екенін айтып жатыр.