Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Әсет Масабаевтың айтуынша, тұрақты газбен жабдықтау – ауылдың әлеуметтік-экономикасына оң серпін береді.
«Газдың пайда болуы шағын бизнесті дамытуға, өндіріс ашуға, инвестиция тартуға мүмкіндік туғызады. Бұл тұрақты өсу мен жұмыспен қамтуға бағытталған қадам. Газ Қазыбек бек ауылынан бөлек, тағы да бес ауылды қамтиды», - деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.
Газ құбырларын жүргізу жұмыстары 2023 жылдың желтоқсанында басталып, былтырғы жылдың соңында аяқталды. Негізінен кесте бойынша құрылысқа 26 ай берілген болатын. Жұмыс жоспарланған уақыттан да ерте аяқталды. Жобаның жалпы құны – 4,2 млрд теңгені құрады.
Жергілікті тұрғындар жобаның жүзеге асатынына ұзақ уақыт сенбегендерін жасырмады. Себебі, ауылда бұл құбырлар 2011 жылдан бері жатқан екен, ал оны іске қосу үнемі кейінге қалдырылып келіпті.
«Бұдан былай біздің үйіміз жылы әрі таза болады. Енді көмір жағып, отын жарып, пеш тазалап жүрмейміз. Бұрынғыдан қарағанда қолайлы жағдай жасалды», – дейді қуанышымен бөліскен көпбалалы ана Әлия Тұрсынова.
Қазыбек бектің тарихы – өңірді газдандырудың ауқымды бағдарламасындағы бір ғана мысал. Қазіргі уақытта, өңірлік сызба аясында 157 елді мекен көгілдір отынға қосылып, 1,2 млн адамды қамтыды. Бұл облыстың жалпы халқының 77%-ын құрайды.
Өткен жылы 17 ауыл газбен қамтылды. Ал осы жылдың соңына дейін газдандыру деңгейін 59,5%-ға (169 елді мекен) дейін жеткізу жоспарланып отыр. Биыл жаңа жобаларды іске асыруға 6,7 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылды. Тағы 1,4 млрд теңгесі жобалық-сметалық құжаттаманы дайындауға бағытталды.
Жұмыстар Қонаев, Балқаш, Жамбыл және Іле аудандарында жүргізіліп жатыр. Билік жобаның нақты қажеттіліктер мен тұрақты даму қағидаттарын ескере отырып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын атап айтты.
Өңірді газдандыру 2030 жылға дейін толық аяқталады деп жоспарланып отыр. Бұл тұрмыстық жағдайларды жақсартуға ғана емес, сонымен қатар экологияға жүктемені азайтуға, экономикалық өсуге және ауылдық жерлерге инвестициялар тартуға жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Алматы облысы.