
Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Атаулы күнгі айрықша шара
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық кітап күнін енгізген ІІІ Ұлттық құрылтайдың отырысында «Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Кейінгі жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр. Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бейжай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек», деген еді. Кітаптың қолжетімді болуына халықаралық деңгейдегі кітап көрмелерінің әсер етері сөзсіз.
Мәдени мерекеге айналған ауқымды іс-шара «Фолиант» баспасының ұйымдастыруымен осымен сегізінші рет өткізіліп отыр. Жәрмеңкеге қатысу үшін Қазақстан, Қытай, Ресей, Түркия, Иран, Испания, Португалия, Өзбекстан елдерінен баспа, кітап сату, танымдық-ғылыми білім беру және полиграфиялық өнімдерін ұсынатын 70-ке жуық компания өтінім берген.
Кітап оқуды насихаттау, оқу мәдениетін қалыптастыру, әлеуетті оқырман мен сатып алушыларға жетекші баспалардың кітап өнімдерінің заманауи үздік ассортиментін, кітап шығару мен полиграфия саласындағы жаңа технологияларды ұсыну, дүниежүзілік кітап басып шығару мен полиграфия индустриясының тәжірибесін зерделеуді, сондай-ақ баспа саласындағы жетістіктерді көрсетуді мақсат еткен ауқымды көрме барысында түрлі іс-шара ұйымдастырылды. Ересектерге де, балаларға да бірдей қызықты болатын бес күндік бағдарлама мәдени және іскерлік тақырыптардан тұрады. Атап айтсақ, отандық және шетелдік жетекші баспалардың балалар, көркем оқу және ғылыми-көпшілік әдебиетінің жаңалықтарының тұсаукесері, белгілі жазушылар мен ақындармен қолтаңба сессиялары, кітап шығарудың өзекті мәселелері талқыланатын дөңгелек үстелдер өтті. Балалар алаңында кітап оқулары, тасқа сурет салу, кітаптарға бетбелгі жасау және басқа да шеберлік сабақтары жүргізіліп жатты.
Авторлар сөйлейді
«Eurasian Book Fair» аясында Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің директоры, филология ғылымдарының кандидаты Райхан Имаханбеттің «Ахмет. Алаш ардақтысы» атты кітабы таныстырылды. «Алматыкітап» баспасынан жарық көрген еңбек ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының өмір жолын, тарихи миссиясын, Алаш идеясын тереңнен толғайды. «Менің Қазақстаным» сериясымен жарық көрген туындыда Ахмет Байтұрсынұлының көптеген шығармасының орыс тіліндегі аудармалары алғаш рет ұсынылып отыр. Сондай-ақ тұлғаның өмірі, қызметі, Ұлт ұстазы келбетіндегі азаматтығы мен ұлтсүйгіштігі туралы шынайы естеліктер берілген.
«Ұлт ұстазының 150 жылдығы қарсаңында осы кітапты шығаруды жоспарлап едім. Бірақ араға бірнеше жыл салып сәті биыл түсіп отыр екен. Үнемі үш ағартушы айтылады: Абай, Шоқан, Ыбырай. Арасында Ахмет қалған сайын жүрегіміз ауырып отырды. Ағартушылықты ұлттық болмыста жасаған тұлғалардың дүниесі бір бөлек те, Ахмет бір бөлек деп айтқандар бар екен. Ешкімге ұқсамайтын кемеңгер, ешкімге ұқсамайтын есіл ер. Тәуелсіздік алғаннан кейін де Ахмет Байтұрсынұлына қатысты жекелеген еңбектердің шығуының жолы ауыр болатын. Соған қарамастан Алматы қаласындағы музей-үйі де мемлекетке өтіп, барлығы қаз-қатар келді. Демек, Алаш арыстарының есімі оралғаннан бөлек, жасаған мұратының тіріліп, бізбен бірге жасауына қызмет етуіміз керек», дейді Райхан Имаханбет.
Кітап көрмесінде қазақ тілінде жарық көрген түрік жазушысы Нихаль Атсыздың «Көкбөрілер» тарихи романы көпшілікке ұсынылды. Әйгілі шығарманы тәржімалаған – Досым Зікірия. Тұсаукесер барысында тарихшы-аудармашы түрік авторының шығармашылығы туралы баяндап, романның құрылымдық мазмұнына, кейіпкерлер галереясына тоқталды. Бұдан бөлек көрме аясында Сұлтан Раевтың «Жанжаза», Сауытбек Абдрахмановтың «Корифей», Есенғали Садырбаевтың «Отырар көпесі» (аударған – Өтен Ахмет), Мерей Қарттың «Аспанға құлау», басқа да заманауи авторлардың кітаптары ресми таныстырылды.
Көрменің ендігі бір бұрышында балалар Баянғали Әлімжановтың «Мейірімді Асқар» ертегісін өзара қызу талқылап жатты. Қос тілде жарық көрген ертегіде автор кейіпкері сиқырлы мекенге саяхаттап, Алтын балықпен, барон Мюнхаузенмен, Шойын солдатпен және Таусоғар сынды кейіпкерлермен кездеседі. Жазушының айтуынша, ертегі – жас оқырманның бойына әділеттілік сезімін ұялататын, мейірімге, достыққа тәрбиелейтін рухани құрал.
«Бүгінде баспаларымыз отандық қана емес, әлемдік классиканы оқырманға қолжетімді ету бағытында белсенді жұмыс істеп жатыр. Бізге шетелдік әріптестеріміз де көмектесіп отыр, олардың кітап өнімдері көрмеде кеңінен таныстырылды. Қонақтар қазақстандық, ресейлік, қытайлық, испан, түрік, португал жазушыларының шығармаларымен танысып, авторлар һәм аудармашылармен жүздесті. Көрменің қазіргі қазақ әдебиетін насихаттаудағы үлесі зор болды. Әсіресе балалар әдебиетіне деген қызығушылық ерекше. Бұл – жас ұрпақтың кітапқа деген құрметпен өсіп, оқуға деген жоғары мәдениетке ие боларына сендіреді», деді «Фолиант» баспасының директоры Жеңіс Қазанғапов.
Иран баспасынан базарлық
Сондай-ақ кітап жәрмеңкесі аясында Иран әдебиетінің әлемге танылған көрнекті өкілдері Омар Хайям мен Фирдоусиді ұлықтау және Иранның баспа ісіне шолу мақсатында келелі кездесу өтті.
Алқалы жиынға Иран Ислам Республикасының еліміздегі Төтенше және өкілетті елшісі Али Акбар Джоукар, Иран ислам Республикасының Қазақстандағы елшілігінің мәдени істер жөніндегі кеңесшісі Али Акбар Талеби Матин, Иранның каллиграфия саласының үздігі, әлемдік каллиграфия шеберлері сайысы, ирандық және шетелдік хұснихат сайыстарының бірнеше дүркін жеңімпазы, көркем жазу кітаптарының авторы Хамид Нируманд, Тегеран қаласындағы «Джангал» халықаралық баспа кешенінің бас директоры Моджтаба Саджад қатысып, сөз сөйледі.
Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Али Акбар Джоукар екі ел арасындағы мәдени байланыстардың тарихи тамыры тереңде екенін атап өтті.
«Әр саладағы түрлі экономикалық көрмелерге жиі қатысып жатамыз. Десек те кітап көрмесінің өзіндік кеңістігі бар. Рубаяттарды каллиграфиямен жазып алып келген Нируманд мырзаға ерекше рахмет айтамын. Бұл қолжазбаның тұсаукесерін басқа елде емес, дәл осы Астана төрінде өткізіп отырғанымыз да бір қуаныш. Екі елдің тарихи-мәдени байланысы тәуелсіздік жылдарынан емес, сонау мыңдаған жыл бұрын бастау алған. Екі халықтың тілінде де, мәдениеті мен өнерінде де, тарихында да ұқсастық көп. Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесін Иран жұртшылығы да кең көлемде атап өтеді», деді Елші.
Иранның каллиграфия саласының үздігі Хамид Нируманд Омар Хайямның рубаяттарын екі жыл бойы бар шеберлігін салып каллиграфиялық жазумен жазып шыққан. Құнды қолжазбаны таныстыруға елімізге арнайы алып келіп отыр.
«Бұл рубаилардың саны шамамен 140 қыта. Қайталанбас рухани тереңдігі мен көпшіліктің Омар Хайям шығармашылығына деген зор қызығушылығын ескере отырып, осы рубаиларды екі жыл бойы ней қаламмен, насталиқ жазуымен жазып шықтым. Бүгін, Жаратушының қалауымен, осы қолжазбаның тұсаукесеріне куә болып отырмыз. Иран елшілігіне және елшілік жанындағы мәдени өкілдікке осы рәсімді ұйымдастырғаны үшін алғысымды білдіремін. Сондай-ақ осы жинаққа алғысөз жазып, еңбегімізге рухани қолдау көрсеткен құрметті ғалым, доктор Мир Жалалуддин Казазиге ризашылығымды білдіремін», деді Хамид Нируманд.
Сондай-ақ «Джангал» баспа кешенінің бас директоры Моджтаба Саджад аталған өндірістегі жетістіктерімен бөлісті.
Бүгінде Иранда кітап шығару ісі қарқынды дамыған. Иран Ислам революциясы жеңісінен кейінгі қырық жыл бойы шамамен бір миллион жеті жүз мың кітап жазылып, басылып шықты. Қазіргі таңда 5 мыңнан астам баспагер мен 27 мыңнан астам автор осы салада қызмет етіп жүр. Иранның баспа ісінің жетілдірілген инфрақұрылымы мен толығымен жабдықталған баспаханалары жылына 110 мың кітап басып шығарады.
Сондай-ақ көрме аясында дәстүрлі түрде «Жылдың үздік кітабы» байқауы қорытындыланып, «Жыл кітабы», «Үздік дебют», «Үздік көркем әдебиет», «Нон-фикшн жанрындағы үздік кітап», «ТҮРКСОЙ»-дың Гран-при аталымдары бойынша жеңімпаздар анықталып, марапатталды.