
Сурет: classicalmusicnews.ru
Форумға қатысушыларды облыстық мәдениет басқармасының басшысы Құралбек Атамұратов құттықтап, Тобыл өңірінде осымен сегізінші рет өтіп жатқан дәстүрлі музыка мерекесі халықтар арасындағы достық пен мәдени байланысты бекемдей түсетінін айтты.
«Биыл форум халқымыздың біртуар композиторы, ұлт мақтанышы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына, сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ел тәуелсіздігінің бастапқы кезеңдерінде Қостанайда тұңғыш рет қазақ оркестрін құрған, өңір мәдениетінің дамуына өлшеусіз еңбек сіңірген марқұм Назымбек Молдахметовтің 55 жылдығына арналып отыр. Мұндай іс-шаралар жергілікті оркестрлер мен жас дирижерлердің халықаралық деңгейде өнер көрсетуіне де мүмкін-дік береді», деді Қ.Атамұратов.
Оркестрлер шеруі аясында Өзбекстанның халық әртісі Фарух Садықов, опера әншісі Рустам Алимарданов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жалғасбек Бегендік, Владимир Кочнев сынды дирижерлер сахнаға шығып өнер көрсетті. Фарух Садықовтың айтуынша, мұндай форумдар халықаралық үлкен сахналардан көрініп жүрген белгілі дирижерлер мен облыс деңгейіндегі оркестрлерді басқаратын жергілікті дирижерлердің басын қосып, өзара тәжірибе алмасуға, шеберлік шыңдауға мүмкіндік береді.
«Мен осы жоба басталғалы бауырлас қазақ халқының ұлттық музыкасына деген шексіз құрмет-ықыласымды арқалап Қостанайға жыл сайын келіп тұрамын. Өте жоғары деңгейде өтіп жатқан бүгінгі іс-шара әлемге әйгілі туындыларды, қазақтың классикалық музыкасын насихаттап, дәріптеумен қатар, оркестрлердің репертуарын байытады. Түптеп келгенде, ел мен елді бауырластырып, ынтымақ-бірлігімізді нығайтады», дейді Өзбекстанның халық әртісі.
ҚОСТАНАЙ