Аймақтар • Кеше

Рудныйда ел рухын асқақтатқан экспозициялық кешен ашылды

50 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Отан қорғаушылар күні мен жеңістің 80 жылдығына орай, Рудный қаласының орталық алаңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері бейнеленген экспозициялық кешен ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Рудныйда ел рухын асқақтатқан экспозициялық кешен ашылды

Жаңа нысан биіктігі 3 метр, ені екі метр болатын екі үлкен гранит тақтадан, екеуінің ортасынан орын алған 20 метрлік ту тұғырдан тұрады. бірінші гранит тақтада еліміздің Мемлекеттік Гербі бейнеленіп, оның қысқаша сипатамасы берілген. Екінші тақтаға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны қашалып жазылған. Ал ортадағы биік ту тұғырда анадайдан көз тартып Мемлекеттік туымых желбіреп тұр.  

Кешен түнгі уақытта да жарықтың күшімен жарқырап анық көрініп тұрады. Алдағы уақытта мемлекеттік маңызы бар салтанатты іс-шаралардың дені осы алаңда өтетін болады.

Салтанатты іс-шараға ардагерлер, қаланыңқұрметті азаматтары, алғашқы құрылысшылар, еңбек майталмандары, мемлекеттік қызметшілер, жастар ұйымдары мен қала тұрғындары қатысты.

«Бұл кешен – елге, Туға, тарихымызға деген тағзымның белгісі. Мұндай нысандар жастарды елжандылыққа тәрбиелеп, тарихи жадыны жаңғыртады. Бұл – бабалар аманатына адалдықтың белгісі», дейді қала тұрғыны Жаңбыршы Тілеуғабылов.

Мерекелік жиында қала әкімі Виктор Ионенкокөпшілікке құттықтау сөз арнап, жаңа нысанның мән-маңызы жөнінде ой қозғады.

«Мемлекеттік рәміздер біздің елдігіміздің басты белгісі екенін білесіздер. Тәуелсіз Қазақстанның тұтастығын білдіретін қасиетті нышандар. Бүгінгі экспозиция – елдік сана мен ұлттық бірегейлікті нығайтатын ерекше алаң. Бұл тек архитектуралық нысан емес, бұл – халқымыздың жүрегінде терең орныққан тәуелсіздік рухының айғағы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Бәсекеге қабілетті ұлт болу үшін біз ең алдымен рухани тұтастығымызды сақтауымыз қажет» деп айтқан еді. Біздің міндетіміз – жастарымыздың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті қалыптастыру. Бүгінгі ұрпақ – ертеңгі Тәуелсіз Қазақстанның тірегі. Сондықтан біз оларды ұлттық құндылықтармен сусындатып, тарих пен ерліктің қадірін білуге тәрбиелеуіміз керек», деді қала әкімі.

Іс-шара барысында бірқатар азаматтарға «Рудный қаласының Құрметті азаматы» төсбелгісітабыс етілді. Орталық алаңға жиналған жұрт мерекелік жиын аяқталған соң, үлкен экраннан Астанада өтіп жатқан Жеңістің 80 жылдығына және Отан қорғаушылар күніне арналған әскери парадтың тікелей көрсетілімін тамашалады.