
Фото: Энергетика министрлігі
Вице-министр жұмыс барысында құрылыс-монтаж кезеңдерімен жан-жақты танысып, мердігер ұйым өкілдерімен кеңес өткізді. Кеңес барысында жобаның іске асырылу кестесі, материалдық-техникалық қамтамасыз ету, логистикалық ұйымдастыру, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл мәселелері жан-жақты қарастырылды.
«Бейнеу–Бозой–Шымкент» газ құбырының екінші желісінің іске қосылуы – Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Бұл – отын-энергетика кешенінің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін мемлекеттік саясаттың басым бағыты», деді Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов.
Жоба екі кезеңде жүзеге асырылады. Оның нәтижесінде магистральдық газ құбырының жалпы өткізу қабілеті жылына 15 миллиард текше метрге дейін ұлғаяды. Бұл еліміздің оңтүстік, орталық және солтүстік аймақтарын тұрақты әрі сенімді газбен қамтуға мүмкіндік бермек.
Айта кету керек, аталған жоба Қазақстан Үкіметі мен Қатар Мемлекеті Үкіметі арасындағы келісім аясында жүзеге асырылады. Құрылысқа катарлық инвестор тартылып отыр. Қазақстан тарапы, соның ішінде QazaqGaz ұлттық компаниясы арқылы шетелдік серіктеске жобаны ойдағыдай іске асыру үшін барлық қажетті жағдайды жасап отыр.